Жас – жанса жалын, қозғалса күш
qarmaqshy-tany.kz «ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ» ДЕЙДІ ХАЛҚЫМЫЗ. ЖАСТАР – ҚАШАНДА ТЫҢ ИДЕЯНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ, ОҢ ӨЗГЕРІСТІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ. ЕЛІМІЗ ЕГЕМЕНДІК АЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП ЖАСТАР САЯСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ РЕТІНДЕ БЕЛГІЛЕГЕН. БОЛАШАҒЫН БАҒАМДАЙТЫН ЖАСТАР БҮГІНДЕ НЕМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮР? ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРУДА? БҮГІН ОСЫ МӘСЕЛЕ ТӨҢІРЕГІНДЕ ӘҢГІМЕЛЕМЕКПІЗ.
Мемлекетіміздің жарқын болашағы – жастар. Олар өзіндік күш-жігерімен, тың идеясымен болашақтың тұтқасы болып келеді. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Қармақшы аудандық Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, бүгінде орталыққа Нұржұман Пірназаров басшылық етеді.
Қазіргі уақытта ауданда 53 781 адам болса, оның ішінде 14-29 жас аралығында 12 121 жасты құрайды екен. NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып келеді. Осы санаттағы жастарды анықтау мақсатында адрестік жұмыстар жүргізіліп 5126 жастан сауалнама алынып, 324 жас анықталды. Оның 170 жасымен уақытша, тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар үздіксіз жүріп жатыр. Анықталған NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастар тәжірибесі мен қоғамдық және маусымдық жұмысқа тарту, шағын гранттарға, кәсіпкерлік бағыт бойынша да қайтарымсыз гранттарға қатыстыру тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Ауылдық жердегі жастарды ауыл әкімдіктері және шаруашылық басшыларымен бірлесе отырып бірінші кезекте NEET санатындағы жастарды маусымдық немесе тұрақты жұмыстарға орналасуына жұмыс жүруде. Жұмыссыз жастарға бос жұмыс орындарына байланысты әлеуметтік желі арқылы ақпараттандырылып тұрады.
Жастардың кейбірі (11 жас) байқаусызда жасалған құқық бұзушылықтың кесірінен пробация есебінде тұр. Оларға психологиялық кеңес- тер беріліп, өмірге деген көз-қарастарының бұзылмауы қадағаланып отырылады. Ауылдық елді мекендердегі пробация тізіміндегі жастарды сол жақтағы шаруашылықпен бірлесе отырып тұрақты жұмыстарға орналастыру бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан жастары арасындағы ахуал тұрақты. Сала мамандарын тарта отырып оқушылар мен жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып аптасына екі рет түнгі рейд ұйымдастырылады. Осы уақытқа дейін 56 рейд жүргізілген. Жастардың жұмыссыздығын жою мақсатында жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмыстар атқарып келеді. Оқуын бітіріп келгендерге «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыру жүргізіледі. Жаз айларында маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасақтарына тартылады. Баспана мәселесіне келетін болсақ, «Отбасы банк» қызметкерлерін қатыстыра отырып онлайн, офлайн кеңестер берілуде. Қазіргі таңда кейбір жастарға орталықтарында психолог маманы жоқ. Сол себептен кейбір жастаға тұрақты түрде психологтардың кеңесі қажет болады. Суицидтің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жиі ұйымдастырылады.
– Ауданға келгелі 2 айдай уақыт болды. Біз жастар орталығының бей ресми атауын «QADAM» жастар орталығы деп өзгерттік. Мұны жасаудағы басты себебіміз – жастардың барлық жаңа, тың, алғашқы қадамдарына осы жастар орталығы себепші болсын деген ниет. Қазіргі уақытта Qadam kenes, Qadam qamqоr, Qadam quqyq жобалары біртіндеп іске асып келеді. Qadam kenes жобасының start, Қармақшылық, qarmaq дейтін үш бағыты бар. Бұл үш бағыт бойынша да біз жастарға жан-жақты кеңес беру жұмыстарын жүргіземіз. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша да әртүрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен 178 шара өткізіліп, оған 5000-нан аса жас қамтылды. Жастар қажеттіліктерін анықтау мақсатында жастардан сауалнама алу жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерге тұрақты 402 ақпарат жарияланып отыр, – дейді орталық директоры.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда ауданда бірқатар әлеуметтік жобалар жолға қойылған. Соның негізінде акция, өнер байқауы, спорт сайысы, форум, кеш, саяхат ұйымдастырылып, насихат жүргізілуде. Айтулы орталық жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайтуда түрлі іс-шаралар өткізуде.
Болашақ кілті жастардың қолында. Себебі жас – қозғалса күш, тербелсе толқын, жанса жалын. Сол үшін аға лек жастарға иек артқан. Келешектің кілтін сеніп тапсырған.
– Біз барлық жаңашылдықтың көш басында болуға ұмтыламыз, бар күшімізді өзін-өзі дамытуға, аса маңызды саяси-қоғамдық мәселелерді шешуге белсене араласуға жұмсаймыз. Барлық саладағы өмір салтының жаһандық өзгерісі жүріп жатқан кезеңде біздің жастарымыздың өз мүмкіндігін жүзеге асыра алуы, қоғамда өз орнын таба білуі және әлеуетін ашуы аса маңызды. Алдағы уақытта жастарымыздың көптеген жетістіктерге жете беретініне сеніміміз мол, – дейді Нұржұман Пірназаров.
«Болашақ – жастардың қолында» деп осы сөзді ұран етіп, болашаққа нық қадам басу, көк туды көкте желбірету жас буынның міндеті. Келешектің тізгінін берік ұстап, болашақтың көшбасшысы болумен қатар, ел еңсесін көтерер азамат болу әрбір жастың борышы болуы тиіс. Айқын мақсат қоя отырып, жетістікке қол жеткізуге болады. Ал жетістікке ұмтылу адамды дамытуға бастайтын үлкен күш екенін ұмытпайық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ