Жолдау сенім мен жауапкершілік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын насихаттау мақсатында бірлескен өңірлік дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы болып өтті. Аталмыш жиынға «AMANAT» партиясы Қармақшы аудандық филиалы жанындағы өңірлік дамыту жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңес мүшелері, "Жастар Рухы" Қармақшы аудандық бөлімшесінің жетекшісі Ақнұр Өтешова және аудандық партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Сәрсенкүл Жаудатбекқызы қатысып, Жолдауда айтылған нақты басымдықтарына тоқталды.
«Президентіміз Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырды. Еліміздің тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Президенттің бастамасы бойынша 18 жасқа дейін ақшаны алуға болмайды, яғни, қаражат жиналады, оны беталды жұмсауға жол берілмейді. Менің ойымша, жастар бұл ақшаны қалай жұмсауды өздері шешеді. Егер кейбірі грантқа түсе алмаған жағдайда сол қаражатпен оқу ақысын төлеуі де мүмкін»,-деді Сәрсенкүл Райымбаева.
Жолдауда жастарға қатысты да біршама мәселелер айтылды. Осы ретте "Жастар Рухы" Қармақшы аудандық бөлімшесінің жетекшісі Ақнұр Өтешова: «Мемлекет басшысы жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жосарт Кемелұлы Тоқаев. Бұл еліміздегі жұмыссыз жастардың санын азайтуға зор септігін тигізеді деп есептеймін», - деп атап өтті.
Сонымен бірге, «Кешегі Жолдау – бұрын жарияланған саяси реформалардың жалғасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, жалақының өсуі 2 млн. адамның табысына тікелей әсер етеді. Қазір тауарлар, қызметтер, азық-түлік бағасының жаппай өсіп жатқанын ескере отырып, Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде көрсетіп отыр. Себебі мәселенің бар екені анық және билік оған қатысты тиісті әрекет жасап жатыр», - деді аудандық мәслихат депутаты, өңірлік дамыту жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңес мүшесі Сейл Жумадьяров.