Қант бағасы күрт өсті шешімі қандай?
«Биыл тоспа жаппаймыз-ау» деген сөз соңғы кездері көп айтылып жүр. Себебі де жоқ емес. Ауылшаруашылығы министрлігі қант тапшы десе, Сауда және интеграция министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр. Алайда елде қанттың айналасындағы дүрбелең басылмай тұр. Бір жылдың ішінде қант бағасы бақандай 61 процентке өскені белгілі болды.
«Қант жоқ» немесе «Қант қымбаттады» деген дүрбелең Қармақшы ауданын да айналып өтпеді. Ауданда қант тапшылығы байқала ма? Баға қандай? Аралап көрдік.
Алдымен әдеттегідей қолдан тастамайтын қойын дәптеріміз бен фотоаппаратымызды редакцияға қалдырдық. Кәнігі қарапайым тұрғын секілді зат алуға дүкенге, базарға шықтық. Орталықтан басталған зерттеудің басы құлшынысымызды су сепкендей басты. Дүкендердің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Алайда клиент болып барған бізге мүлдем жауап беруден жалтарғандар болды. Мәселен, «Қант жоқ» деп қатқыл үн қатты бір сатушы. «Негізі қаншадан сатылып жатыр?» деген бізге бір қарады да «Өзге дүкен көп, соларға барыңыздар. Бағасын айтпаймын» деді. Сонда орталықтағы ірі сауда орнының сатушысы тұтынушыға қатты сөйлеп, сұстанса өзге дүкендердің жайы не болып жатыр? Келесі Амангелді көшесінің бойында орналасқан дүкенге бас сұқтық. Мұндағы сатушы бізді алдыңғыдай емес, жадырай қарсы алды. Қантты сұрағанымызда дүкеніне келмегеніне бір айдан асқанын айтты. Одан соң кенттегі ірі сауда орындарына бас сұқтық. Біреуінде қанттың келісі – 700 теңге болса, екіншісіне қант жоқ. Ал базар маңындағы дүкеннің бірінде қант – 750 теңгенің көлемінде екен.
«Кентте қантты қаншаға алып жүрсіз?» деген сауалды тұрғындарға қойдық. «Қант қымбат» деп бастаған олар оның тапшы екенін де жасырмады.
– Өткенде 600 теңгеден алып жүр едік. Қазір 750 теңгеден алып жүрміз. Мұны өзі кім қадағалайды? – деп ашынған жұрт көрші аудандардан әлдеқайда арзан бағада әкелгендерін жеткізді.
Біздегі баға бағамын қадағалайтын кім? Аудандық ауылшаруашылық бөліміне хабарластық. Осы қантқа жауапты маман қант бағасының реттілігін көруге сауда орындарын аралап кеткен екен. Бірер уақыттан соң қайта байланысып, сауалымызды жолдадық.
– Қант тапшылығын болдырмауға, бағасын тұрақтандыруға атсалысып жатырмыз. Қымбаттаудың басты себебі Тараздағы қант зауытына байланысты болып отыр. Әрі сол жақтағы қызылшаның өндірілуі аз болып жатыр. Осының бәрі қант бағасына әсер етуде. Алдыңғы жылдары әлеуметтік дүкендерден әлдеқайда арзан бағамен азық-түлік алатын еді көпшілік. Қазір кентте ондай әлеуметтік дүкен жоқ. Тек Төретам кентінде ғана бар. Ал 5-10 тонна көлемінде қантқа тапсырыс бергенбіз. Ол сенбі күні келеді. Аптаның 1, 3, 5 күндері мониторинг жұмысын міндетті түрде жүргізіп отырмыз. Алдағы уақытта жәрмеңкелер де болады, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің әдіскері Қуаныш Мұратұлы.
Мәселені әріден бастайық. Еnergyprom.kz сарапшыларының пікірінше, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 81,8 мың тонна қант өндірілген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2,1 процентке кем.
Мәліметтер бойынша, қант өнімінің 56,5 мың тоннасы Жамбыл облысында өндіріледі. Бірінші кварталдың қорытындысына сай отандық өндірушілер қантқа деген сұраныстың 39 процентін қамтамасыз еткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 43,8 процент болса керек. Осылайша көрсеткіш бірден 25,2 процентке төмендегені белгілі болып отыр. Импортталатын өнімнің де көрсеткіші 9 процентке кеміген. Яки 60,1 мың тоннаға азайған.
Нәтижесінде, 2022 жылдың бірінші кварталында ішкі нарықтағы қанттың мөлшері 98,5 мың тоннаны құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,7 процентке азайған. Ал экспорттың мөлшері 8 есеге кеміген екен.
Маусым айының басында өткен брифингте ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сауда нысандары мен тұрақтандыру қорларында шамамен 31 мың тонна көлемінде қант қоры барын айтқан болатын.
Ведомоство басшылықтары қант өндірісі үздіксіз жүріп жатқанын айтып, зауыттарда өңдеуге арналған 29 мың тонна қант шикізаты бар екенін, тағы 23 мың тоннасы, тағы 116 вагон бірнеше күн ішінде қазақстандық зауыттарға өңдеуге жеткізілетінін айтқан еді.
Ресми дерекке назар салсақ, жалпы қорда барлығы 60 мың тоннадан астам қант бар, бұл халықтың қажеттілігін өтеу үшін жеткілікті. Қазіргі уақытта зауыттардан қант ел өңірлеріне жеткізіліп жатыр. ҚТЖ темір жолдарында 177 вагон бар. Мамыр айында барлығы 30 мың тоннадан астам қант тиелді, маусым айында зауыттардан 44,8 мың тонна қант жөнелту жоспарланып отыр, олар сауда объектілеріне жеткізілмек.
Біздің нарықты қанттың қомақты көлемімен қамтамасыз етіп отырған Ресейге қарсы санкциялар туралы ақпараттан кейін Қазақстанда әбігер басталды.
Ауылшаруашылығы министрлігі және MIT сауда желілері мен тұрақтандыру қорларының қоймаларындағы қант қоры кемінде үш айға созылатынын, қант өндірісі мен импорты жалғасатынын, яғни қорлар толығып жатқанын хабарлады. Елде нақты тапшылық жоқ, бірақ жасанды түрде жасалған деген мәлімет те тарады.
Сарапшылар Қазақстандағы қант нарығының импортқа тәуелділігі құбылмалы екенін атап өтеді. Мәселен 2012-2021 жылдар аралығында импорттаушылар сұранысты 20-75 процентке жапты. Импорттың ең көп үлесі 2020 жылы, ең азы 2016 жылы тіркелген екен.
Айнұр ӘЛИ