Бала денсаулығы – баршаға ортақ
«Баламның табанына кірген шөңге маңдайыма кірсін» дейтін халықпыз. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы дейміз. Сол балдырғандардың денсаулығына қатты мән береміз. Жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің өмірінде адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің орны бөлек. Дәрігерлер бала құрсаққа біткен бойдан бақылауға алып, дүние есігін ашам дегенше назарда ұстаса, одан кейінгі жауапкершілік екі есеге артатыны сөзсіз. Өмірге енді келген сәби денсаулығының кепілі ақ халатты абзал жандар.
Бала жаны жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Осы орайда, аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде тек нәзікжанды, өз ісінің хас мамандары жұмыс жасайтынына куә болдық. Медцина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында нәзікжанды жаратылыс иелерінің елеулі еңбектерін ескерусіз қалдырмауды жөн санадық.
Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу оңай емес. Бойындағы бар өзгерісті шырылдап жылап қана білдіре алатын сәбиді түсіну үшін байқампаз, қырағы болып, баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Қазіргі таңда аудандық аурухананың балалар бөлімінде бөлімінде 15-ке жуық қызметкер жұмыс жасайды. Солардың ішінде 1 дәрігер және 6 аяжан, 4 кіші медициналық қызметкерлер сапалы қызмет көрсетеді. Жалпы балалар бөлімі 30 төсек орынға арналған.
– Кішкентайлардың өмірін арашалап қалуда мамандарымыз қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жетеді, – дейді бөлім меңгерушісі Р.Айекенова.
Қазақстанда балалар денсаулығын сақтау ісі қашанда басты назарда тұратын маңызды істің бірі десек, жауапкершілігі үлкен, зор біліктілікті талап ететін балалар медицинасы елімізде жақсы дамып келеді. Аталған бөлімнің меңгерушісі Рита Кеңесқызы отыз жылдан астам ғұмырын осы салаға арнап келе жатқан білікті маман. Ол дерті жанына батқан баланы дем арада жұбатып, тез тіл табыса кетеді.
– Қазір аудандық аурухананың балалар бөлімінде 20 бала ем алуда. Ауыр індетті артқа тастадық. Қазір күн жылы болғандықтан балалар арасындағы пневмония да азайды. Жаз мезгілінде диспансерлік есепте тұратын балалар ем алады. Сонымен қатар маусымдық аллергия жиілеп тұр. Осы ретте ата-аналар балаларда аллергия болмас үшін мынаны ескерсе екен деймін. Тез дайындалатын тағамдар, фаст-фуд өнімдері, газды сусындар мен тәтті кәмпиттер беруді шектеген жөн. Себебі олар аллергияның бірден-бір қоздырғышы болып табылады. Бала шақтан бастау алған аллергия өмір бойына жалғасып кетуі мүмкін. Сол үшін әрбір ата-ана баласының дұрыс тамақтануына мән берген жөн, – дейді білікті дәрігер Рита Кеңесқызы.
Сонымен қатар жақында бөлімге Балалар жылына орай үш жаңа аппарат келіпті. Оның біріншісі жас сәбидің тамырын тез табуға арналған. Ал екіншісі жаңа туылған бөбектердегі сарғыштықты емдеуге арналған лампа. Үшінші аппарат жөтелу білмейтін сәбидегі қақырықты алады. Көлемі шағын, әрі көтеріп алып жүруге де ыңғайлы. Бөлім қызметкерлері бұл аппараттардың бала денсаулығы және оларды емдеу үшін пайдасы зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ кішкентайлардың ине салдырудан қорқатыны бәрімізге белгілі. Ал жасалар ем-домның инесіз кезі кемде-кем. Осындайда бөлім медбикелері баламен бала болып, ойын ойнап көңілін аулай отырып, инені қалай салғанында аңғартпайды. Бұл әрине, тәжірибелі ақ халаттылардың әдісі.
– Біздің мамандық қашанда үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жұмысың балғын балақайлармен байланысты болса, тіпті, оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді. Балаларға ана ретінде барынша сүйіспеншілікпен қарауға тырысамыз. Сәбилер – өте пәк, жұмбақ болады. Олардың тілін табу, бабын жасау әрине, оңай емес. Десе де дәрігер тағайындаған ем-домды жасап, ана мен балаға қамқор болу – біздің басты міндетіміз, – дейді медбикелер.
Қоғамдық жұмысқа белсене араласатын ұйымшыл ұжым әрбір істі бірлесіп шешкенді жөн көреді. Баламен жұмыс істейтіндіктен болар, бәрінің жүзінде мейірім шуағы бар. Ем алуға келген бүлдіршіндер ең алдымен осы мейірімге қанары анық. Мереке қарсаңында мейірімі мол медицина қызметкерлеріне еңбекте табыс тілейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)