» » Алаяқтың арбауына алданбайық!

Алаяқтың арбауына алданбайық!

qarmaqshy-tany.kz Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 130 мыңға жуық қазақстандық алаяқтарға алданып қалған. Бұл өз кезегінде арызданған азаматтардың саны ғана. Ал «қазақпыз ғой» немесе «ұят болар» деп қолын бір сермегені қаншама? Шынтуайтында алаяқтың арбауына түскендер ресми деректен бес есе көп екен. Сарапшылар не дейді? Статистика ше? Сараптап көрейік.
Әлгінде айтқан деректі бес есеге көбейтейік. Сонда 2010 жылдан бастап биылға дейін шамамен 650 мың азамат арбауға түскенін шамалаймыз. Олар 350 млрд теңгеден астам ақшасынан айырылған. Сонда оның әрқайсысы кем дегенде 500 мың теңгеге алданған болып отыр. Ал статистикада тіркелмейтін тағы бір мәселе бар. Ол – отбасының ойрандалуы. Әрине, алаяқтықтың соңы бір отбасын бұзса, ендігісі үлкен сомадан айырылып, қарызға батқанын біліп соған өмірін қияды. Бала жетім, әйел жесір не жалғызбасты әке осы қасіреттің зардабын тартады. Бұл ресми статистикаға енбесе де, әлгі сандардан-ақ кем дегенде жарты миллиондай отбасының зәбір көретінін бажайлай беріңіз.
КӨБЕЙМЕСЕ, АЗАЙМАУДА...
Әлеуметтік желілерден күнде бір оқиғаны көріп жағамызды ұстаймыз. Соның ішінде «алаяқтар алдап кетті, ақшамнан айырылып қалдым» дегендер желдей есуде. Ең қорқыныштысы да осы фактілердің жыл санап көбейгені. Мәселен, 2010 жылы 2 888 қылмыс тіркелсе, 2012 жылы – 8 930, 2015 жылы – 11 230, ал 2019 жылы 25 000 бір-ақ көтерілген.
Қазір өзі әлеуметтік желі деген алаяқтардың саудасын қыздыруда. Соңғы шыққан ломбардтар оқиғасы баршаға аян болар. Қызылды-жасылды, түрлі адам тартар жарнамаға алданып қалушылардың дені – WhatsApp-тағы қаржылық пирамиданың шырмауында әлі жүр. Бірде «14 300 теңге» хит болып еді. Басталған бұл ойынның ақыры көпті заң орындарына телміртіп жіберді. Ал бұл қаржы пирамидасы қылмыс санатындағы алаяқтықтың ішіне кіретінін ұмытпаған жөн.
2019 жылдың сегіз айында Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бо­йынша 14 қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігі 2017 жылы мұндай 63 іс, 2018 жылы 103 іс қозғалғанын айтады. ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің дерегіне сүйенсек, тек 2017-2019 жылдары қозғалған қылмыстық істер бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеден астам (2017 жылы 6,341 миллиард теңге, 2018 жылы 1,863 миллиард теңге, 2019 жылдың 8 айында 147,8 миллион теңге). 8,3 миллиард теңгенің тек 400 миллионы ғана азаматтарға қайтарылған.
Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігіне қарасты Финграмота ресурсын саралаған Nege.kz сайты алаяқтардың елде жиі қолданып жүрген әдістерін әшкерелепті. Соның бірнешеуін талдап көрелік.
ПИРАМИДА, ЖО-ЖОҚ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ
Бұл – елдегі адам алдаудың ең өтімді жолы. Соған кіргеннің туғаны мен туысы да, мемлекет те, заңгер де жан-жақтан ескерткенімен, алдануын қояр емес. Инвестициялық пирамида – бұл кіріс алу моделі, мұнда жаңадан тартылған қатысушылардан түскен ақшаны пирамиданың «ұшар басы» деп аталатын – жоғарыда тұрғандар алып отырады. Бірінен соң бірі кірген қатысушылар жиналып, қомақты соманың басы құралады. Осы кезде әлгі ұйымдастырушы қатысушылардан түскен ақшаны алады да жоқ болады. Сонымен қатар, көп деңгейлі пирамидалар да бар. Ол желі маркетингі іспеттес. Тіпті онда тауарлар кезігеді. Мәселен, сапасы төмен тауарлар көтеріңкі бағамен сатылады. Әрбір қатысушы, бұл ретте ұйымға кіру жарнасын төлейді. Нәтижесінде пирамида ұйымдастырушысы бірінші жағдайда, барлық ақшаны алып, жоғалып кетеді. Онсыз пирамида біраз уақытқа дейін жұмыс істей береді, бірақ одан кейін міндетті түрде шығынға батып, қатысушылары дымсыз қалады.
Экономикалық тергеу қызметінің хабарлауынша, биыл елде 37 қылмыстық іс қозғалып, заңды белден басқан 18 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Жалпы, Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес, Қазақстанда қаржы пирамидасының қызметіне тыйым салынғанын ескерген жөн.
ЛОМБАРД ПИРАМИДАСЫ ДА ОСАЛ ЕМЕС
Соңғы уақытта жұрт жарыса жазған ломбардтағы алаяқтық әлі де көпке сабақ болмай тұр. Ломбард пирамидасы тұтынушы тарту үшін алаяқтық және қаржы пирамидасы белгілері бар бағдарламалар жүргізеді. Мәселен, ломбард салымшыларға 480 процент мөлшерінде жылдық сыйақы береміз деп уәде етіп, салымшыларды тартады. Азаматтар өз кезегінде кепілге жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, кредиттер рәсімдеп, бар тапқан ақшасын ломбардқа салады. Ломбард қожайыны ақыр аяғында ізін суытады. Әншілер жарнама жасаймын деп алданып, оны көрген тыңдарманы да арбалған әдіс – осы. Соңғысы «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Gold», «Выгодный депозит» сияқты ұйымдар анықталып, қазір олармен құқық қорғау органдары айналыса бастады. Ломбардтардың алаяқтық схемаларынан 2 мыңнан аса азамат зардап шеккен.
ҒАЛАМТОРДАҒЫ ҚАҚПАН
Алаяқтардың ұясы – ғаламторда. Олар оны ұршықша үйіреді. Әрине, өз құрбанымен тікелей байланыспайды. Әлеуметтік желілерде қандай да бір тауардың сатылатыны туралы хабарландыру береді. Сатып алушыға заттың бағасы алдын ала 100 процент төленгеннен кейін ғана жеткізілетінін айтады. Аңқау клиенттер тауарды да, сатушыны да көрмей тұрып ақша аударады. Тауар да жоқ, ақша да жоқ болғанын түсінген кезде ақыр соңы полицияға барады, арызданады. Қазір Facebook әлеуметтік желісі осындай алаяқтардың жақсы мекеніне айналған. Олар қымсынбастан танымал адамдардың суретін қойып, ақша ұтып алудың оңай жолын көрсетеді. Жарнамасы сапасыз екені көрінсе де, өкініштісі әлі де соған алданып жүргендер бар. Ал ІМ Криминалдық полиция департаментінің мәліметінше, елдегі интернет-алаяқтық фактілері 8000-ға дейін көбейген. Үш жыл ішінде мұндай қылмыстардың 4000-нан 8000-ға дейін екі есе өсуі байқалыпты. Осыған орай, Ішкі істер органдары 1700 қылмысты ашқан, 400-ге жуық адам ұсталған.
АВТО-АЛАЯҚТЫҚ ТА АЯҚТАН ШАЛУДА
Мұндай алаяқтар арнайы сайттардағы көлік сату туралы хабарландыруларды іздейді. Әрі ортадан жоғары бағадағы машиналарды таңдауға тырысады. Телефонмен болатын әңгіменің сценарийі де да­йын. Сатып алушы хабарласып, көлікті сатып алуға дайын екенін айтады. Дегенмен, ол басқа қалада жүргендіктен, ақының бір бөлігін алдын ала жіберуді ұсынады. Сатушының банктік шот туралы деректерін алып алғаннан кейін, алаяқ телефон арқылы СМС-пен келген кодты айтуын сұрайды. Ол кодты біліп алса, сатушы азаматтың карточкадағы, банктегі бар ақшасы ұшты-күйлі жоғалады. Мұндай арбауға түскендер де аз емес.
ҮЙГЕ ҚАТЫСТЫ АЛАЯҚТЫҚ НЕМЕСЕ НЕСИЕГЕ КІРГІЗУ
Алаяқтар төмен бағамен кепілде тұрған пәтерді сатып алуды ұсынады. Банк алдындағы қарызды жабу үшін алдын ала төлем сұрайды. Алайда, алдын ала жасалған сатып алу-сату шарты сатып алушыға тұрғын үйді иеленуге кепілдік бермейтінін ескерген жөн. Тағы бір әдіс – пәтерді жалға алып, сол пәтерді сатып жіберу. Ондай жағдайлар да елде көптеп кездесті.
Жоғалған құжаттарды пайдаланып, өзгенің атынан несие алу әлі де бар. Алаяқтар «аңқау тұтынушы» жайында көп ақпарат жинаған сайын, оларға қарыз алу оңайырақ. Сондықтан, егер құжаттарыңыз жоғалған болса, шұғыл түрде ХҚКО-ға хабарласуыңыз керек. Онда сіздің жоғалған құжаттарыңыздың күшін жойып, тиісті анықтама береді. Сонымен бірге Ішкі істер органдарына құжаттардың жоғалғаны туралы өтінішті бере отырып хабарласыңыз, онда сізге өтініштің берілген уақыты мен күні көрсетілген ресми анықтама беріледі. Осылайша, болашақта сіз қарыз алмағаныңызды дәлелдей аласыз.
ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖҮРСЕҢ ДЕ...
Алаяқтар қай жерде жүрсеңіз де кезігеді. Тіпті қасыңызда сеніміңізге кірген адамның алдап кетуі ғажап емес. Былтырғы 8 айда облыс бо­йынша 568 алаяқтық қылмыс тіркелген. Полиция органдары қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, аталған қылмыстың 80 проценті ашылып, қылмыскерлерге қатысты тиісті шара қолданылды. Ал биыл облыста тіркелген алаяқтық фактісі әлеуметтік желіде дүрлігіп кетті. Онда екі бірдей қызылордалық бір алаяқтың арбауына түсіп қалады. Олар пәтерге қол жеткізу үшін бір әйелге 1 млн 100 мың теңге берген. Алаяқ пәтер де алып бермей, ақшасын да қайтармай алдап соққан. Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде арызда көрсетілген мәліметтер бойынша күдікті ретінде 29 жастағы бұрын сотты болған Қызылорда қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды.
ТҮЙІН Алаяқтың түр-түрі сараланды. Енді не істемек керек? Алдымен құжатыңызды қараусыз қалдырмаңыз. Күмәнді интернет-конкурстарға, лотореяларға қатыспаңыз. Қаржы пирамидасынан еселеп ақшаның астында қалуға асықпаңыз. Жеке мәліметтеріңізді өзгеге айтпаңыз, әлеуметтік желіде жарияламаңыз. «Аспаннан ақша жаумайтынын» ескерсеңіз, жерде батпан құйрық жатпайды. Абай болыңыз!
Айнұр ӘЛИ
25 қараша 2022 ж. 367 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930