» » Құмар ойынның құрбаны

Құмар ойынның құрбаны

Қанат мектепті үздік бітірді. Тіпті, «Алтын белгі» иегері атанды. Алып қаладағы мен деген гимназиялардың бірін тәмамдады. Жоғары оқу орнына да еш қиналмай түсті. «Грантқа түссең, көлік алып береміз» деген әке-шешесі де уәделерінде тұрып, бұл 18 жасқа толған бойдан жеңіл көліктің кілтін сыйлады. Үйдегі үш баланың тұңғышы әрі ұлдан жалғыз болып өскен Қанаттың бақыттан басы айналды. Дегенмен, қасындағы достарындай емес, оқу үлгерімі өте жақсы, тәртіп бұзған емес. Ішімдікке мүлде әуестігі жоқ. Өз ісіне тиянақты, сабақтан бос уақытында қосымша курстарға қатысып жүрді. Мақсаты – шетелге барып, білімін одан әрі жетілдіру.
Көз ұзамай Қанат бұл арманына да қол жеткізді. Елдегі білім саласына қатысты бағдарламалардың біріне қатысып, сынақтан сүрінбей өтіп, мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің Жоғары оқу орнынан шақырту алды. Қуанышы қойнына сыймай, ата-анасы туған-туыстың басын қосып, үлкендердің батасын алды. Дос-жаранмен қоштасып, өз ортасындағылардан алғашқы болып шетелге аттанды. Америка Құрама Штаттарындағы атақты университеттің бірінде екі жыл білім алып, елге оралды. Жұмысқа тұрды. Баласының аман-есен елге келгеніне әке-шешесі мәз. Тойға бергісіз атап өтті.
Күн артынан күн, ай артынан ай сырғып өте берді. Жеке кәсібі бар Қанаттың әкесі ескі үйін бұзып, қаланың ортасында орналасқан 10 сотық жеріне екі қабатты зәулім үй салды. Бұл кезде үлкен фирманың бірінде белді қызмет жасайтын Қанаттың жасы жиырма жетіден асып кеткен еді. Достарының бәрі дерлік үйленген, алды үш балалы болып үлгерді. Оқу, жұмыс бабымен жүріп қалған Қанат та айналасына көз тастап, өмірлік жарын іздей бастады. Алысқа ұзаған жоқ, іздеген аруы өз ортасынан табыла кетті. Дос баласының келіншегінің құрбысы. Танысуы да аяқасты болды өзі. Бір көргеннен бірін-бірі ұнатқан қос ғашық бір-бірінің ата-анасымен танысып, шаңырақ көтерді. Қанаттың әке-шешесінің қуанышында шек жоқ. Жалғыз ұлы үйлі болғанда бөркін аспанға атпағанда ше. Тапқан-таянғанына ұлан-асыр той жасап, жастарды бал айына шетелге де жіберіп алды. Берекелі отбасының ырыс-ынтымағы арта түскендей еді.
Бәрі ойламаған жерден басталды. Қанат тұңғыш қызы дүниеге келгеннен кейін букмекер жағалай бастады. Алғашында жолы болып, қомақты қаржы ұтып жүрді. Үйдегілерге жұмысында табысы артқанын айтса, олар да Қанатқа сенгендіктен, басы артық сұрақ қоймайтын. Жұмыс барысында тұтынушылармен жиі келіссөздер жүргізіп, кездесулерге барып, жауапты жұмыс атқарып, бүкіл жүкті мойнына артып алған Қанат біртіндеп құмар ойынға әуестене бастады. Жұмыстан шаршағаны басылғандай бір сергіп қалатын. Алғашында шағын ортаны жағалайтын. Бірте-бірте үлкен ойындарға қатыса бастады. Ол үшін қалтаңда қомақты қаржы болуы керек. Қанат ойланып жатпады. Жұмыста қаржы жағына да өзі жауапты болғандықтан ретін келтіріп, үлкен көлемдегі ақшаны ойынға тігіп, артынша ұтқан ақшасымен жауып жүрді. Бара-бара бұл әдетке айналды. Ауыз толтырып айтарлықтай соманы ойынға салып, ұтылуы жиіледі. Кешкісін, әсіресе сенбі, жексенбі күндері үйде тұрмайды. Сылтауы – жұмыс. Бұған дейін артық қылтың-сылтыңы жоқ баласының бұл жүрісінен күдіктенген әкесі бақылап көрді. Күмән тудыратын ештеңе жоқ секілді. Қашан көрсең, баласы бастығымен бірге жүреді. Жұмысы бастан асады. Үйге келсе де компьютердің алдына отыра қалып жұмыс істеп жүргені. Тілі шығып, жүгіріп жүрген қызына да көңіл бөліп үлгереді. Келіншегімен тату-тәтті. Бірақ, арада көңіл көншітпейтін бір нәрсенің бар екенін бәрі сезді.
Уақыт өте келе сырдың беті ашылды. Қанат құмар ойынның құрсауынан шыға алмай, жан-жағына қарыздан белшесінен батқан екен. Ол ол ма, жұмысының да үлкен көлемдегі қаржыны ойынға салып жіберіп, қайтара алмай қалыпты. Бастығын ары-бері алдаусыратып, уақыт созып жүргенінен түк шықпады. Әкесін көптен танитын бастығы тікелей үйіне келді. Бәрін жайып салды. Жасыратын нәрсе қалмады. Қолымен істеген ісін мойнымен көтеруге, мойындауға тура келді. Соңғы уақытта жүрегі сыр беріп жүрген әкесін уайымдап еді. Жоқ, қайта әкесі ұстамды екен. Ұрсып-жекірсе де өзін тастап жіберген жоқ. Қанаттың қарыз ақшасының 30 миллионнан асып кеткенін естіп, туған-туыстан көмек сұрады. Баласы кінәлі болса да сын сағатта қателігін қайта-қайта бетінен баспай, керісінше, демеу болуға тырысты. Қарызының бір бөлшегін тауып беріп, қалғанын жабу үшін көп ойланбастан, үйін сатуға қойды. Қаланың ортасында соңғы үлгімен, әсем етіп салынған еңселі үйді алушы да табыла кетті. Үйді сатқан ақшадан елге қарызын қайтарып, қалғанына қаланың шеткерірек ауданынан жер алып, үй салуға кірісіп кетті. Әкесінің табысының арқасында жаңа үй де тез бітті. Қанаттың келіншегі Жайна екінші сәбиін босанып, дүниеге ұл келді. Бір қыз, бір ұлдың әкесі атанған Қанат құмар ойынға деген құмарлығын түбегейлі қоя алмады. Қолы қалт етсе, сол жаққа қарай тартып кеткісі келеді де тұрады. Осы уақыт ішінде үйінде де талай ұрыс-керіс болды. «Жаздым, жаңылдым, енді жоламаймын» деп уәдені үйіп-төгіп береді де, арада біршама уақыт өтіп, ұмытыла бастады-ау деген сәтте қайта әдетіне басады. Әке-шешесі емші, бақсыға да апарып көрді. Нәтиже жоқ. Айтып-айтып шаршады.
Сырт қараған көзге өз ісінен басқамен шаруасы жоқ, іске мығым, сөзге шешен, жауапкершілігі мол болып көрінетін Қанаттың достары да сырт айнала бастады. Енді қайтсін, жолап кетсе қарыз сұрайды. Онысын уақытылы қайтарған да емес, кешіктіріп, бірінен алғанын екіншісіне беріп жүргені. Балаларын түрлі қосымшаға беріп, келіншегімен қымбат жерлерден тамақтанып, жақсы киініп жүретін мұны ешкім қарызы көп адам деп ойламас еді.
Уақыт деген зымыран бір орнында тұра ма? Үйленгеніне сегіз жылдай уақыт болған Қанаттың әкесі жүрегі ауырып, ауруханаға жиі жататынды шығарды. Баласының уайымы жүрегіне түскен секілді. Үшінші сәбиінің дүние есігін ашуын күтіп жүрген Қанат өз-өзін қанша қолға алса да құмар ойынның шырмауынан шығар емес. Кірер есігін тапқанымен, шығатын жол таппай дал болады. Қарызын жабуға тырысып, үсті-үстіне ойнайды. Ұмтылған сайын ұтыла береді. Бастапқыда қолы жиі шығушы еді, қазір не қырсық шалғанын кім білсін?! Бүгін де жұмыстан ертерек, үйге келіп тамақтанып алған ол сыртқа беттей берді. Бірнеше ай бұрын астындағы көлігін де сатып жіберген еді. Ақшасы сол баяғы қарызға кетті. Шақырып қойған таксиге беттей бергені сол еді, қалтасындағы ұялы телефоны безілдеп қоя берді. Бейтаныс нөмір. Алды... көзалды тұманданып кете барды. Ауруханада жатқан әкесі  бақилық болыпты. Көлікте келе жатып, өткен өмірін көз алдынан өткізген Қанат өкініштен бармағын тістей берді. Өкінгенмен не пайда, өзі ғана құмар ойынның құрбанына айналмай, әкесін де сол бір жексұрын шырмауықтың шырмауына жіпсіз байлап беріпті ғой. Қаланың кептеліске толы жолы тым ұзарып кеткендей. Кез-келген қиындықтан алып шығар тірегі, алып бәйтерегі шынымен құлағаны ма? Қалайша? Неліктен? Санада сансыз сұрақ...
15 маусым 2022 ж. 445 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031