Тергеу ісі – электронды форматта
Әр саланың өзіндік қиындығы бар. Жауапкершілігі бір бөлек, ісіне адал болу – әрбір маманның парызы. Ал тергеу қызметінің басқа салаларға қарағанда ар алдындағы жүгі ауыр. Олар ақиқаттың ақ жолынан таймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы қылмыскерлерді құрықтап, істі жан-жақты зерттейді. Осы орайда біз аудандық полиция бөліміндегі қылмыстық істі электронды форматта жүргізетін тергеушілер қызметінің қыр-сырымен танысып қайтқан едік.
– Тергеушінің қызметі – жауапты міндет. Ең алғаш оқу орнын аяқтап келгеннен кейін тергеу бөлімінде жүріп, әртүрлі бағыттағы қылмыстық істер бойынша тергеу жүргіздім. Шыңдалып, тәжірибе жинадым. Содан бері ішкі істер органында қызмет атқарып келемін,– деп әңгімесін бастады Нұрбек Серікұлы.Ол сұқбат барысында өзінің әр іске тыңғылықтылығы мен жауапкершілігі мол қызметкер екенін көрсете білді. Оның өзін ұстауы, сөз саптауы, құқықтық білімі, қызметін баяндауы –мамандығына деген ерекше ықыласын білдіріп тұрғандай еді.
Нұрбек Серікұлы 1986 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Алғаш №26 мектепке қадам басқан бала 9 сыныптық білім алған соң Қызылорда Заң колледжіне оқуға түседі. Одан соң Алматы қаласындағына Қазақ гуманитарлық Заң университетінде «Заңтану» мамандығы оқиды. 2008-2009 жылдары Ақтау қаласындағы 25744 әскери бөлімінде әскери борышын өтейді. 2012 жылдан бастап ішкі істер органында қызмет жолын бастайды. Содан бертін келе аудандық полиция бөлімінде тергеуші, аға тергеуші қызметтерін атқарады. 2019-2020 жылдары облыстық полиция департаментінде тергеу басқармасында тергеуші болған. Ал биыл сәуірден бастап аудандық полиция бөлімінде анықтау тобының анықтаушысы қызметін атқаруда. Ол қазір қылмыстық іс электронды форматта тергеп-тексерілуде екенін жеткізді. Сонымен қатар, бөлімде екі тергеуші, екі анықтаушы қызмет атқарып келеді.
– Алтынгүл Қоңырбаева мен Жандос Бағланбаев тергеуші болса, мен және Руслан Тулепбергенов анықтаушымыз. Қылмыстық істер әрдайым қағаз жүзінде қалыптасып келген. Әртүрлі тергеу әрекеттері, тергеушінің прокурордың және соттың шешімдерімен өзге де процессуалдық құжаттары қағаз түрінде шығарылып бекітілетін. Қылмыстық істің күрделілігі мен көп эпизодтылығы, сот сараптамасының көптігі сотталушылардың, жәбірленушілердің және куәгерлердің санына байланысты процессуалдық құжаттардың көлемі ұлғаятын еді. Бұл өз кезегінде көлемді томдардың пайда болуына ықпал етті. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі және сот өндірісіндегі тергеп-тексеру аса ауырлаған. Бұған көптеген қаржы кетсе, уақыт та көп жұмсалатын. Ал қазіргі электронды формат қай жағынан болмасын қолжетімді болып отыр, – дейді ол.
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында қылмыстық сот өндірісі электронды форматқа кезең-кезеңімен көшуде. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Бас прокуратура «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімі ақпараттық жүйенің негізінде «Төрелік» сот ақпараттық жүйесімен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» модулін әзірледі. Бұл қылмыстық сот өндірісінің барлық кезеңдерін, яғни құқық бұзушылықты тіркеуден бастап сот үкімінің шығарылуына дейін цифрландыруға мүмкіндік береді. Қылмыстық сот ісін электронды жүргізуге ақпараттық технологиялардың енгізілуі оның ашықтығының жоғарылауына, тергеу әрекеттерін санкциялауға қажетті құжаттарды ұсыну мен нәтижелерін алу уақытын айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ қылмыстық процесс сапасын жақсартуға және жеңілдетуге, қағаз жүзіндегі құжат айналымға кететін шығынды оңтайландыруға алып келді.
– Электрондық қылмыстық істің басқа артықшылығы қашықтықтан санкциялау. Енді тергеп қамаққа алынғанды оған бұлтартпау шарасын тағайындау үшін біршама арақашықтыққа апарудың қажеті жоқ. Санкциялау үрдісі бейне-конференция байланыс режимінде өтеді, тиісінше күдіктілерді үлкен арақашықтыққа апарудың қажеттілігі жоғалуда. Бұл уақыт шығындарын қысқартуға, күдіктілердің қашу тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жанармайға кететін шығынды, жүргізушінің жалақасын және автокөліктің тозуын қысарту жолымен бюджеттік қаражат үнемделеді. Сот өндірісі де «Электронды қылмыстық іс» жүйесінің жағымды жақтары зор. Ол дегеніміз қағазбастылықтан құтылуға, бюджет қаражатын және судьялардың, сот қызметкерлерінің және процеске қатысушылардың уақытын үнемдеумен қатар, істің тергелу мерзімін қысқартуға және процессуалдық қатынастарды болдырмау арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға зор үлесін қосады, – дейді анықтаушы сөз арасында.
Иә, мамандардың айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қармақшы АПб-де Бас прокуратураның «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінің негізінде «Төрелік» сот ақпараттық жүйесімен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» модуліне көшіп, аудан көлемінде орын алған құқық бұзушылықтардың тіркелуінен бастап кінәлілерге айыптау актісін шығаруға дейінгі аралық 100 пайыз электронды форматта тергелуде. Бұл өз кезегінде өзінің жемісін беріп, тиімділігін көрсетіп отыр екен.
Әрбір қылмыстық істің нәтижесі тергеушінің кәсіби шеберлігіне байланысты екенін айтады Нұрбек Серіков. Әр мамандықтың қиындығы мен қызығы болады. Бірақ полиция қызметкері болу қоғам алдындағы жауапкершілік пен үлкен сенімді қажет етеді. Себебі ел тыныштығы жолында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына артылатын жоғары жауапкершілік бар.
– Кез келген жағдай мен оқиғаға Бауыржан Момышұлы айтпақшы, ептілік те, ерлік те керек. Біз еліміз үшін әрқашан мемлекетке, халқымызға адал қызмет етуге дайынбыз, – деп әңгімесін аяқтады ол.
Айнұр ӘЛИ