» » Зейнет һәм бейнет

Зейнет һәм бейнет

Соңғы уақытта елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы жиі талқыланып жүр. Оған себеп те жоқ емес. Еңбектің зейнетін көрер шақта зейнет жастың ұлғаюы кімге де болса оңай емес. Енді зейнетке шыққан уақытында немесе оған жетпей де өмірден өтіп кетіп жатқандардың да бар екені өкінішті. Одан бөлек, жас қосылған сайын адам ағзасының әлсірей беретінін қаперге алған да жөн. Қазіргі таңда азаматшалар зейнетке қай жастан бастап шығады? Келесі жылдан бастап зейнет жасы төмендеуі мүмкін бе? Саралап көрсек.
Зейнет жасы қалай өседі?
Бүгінде біз ардақтайтын  ананың зейнеткерлікке шығу мерзімі елімізде  63 жас болып отыр. Биыл әйелдер 60,5 жастан бастап зейнетке шығады. Нақты айтсақ, Қазақстанда 2018 жылғы қаңтардың бірінен бас­тап әйелдердің зейнет жасын жыл сайын жарты жылға ұзарып келеді. 2027 жылға қарай әйелдер зейнетке ерлер сияқты 63 жастан шығатын болады. Өткен 2021 жылғы қаңтарда әйелдер зейнетке 60 жаста шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сенсек, ары қарай әйелдерге жасы ­бойынша зейнетақы төлемі мен базалық зейнетақы былай тағайындалады: 2022 жылғы қаңтардан бастап әйелдер – 60,5 жаста, 2023 жылғы қаңтардан – 61 жаста, 2024 жылғы қаңтардан – 61,5 жаста, 2025 жылғы қаңтардан – 62 жаста, 2026 жылғы қаңтардан – 62,5 жаста, 2027 жылғы қаңтардың бірінен бастап – 63 жас­та зейнетке шығады. Сонда 1965 жылғы туған әйелдер 2027 жылы 63 жастан бастап зейнетке шығатынын айта кеткен жөн. Бүгінде шыны керек, 60-қа қарай жасы ұлғайып бара жатқан аналарымызға оңай емес. «Денсаулығы жарамаса үйінде отырсын» дейтіндер де бар. Бірақ күн сайын құбылып отырған нарық заманында жұмыссыз қалуға болмайды. Қазақстан ғана емес, әлемдік құбылмалы нарықтық-экономикалық саясат еліміздің дамуына да кері әсерін тигізіп жатқаны ақиқат.
Зейнет жасы қысқара ма?
Парламент қабырғасында да депутаттар азаматтардың зейнетке шығу жасын қысқарту қажеттігін айтып, мәселе көтеріп келеді. Мәселен, 9 маусымда Сенатта өткен жалпы отырыста депутат Дана Нұржігіт те осы мәселеге қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сенатор сауалында әйелдердің зейнет жасын 58 жас деп бекітуге өз аргументтерін ұсынды. Ол өз сөзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз дегеніміз рас болса, ендігі жерде бұл мәселені жылы жауып, қарап отырғанымыз дұрыс болмайды. БҰҰ болжамдарына негізделген 2015 жылғы зейнетақы реформасы 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жасты және ерлер үшін 70 жас. Әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді. Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Әйелдердің зейнетке шығу жастарын өзгерту туралы өтініштерін ысырып қоюға менің арым шыдамайды. Сол өтініштерге сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасын «58» деп бекітіп, ал егер әйел әрі қарай жұмыс істеймін десе, өз құқы, өз еркі деп қарастыруыңызды сұраймын» деп ашық пікір білдірді. Осыдан кейін әлеуметтік желіде зейнет жасына қатысты «сүйінші» сұраған ақпараттар желдей есті. Бірі – «Президент Жарлыққа қол қойды» десе, енді бірі – «әйелдердің зейнет жасы қысқарды» деген хабарламалар таратыла бастады. Бұл ақпаратқа көпшіліктің қуанғаны рас. Әсіресе зейнет жасы жақындап, күн санап күнделікті жұмысына әзер барып жүргендер, заң қабылданса, сол күні-ақ орнын босатып беретінін айтып жарысты. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан Президенттің Жарлығымен 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердіңзейнетке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. «Әйелдердің зейнетке шығуының заңнамамен белгіленген жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулер нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген, халықаралық практикаға және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келетінін естеріңізге саламыз. Бекітілген жас мөлшері базалық және ынтымақты зейнетақыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді ескере отырып, қазақстандықтар құрметті демалысқа шыққаннан кейін тиісті зейнетақы төлемдерін қалыптастыру қажеттілігімен негізделген» делінген ресми жауапта.
Әйелдердің зейнет жасы неге ұзарды?
Билік 2018 жылы әйелдердің зейнеткерлік жасын неге ұзартты? Бұл өзгерісті «зейнет жасы ұзарған сайын, зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп, әйелдің «қартайған шағында қамсыз» болуға мүмкіндігі артады» деп түсіндірді. Бұл – биліктің сол кездегі түсіндірмесі. Алайда жұмыстың жеңілі жоқ. Дәл қазіргі уақытта ауыр еңбек етіп, қағазбастылық пен жалақының жарытымсыздығында жүрген әйелдер үкімет айтқандай қартайған шағында қамсыз отыратынына сене ме? Анығына келсек, ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер зейнет жасын ұзартуды бүгін азапқа теңеп отырғаны жасырын емес.
Ал қазір Қазақстанда кімдер ертерек зейнетке шыға алады? 5 немесе одан да көп бала туып (асырап алып), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас, Семей ядролық сынақ полигонының –тө­тенше және ең жоғары ра­диациялық қаупі бар аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 5 жыл өмір сүрген әйелдер – 45 жастан шыға алады.
Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті жинақталған зейнетақы қаражаты бар ҚР азаматтары зейнетақы аннуитеті құқығын пайдалана алады. Зейнетақы аннуитеті ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін – 51,5 жас мөлшерінде белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады. Бірақ мәселе мынада: зейнетақы аннуитетін пайдаланудың жөні бөлек. Әйел біткеннің бәрі 51,5 жас мөлшерінде белгіленген мөлшерлі ақшаны зейнетақы қорына жинап үлгере алмайды ғой. Тек бұл жоғары жалақы алатындар үшін ғана тиімді. Сондықтан қазіргі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығатын жасын қайта қалпына келтіру керек. Қазір бұл мәселе қоғамда қатты қызу талқыланып жатқандықтан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстандағы зейнет жасын төмендету мәселесі қайтадан қаралатынын айтты.
– Адамды зейнетке жібермес бұрын, әуелі оның зейнетақысының қандай деңгейде қалыптасатынын есептеу керек, елмен ақылдасу керек. Зейнетке ерте шыққан соң зейнетақы көлемі төмен болатыны белгілі. Сондықтан жылдың аяғына дейін осының бәрін ақылдасып шешеміз, – деді Е.Тоғжанов. Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл соңында қайта қаралуы мүмкін.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша Қазақстан әйелдері қозғалысы өкілдерімен бірнеше кездесу өткізді.  Белсенді топ өкілдері зейнет жасын төмендетуге байланысты өздерінің ұсынысын жеткізді, оларды министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерделейтін болады. Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнетке ерте шығуына қатысты ұсыныстар жөнінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
– Мен зейнетке ерте шығуға қарсы емеспін. Бізде қазірдің өзінде зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге және зейнет демалысына 55 жаста шығуға мүмкіндік бар. Факторлардың барлығын бірлесе отырып зерттеуіміз керек. Бұл кейін азаматтарымыздың зейнетақысы төмен болмауы үшін қажет. Азаматтарымыздың табысын ескере отырып, зейнетке ерте шығудың бірнеше тәсілін қарастыруымыз керек, – деді министр.
Көрші елдегі көзқарас қандай?
Халықаралық еңбекті ұйымдастыру мәліметіне сүйенсек, экономикасы дамыған батыс Еуропа елдерінде зейнет жасы – 65-67 аралығында. Десе де, әлемде байқалып отырған үрдісті атап өткен жөн. Яғни, ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын теңестіру, дәлірек айтсақ, әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлердікіне жеткізу арқылы бірдей теңестіру жүріп жатыр. Екінші бір үрдіс – ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын одан сайын ұлғайту.
Статистикалық дерекке жүгінер болсақ, ТМД елдері ішінде ең төменгі зейнет жасы Өзбекстанда болып отыр. Өзбекстанда 25 жыл еңбек өтілі бар ерлер 60 жаста, ал әйелдер 20 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыға алады. Ал сол Өзбекстанда халықтың саны 33 миллионнан асты. Біздікілер жиі айтатындай, бюджетке салмақ түссе де, өзбек билігі аналарын зейнетке ерте шығарып отыр ғой. Әзербайжанда ерлер – 65, әйелдер 62 жасында зейнетке шығады. Зейнетке кеш шығатындар – Армения азаматтары. Ол жақта ерлер 65 жастан, ал әйелдер 63 –жастан зейнетақы ала бастайды. Бірақ барлығының еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы қажет. Көрші Ресейде зейнет жасы ерлер үшін – 65, әйелдер үшін 60 жасты құрайды. Міне, бұл шын мәнінде әйелін, анасын әспеттеген биліктің игілікті қадамы. Ал Үндістанда ерлер мен әйелдер 60 жаста зейнетке шығады. 1,5 миллиардтан астам халқы бар дамушы ел үнді елінің билігі әйелдерді құрметтеп, 60 жаста зейнетке шығарып отырғанда біздегі мәселені де қайта қарауға тура келеді.
Қазіргі уақытта, Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, Еуродақ елдерінде 100 миллионға жуық қарт адамдар бар екен. Ол елдердің халқының жалпы саны 321 миллион адамды құрайды. Сарапшылардың болжауынша, 2025 жылға қарай 65 жастан асқан азаматтар саны 21 миллион адамға артады, ал белсенді еңбекке қабілетті халық саны 15 миллион адамға азаяды. Бұл, әрине, бақуатты саналатын, бейнетінің зейнетін молынан қайтарып, қарттарын қамсыз етіп, ерекше қаморлықпен қамтамасыз ететін елдердің жағдайы.
Халық саны 19 миллионнан асқан еліміздің ахуалы қандай болмақ? Егер 2010 жылы зейнеткерлік жастағы халықтың үлесі 9,9 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 11 пайызды құрады. Бұл ретте, еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі, керісінше, айтарлықтай төмендейді. Жан-Беус-Гарнье – Э.Россеттің демографиялық қартаю шкаласы бойынша Қазақстан «шын мәнінде қартаю қарсаңында» деңгейінде. Сонымен қатар, еңбекке қабілетті бір адамға түсетін демографиялық жүктеме де артып келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасында еңбекке жарамды жастағы әрбір 1000 азаматқа 692 еңбекке жарамды жастан үлкен немесе жасы кіші адамнан (бір жыл бұрын – 687, ал он жыл бұрын – 555 адам) келеді.
Осыған ұқсас жағдай бүкіл әлемде байқалады. БҰҰ болжамы бойынша, әлемнің барлық дерлік елдері халықтың қартаю үдерісіне тап болады. Бүкіл әлем құлағын тігіп отыр­ған үдерістің алдын алуға дайындық бүгіннен басталған секілді.
Ел не дейді?
Зейнет жасы мен зейнетақы жөніндегі ақпараттарға құлағын түріп, жаңалықты қалт жібермей тыңдайтын жандардың қатары артты. Көп ішінде талқыланар өзекті тақырып та осы болып тұр.
– Жалпы, әйелдердің зейнет жасын төмендету – өзекті мәселе. Күнделікті тұрмыс-тіршілік, бала тәрбиесі, одан бөлек түрлі жұмысты атқарып жүрген әйелдерді 58 жастан зейнетке жібергеніміз орынды. Бұл пікіріммен көпшілік келіседі деп ойлаймын. Мысалы, мектеп ұстаздарының, оның ішінде әйелдердің кемінде 63 жасқа дейін сабақ беруге әл-қуаты жете бермейді. Шаршайды, ауру-сырқауы шыға бастайды, жасөспірімдер де егде жастағы педагогтардың сөзіне құлақ аспайды. Оның үстіне, қазіргі күні балаларды тәрбиелеу, оқыту, жұмыс жасау қиындап барады. Сондықтан, еліміздегі нәзік жандылардың зейнетке шығу мерзімін 63 жасқа дейін ұзартуға мүлдем қарсымын. Онымен қоса, ауыр жұмыста еңбек етіп жүрген жандардың зейнетке шығу жасын қысқарту өте орынды. Олардың атқарып жүрген саласы әсіресе, денсаулығы үшін қауіпті. Шамамен мұндағы әйелдердің құрмет демалысына шығу жасын 55-ке дейін төмендеткені абзал. Әр мамандықтың қиындығына сай, әйелдердің жасы да ескерілуі тиіс, – дейді ел ағасы С.Қожамұратов.
Ал аналарымыз зейнет жасының жоғарылауы жұмыс істеу барысында қиындық туғызатынын жасырмады.
– Жасың келген сайын, ағза да әлсірейді. Түрлі сырқат бойыңды билейді. Осындайда дәрігерге көрінудің өзі үлкен жұмыс. Міндетті түрде толық тексеруден өтуің қажет. Ал оған бірнеше күн қажет болады. Аптасына алты күн жұмыста жүргендіктен, емделуге де, тексерілуге де уақытым жоқ. Жұмыстан жиі сұранатын қызметкерді кім жақсы көрер дейсіз? Ал ақысыз демалыс алсам, күнкөрісіме жарап отырған азғантай жалақым, одан сайын азайып қалады. Сондықтан да денсаулық пен табыстың бірін таңдауға тура келеді. Жұмыстан шығып кетсем, зейнетақыма әсер етеді. Менің жасымдағы әріптесімнің көпшілігі жұмыстан айырылып қалмау үшін, небір бейнетке шыдап жүргені де жасырын емес, – дейді еден жуушы, 59 жастағы Ж.Ибраева.
Пікір иесінің сөзі орынды-ақ. Жұмыстан шығып, денсаулықты түзейін десе, оны кейін ешқандай мекеме жұмысқа алмай қоюы әбден мүмкін. Зейнет жасы жақындаған азаматшаға жұмыс ұсына қоятын басшы да кем де кем.
– Зейнет жасын көтеру бастамасын мәжілісте отырған депутат әйелдер ұсынды. Әрине олар өздері жылы орында ұзағырақ отырғысы келгендіктен мұндай бастама көтерді. Алайда әйелдердің барлығы қалада, барлығы бірдей лауазымды қызметте істемейді ғой. Ауылда тұрып, қарапайым қызмет істеп күн кешетіні қаншама. Бұлардың қатарына тек үй шаруашылығында отырған әйелдерді қосыңыз. Бірақ жылы әрі жайлы кабинетте отырғандар бізді қайдан ұқсын?! – дейді көше сыпырушы Л.Хамитова (аты-жөні өзгертілді).
Расымен де, ұлттық компанияларда, ірі мекемелерде жұмыс істейтін, табысы жоғары әйелдер үшін зейнет жасының ұлғайғаны пайдалы. Бірақ әйел біткеннің бәрі трансұлттық компанияларда жұмыс істеп отырған жоқ қой. Ауылда – жұмыссыздық. Ошағының түтінін түтетіп, бала-шағасына қарап, үйде жұмыссыз отырған қазақ әйелі кейін зейнетке шыққанда ең төменгі зейнетақыны алады. Кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығында ауыр жұмыс істеген әйелдер баршылық. Сондықтан олардың зейнет демалысына ертерек шыққаны тиімді. Анасын қадірлеген қазақ едік қой. Жұмыстың ауырлығы, бала күтімі және тағы басқа өмірде кездесетін тұрмыстық жағдайлар әйел баласына қиын тиеді. Жалпы 60 жасқа толған адамның денсаулығы мен кәсіби біліктілігі нашарлайтыны жасырын емес. Бұл жаста адамның әлеуметтік белсенділігі баяулайды. Оған физиологиялық, психологиялық факторлар да әсер етеді. Сондықтан шикізатқа бай Қазақстан үшін басқа емес, дәл осы аналардың зейнеткерлік жасын ұлғайтудың қажеті жоқ еді.
Түйін
Қоғам талқысына түскен тақырып  билікте де қозғалуда. Демек қозғалыс бар. Бірақ билік қандай шешім қабылдайды? Мәселе сонда. Дұрысы, еститін үкімет халықтың үніне құлақ түруі тиіс. Сонда ғана Мемлекет басшысы айтқандай, «әділетті Қазақстан» орнайды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
30 маусым 2022 ж. 639 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031