Теңдікті теңестіру мүмкін бе?
qarmaqshy-tany.kz Мәдениет пен дәстүрге бай қазақ халқы – табиғаты әсірешіл, өзгеден көргенін өнеге тұтып, соны үйреніп алуға бейім тұратын ұлт. Рас, өзімізді қаралағымыз келмейді. Өзге жұрттың қолданысындағы әрекеттердің жақсы-жамандығына қарамастан бойына сіңіріп алатын қасиеті талайды қынжылтады. Елімізде соңғы жылдары батыстық үлгіде талай дүние бой көрсетіп, зардабын көре тұра басымызды аулақ сала алмай жүрген жайымыз бар. Соның бірі – теңдікті теңестіру.
Бүгінде мемлекеттік деңгейде гендерлік саясатпен айналысып, әйелдің орнын «бесік пен ошақ қасынан» билікке қарай ауыстыруымыз соның дәлелі. Нәзікжандыларды еркектермен иық тірестіре қатар тұрғызып, батыстың ауруына шалдықтық. Алайда, батыс мұның зардабын көруде. Бала саны күрт азайып, туу көрсеткіші өлім көрсеткішінен төмен болса да, қазақ мұнан сабақ алып жатқаны шамалы. Ғалымдар Европа мен Америкадағы гендерлік саясаттың әсерін демографиялық өсімнің жоқтығымен байланыстырады. Ендеше батысқа бәле болып жабысқан феминизмнен Қазақстанға қандай пайда келмек? Өзгенің ауруын көре тұра, қазақ елі неге гендерлік саясатты жүзеге асыруда алдына жан салмайды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Феминизм, гендерлік саясат деген ұғымдар ХVІІІ ғасырда кәріқұрлық Европада дүниеге келді. Алғашында әйел теңдігі Солтүстік Америкада 1775-83 жылдары тәуелсіздік соғысында көтерілген. Феминистер ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында еркектермен қатар еңбек ету, білім алу, тек еркектер ғана пайдаланатын саяси құқықтарға қол жеткізуді көздеді. Әлемде осылайша әйелдер ұйымдары дүниеге келді. 1888 жылы Халықаралық әйелдер кеңесі, 1904 жылы Әйелдердің сайлау құқығы жолындағы халықаралық одақ құрылды. Ал, 1967 жылы БҰҰ Ассамблеясында әйелдерді кемсітушілікті жою декларациясы қабылданды. Осылайша феминизм, гендерлік саясат құбылысы барлық әлемде етек ала бастады.
Әйел теңдігі мәселесі қанша жерден көтерілгенімен, шындап келгенде, жаратылыс тұрғысында еркек пен нәзікжандылар тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттермен ерекшеленеді. Құдай әйелді еркектің қабырғасынан бөліп алып, өздеріне тән қасиеттер дарытты. Қазақ еркекті де, әйелді де жарты деп танып, «екі жарты – бір бүтін» дегенімен, екеуі ешуақытта тең болмайды. Тең болуы үшін Алла жер бетінде не әйелдерді, не еркектерді өрбітер еді. Әйелді отбасындағы жүрек деп алатын болсақ, еркек – жанұяның миы, яғни ақылы болары анық. Қос мүше қызметін толық атқарғанда ғана дене сау болады. Әйелдің басты міндеті бала туу мен шаңырақтың шайқалмауын қамтамасыз ету болса, еркек – сыртқы шаруаны реттеуші. Бірақ, соңғы уақытта әйел мен еркек міндеттерін өз мәнінде атқармай келеді. АҚШ-тың белгілі саясаткері Патрик Дж. Бьюкенен «Батыстың ажалы» атты еңбегінде отбасының бұзылуы, жетім баланың көбеюі мен бала туудың азаюын гендерлік саясаттан көреді. Рас, қазақта Тоқсанбай, Сексенбайлардың өмірге келіп, он баланы дүниеге әкелген батыр аналар көп болған. Біз баламыздан жеріп, «аборт» жасатқанымыз жоқ. Жетімімізді жылатқанымыз жоқ. Алайда, гендерлік саясат арқылы осы құнды қасиеттерімізден жерідік.
Феминизмнің тууына әлемде жүріп жатқан процесстер себепкер. Алғашында адамзат баласы ауылшаруашылық құрылымымен өмір сүргенде, әйел үйде балаларының қасында, отағасы далада еңбек етті. Индустрияландыру саясаты келгенде, еркек зауытта, әйел фабрикада жұмыс жасап, бала үйде өзін-өзі «бағып-қақты». Постиндустриялық саясат жүзеге асқанда, әйел фабрикадан офиске ауысып, еркек зауытта қызметін жалғастырып, бала сол күйі теледидардың не жалдамалы бала бағушының қолында өсті. Әрине, осындай жағдайлардан соң ата-ана мейіріне шөліркеген бала басқаша қылықтарды бойына жинап өседі. Жанұя мүшелері осылайша отбасы қызметтерінен бас тартуда. Патрик Дж. Бьюкенен өз еңбегінде: «Отбасы құндылықтарының жойылуына еркектің, әйелдің жанұядан бас тартуы себеп. Европалықтардың жойылуы социализм мен феминизмде жатыр», – деп көрсеткен. Рас, бала теледидар мен жалдамалы бала бағушыдан ата-ана тәрбиесін қабылдамайды. Әрқайсысының өз қызметі бар. Теледидар уақыттың қызықты өтуіне қызмет жасаса, бала күтуші баланың аш болмауы мен жыламауын қамтамасыз етеді. Ал, ана ақша табу үшін офисте отырса, әке даладан нәпақасын тауып, баласын кешке көретін жағдайға жетті. Бір сөзбен айтқанда, феминизм баланы «анасыз» қалдырды. Гендерлік саясат ана мейіріміне тоймаған балаларды дүниеге әкелуде. Балалардың көргенін бойына сіңіріп алатын қасиеті барын бірі біліп, бірі білмейді. Жас баланы «губка» (жуынғанда пайдаланатын су сорғыштық қасиеті бар материал) деп алсақ, ата-ана мен жан-жағындағы жағдайды су сорғандай бойына сіңіреді. Ал, теледидардағы шетелдік атыс-шабыс киноларындағы кері кеткендік, бала күтушінің, ата-ананың жұмысбастылығы мен отбасына деген көзқарасын бойына сіңірген бала болашақта кім болып шығады?
Феминизм әу баста әйел теңдігі үшін күресті. Кейін келе «көп жалақы және ешқандай баласыз» деген ұранмен өңін өзгертті. Батыстың нәзікжандылары басты міндеті – өмірге бала әкелудің орнына карьера қууды мақсат етті. Нәтижесінде, Европа халықтары құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Күллі кәріқұрлықта бір ғана мемлекетте туу көрсеткіші өлім көрсеткішінен жоғары екен. Алманиядан өзге елдерде өлгендерден туғандар аз. Демек, феминизмнің зардабын Европа мен Америка көріп жатыр. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 2000 жылы 40 млн. аборт жасалған. Гендерлік саясаттың нәтижесінде Европа мен Американың қартайып, өліп бара жатқанын көре тұра, Қазақстан осы саясатты жүзеге асыруға құштар.
Әйелдің міндеті – дені сау, нағыз ұлттың азаматын тәрбиелеп, өсіру. Бірақ, әлем бойынша бір ғана мемлекетте осы міндетті жүзеге асыруға мүмкіншілік жасалған. Жапония билігі толыққанды жапон азаматын өсіру үшін ананы баласы он сегіз жасқа толғанша үйде отырғызып, соған орай жалақы төлеп отырады. Ал, елімізде ше? Гендерлік саясатты желеу етіп, өзгенің бойындағы қасиетті жанымызға жақын тұтқаннан басқаға барып жатқан жоқпыз.
Кезінде үйде отырып Абайды қазақтың бас ақыны еткен Зере мен Ұлжан ештеңеден кенде болған жоқ. Тарихта нағыз ана кейпінде есімі қалған осындай аналарымыз теңдік те сұраған жоқ. Құнанбайдың ығына жығылды. Өйткені қазақтың аналары ерлермен тең болды, тек өз орнын біліп, салиқалы күн кешті. Егер қазақ қоғамында әйелдер теңдігі болмаса, мына тарихта неліктен қанша қазақ аруларының аты сақталған? Тізіп берейік, Ұмай ана, Домалақ ана, Айша ана, Қамыр ана, Жылауық ана, Күнбике, Айбике, Бопай ханшайым... Тізе берейін бе?