Аудан айнасы қанатымды қатайтты
Бала күнімнен журналист болғым келді десем өтірік болар. Бірақ өнерге, шығармашылыққа жақын өстім. Қазақ әдебиетін жаным сүйді. Қарымды қаламгерлердің туындыларын жаттап, қиял әлеміне, ертегіге, өткен тарихқа саяхаттаушы ем. Арман қуып, қалаға бардым. Журналистика мамандығына түсу үшін шығармашылық емтиханның екі сатысынан өттім. Мақсатым орындалып, осы мамандықта білім алдым. Ол кезде әлі баламыз ғой. Көк экранда диктор болуды көздедік.
Айнұр ӘЛИ
Әдемі кәстөм киіп ап, туфлиді тықылдата теледидарды жүргіземін деген ой көбімізде болды. Алайда алғаш журналистік өмірдің баспалдағынан аттатқан ұстаздар «Нағыз журналист – газеттен шыңдалған журналист» деуші еді. Солай алғашқы қызмет басылымда басталды. Яки аудандық «Қармақшы таңы» газетінде. Жазуды, орайын келтіріп ойлағаныңды оқырманға жеткізуді осы жерден үйрендік. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болуға тырыстық. Қалай тартсаң да екі жақты бірдей ұстап тұру, оң көзқарас таныту, жалған ақпарат таратпау, оқиғаны боямасыз жеткізу – журналистің міндеті.
Иә, әлемде мамандық көп. Бірақ осы мамандықта жүріп, барлық мамандықтың кейпіне ендік. Өрт сөндіруші, полицей, дәрігер, санақшы, сарапшы, қоғамдық қызметкер, тіпті төрт түліктің тілін меңгерген малшы да болып көрдік. Болып қана қоймай, әр қызметтегі кездесер қиындықты, қызықты көпке жеткізе білдік. Жақсылықтың жанашыры, жаңалықтың жаршысы болдық. Ойымыз толысты. Аңдап қадам басуды, ақылмен шешуді, естіген емес, көрген дүниеге сенуді, жалғандыққа жол бермеуді бойға жидық. Біршама журналистік зерттеулер жаздық. Көп жазыла бермейтін детектив, триллер, мистика, фэнтэзи жанрларын қайта жаңғырттық. Әлеуметтік желінің әлеуетін арттырып, көптеген ой қозғадық. Мұның бәрі бір жалақы үшін жасалып жатқан дүние емес. Сөз қадірін білетін жанға тұщымды пікір мен ұлттық құндылықты, тіл мен ділді, дінді, салт-дәстүрді дәріптеу. Келер ұрпаққа тарихтан толғам жасап, рухани азық беру. Біздегі миссия осы.
«Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» демекші, елдің бәрінен бірдей алғыс ала бермейміз. Сонда да өзімізді қамшылап, алға қарай талпынып, оқырманнан оң пікір, сүйіспеншілік алуға еңбек ете бермекпіз. Сарғайған басылымның беттерінде өңірдің тарихы қатталып, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы бола білген талай қабырғалы қаламгерлердің шыңдалып, «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» деп қараша халықтың қамына болысып, тыныс-тіршілігімен үндескен газетінің ең алғашқы санының жарыққа шыққанына 90 жыл толды. Тоқтамайтын ұлы көштің дүбірінің қатарында біз де жүргеніміз мақтаныш сезімін кернетеді. Біздің әр күніміз шығармашылық ізденіспен, зерделі зерттеумен, жаңа таныстықпен өтуде. Журналистиканың қазанында қайнап келеміз. Әлі де талай мақалаларымыз баспа бетінен жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табады деп сенемін. Мерейтойымызбен орайлас келген төл мерекемізде әріптестеріме шығармашылық толағай табыс тілеймін!