Тоқсан жыл – тұтас тарих
Қазіргі таңда кәсіби мерекелер саны күн санап артып келеді. Ол уақытпен бірге жаңа мамандық түрлерінің, кәсіптің пайда болып жатқанын көрсетеді. Белгілі бір мамандықты тізгіндеп, соның отына күйіп, суына қайнап жүрген жандарды жыл он екі айда арнайы құттықтап, жұмысына табыс тілеп қуантып қойғаннан еш артықтығы жоқ. Керісінше, өз кәсібіне деген мерейін арттырып, ынта-ықыласын оята түсері анық. Сондай кәсіби мерекелердің ішінде ерекше аталып өтетіні 28 маусым – Журналистер күні. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қуанышты хабарды, саяси өзгерісті, қоғамдық хал-ахуалды жеткізуде алдына жан салмайтын, кешегі мен бүгіннің, бүгін мен болашақтың арасына алтын көпір бола білген өткір тілді, қаламы қарымды баспасөз өкілдеріне арналған мерекенің орны бөлек.Онлайн өмірге бой үйретіп, оффлайннан біршама бойымызды алып қашқан сәтімізде де баспасөз құралдары өмірімізден бой тасалап кете қойған жоқ. Қайта екінші тынысы ашылып, көпшілікке қай шартарапта жүрсе де газет-журнал, телехабар сайтына кіріп, оқуға, көруге мүмкіндік жасалды. Осыған дейін белгілі бір ауданның газетін тек сол өңірде тұратын адамдар ғана алып оқитын болса, технология заманында өрісін кеңейтіп, онлайннан ойып орын алған сүйікті басылымдарымызды кез келген жерде, кез келген уақытта оқи алатын болдық.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алып, сол жолда магистратура тәмамдап, ғылыми жолға түссем де сонау бір оқушылық кезде қалыптасқан қаламгерлік қабілет менімен үнемі серік. 10-сыныпта оқып жүргенімде «Қармақшы таңы» газетінде алғашқы мақалам жарық көрген сәттен бастап жазуға деген құштарлық бойымды керней түсті. Мектепте өтетін түрлі қоғамдық іс-шаралар мен пәндік апталықтарда ұйымдастырылған сайыс, байқауларды шағын мақала етіп жазып, газетке жөнелтетінмін. Редакция қоржынына түскен мақала, өлеңдерім түгелдей жарияланды десем де болғандай. Студент болған сәтте де қаламды серік етіп, ақын-жазушылармен, белгілі адамдармен болған кездесулер жайлы ой толғап, одан түйген ойымызды қағаз бетіне түсіріп, баспасөзге жариялауға асығатынбыз. Бұл жолда жол көрсетіп, жөн сілтеген мектептегі ұстазым Бибігүл Әбдірасылова, Темірхан Тебегенов, Серік Мақпырұлы сынды ұстаздарымның есімін айрықша атамасқа болмайды. Жаза білетініме сенім артып, үнемі жігерлендіріп, тапсырма беріп отыратын. Нәтижесінде мақала жазуға әбден машықтанып алдым. Өзімді кәсіби журналист санамаймын. Бірақ өмір сапарында көргенімді, ойға түйгенімді көпшілікке ұсынуға асық болғандықтан, сол жолда ақпараттық, танымдық мақала жазып, жазғандарым оқырманның жылы лебізін, оң пікірін иеленіп жүргендіктен осы бір үлкен салада менің де үлесім бар деп есептеймін.
Бүгінгі таңда журналистердің кәсіби мерекесінде өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған «Қармақшы таңы» газетін, газеттің қазіргі ұжымын шын жүректен құттықтаймын. 90 жыл – тұтас тарих. Тоқсандағы қария – көргені көп, айтары мол, кеудесі қазыналы, сөзі мағыналы, тетігін бассаң арқырап ағардай, көңілі кең дария. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде негізі қаланып, оқырманмен байланыс жібін үзбей келе жатқан туып-өскен ауданымның қарт басылымының алдағы уақытта да аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, мәдени-саяси өмірін жақсарту жолындағы жақсы жаңалықтарды көбірек таратып, сүйіншілей беруіне тілектеспін. Ұжым мүшелеріне береке-бірлік, ырыс-ынтымақ, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін. Қаламдарыңыз батырдың қаруындай өткір болып, халқымыздың сөз қазынасын қолданудан шаршамаңыздар!
Лаура БАҚТЫБАЕВА