» » Сатира сардары

Сатира сардары

Әдебиет адамды тәрбиелеу құралы болса, сатира осы тәрбиелеу жолында қомақты үлесі бар, әдебиеттің салалы бөлігі. Сатира әдебиеттің басқа да жанрлары секілді, адамзаттың рухани әлемінде үлкен рөл атқарады. Қоғамдағы жағымсыз болмыс, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлық, әдепсіздік пен тәртіпсіздікті сынап, келемеж етіп, халыққа одан бойын аулақ салуды насихаттайды. Адам сатиралық шығарманы оқи отырып, өз кемшілігін тауып, оны жоюға тырысады. Демек, сатираны да адам өмірінің айнасы деуге толық негіз бар.
Сатираға анықтама беру тұрғысынан көптеген әдебиет зерттеушілерінің пікірлері бір арнаға саяды. А.Квятковский «Сатира – болмыстағы жағымсыз құбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп, қара сөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің бір түрі» деген анықтама береді. Ал Т.Қожакеев «Сатираның болмысқа эстетикалық қатысының өзіндік ерекшеліктері бар, өмір  құбылыстарын зерттеу, бағалау, көрсетуде өзіндік әдіс- құралдары, өзіне  тән табиғаты, сыр-сипаты бар дербес әдебиет тегі»  деп теориялық тұрғыдан баға береді. Демек, сатира өмірдің қалтарысындағы «кеселді, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып сілкілейді. Мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілдіреді». (3.Қабдолов)
Қазақтың қай ақын-жазушысы болмасын, сатираға соқпай, оны шығармаларына арқау етпей өткені кемде-кем. Солардың бірі сатирадан сара жол салған, тапқыр тілді ақын Т.Ізтілеуов еді. Тұрмағамбет те басқа әдеби тұлғалар секілді халқының бүгіні мен ертеңіне, айналада болып жатқан сан қырлы құбылыстарға жайбарақат қарай алмады. Орайы келгенде кейбір адамсымақтарды сын найзасымен түйреп, олардың санасына сіңіп қалған тоғышарлық атты көксіреу мұздың көбесін қақырата сөгеді. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген халық нақылын шығармашылығына жібек арқау, алтын өзек етіп алып, қоғам өміріндегі мүлт кеткен кемшіліктерін, кейбір жеке адамдардың жағымсыз қылықтарын әшкерелеп, тоғышарлыққа тапқырлықпен жауап қатып, туралықтың, әділдіктің, шыншылдықтың үлгісін танытады.
Тұрмағамбет өлеңдерінің ерекшелігі заманындағы ең маңызды да өзекті мәселелерді дер кезінде қамтып, оқырманға бағыт-бағдар көрсете білуінде еді. Сондықтан ақын өлеңдерінің көбісі мінез-құлықты жөндеу мақсаты негізінде сатираға құрылады. Тірлікте өзінің жаман қылығын түстеп білмейтін, біреудің ақылын тыңдаудың орнына жағасына жармасатын шадыр мінез, шатақ адамдарды сатирасына нысана етеді.
Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
Жақсыға жаман көзін ақырайтар.
«Тудым» - деп өзің туған мен де атадан»,
Недәуір аузын керіп ақырайтар.
 (Жақсы мен жаман)
Адам ешқашан да өз қылығының жамандығын танымайды. Өзгеден көреді, өзгеге күледі. Егер сол қылығын біреу айтса, оны кемсіту деп санайды. «Сен маған ақыл айтатын кімсің?» деп одан әрі шалқаяды. Ойы олақ, сезімі шолақ мұндай адамдар кісінің қадір-қасиетін, ата-тегінің, тұқым-жұрағатының байлығымен бағалайды. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қазақтың қарғыс мәндес сөзінің киесіне ұшыраған осындай надандар кежегені кері тартар бойдағы кер мінез бен отбасынан оза алмайтын ошақ басты ойдың шырмауынан шықпайды. Мұндай қылықты сынаған Абай да кезінде «Ұқпайсың өз сөзіңнен өзге сөзді, Бас-басыңа би болған өңкей қиқым» деп қиқар мінезді тап басып, тапқыр айтқан болатын. Ұлы Абайды шығармашылығында өзіне ұстаз тұтқан арқалы ақын Тұрмағамбет өлеңінде ұстаз идеясымен осылайша үндес келеді. Өлең соңында «Еңбегің ессізге айтқан еш болады» дей келе таяздық пен саяз ойлылық, тоңмойындық пен тоғышарлық тоқайласқан жерде адамдық қасиеттердің жұғыны да қалмайтындығын, еңбегің еш, тұзың сор болатынын айтып, ақын жүрегі қан жылайды. Мерездік пен менмендік арам шөп секілді күй талғамайды, неғұрлым жоюға тырыссаң, соғұрлым қаулап өсіп, тамырын тереңге жаятынына ақынның көзі жетеді. Абай да халқының осы мінезіне налып, «Қайран сөз, қайран тіл – наданға қадірсіз» деп күйінеді. Байқап отырсақ, Тұрмағамбет өлеңінің өн бойында Абай ұстазымен идеялық үндестік тауып отырған секілді. Ақын өлеңін зер сала оқыған оқырман жыр астарына үңілсе, сол адамның қылығынан өзін жазбай тани алады. Тұрмағамбет не болса соны келемеждеп, өлең шығара бермеген. Ол әуелде сын тезіне салар жайлардың парқын пайымдап, ақыл-таразысына салып, содан кейін ғана оған деген өзінің пікірін білдіріп отырған. Өйтпеген күнде ақын өлеңдері халық жүрегіне жетпеген болар еді. Ақынның сондай өлеңдерінің бірі «Не көп?» деп аталады.
Кей доста келісуден керісу көп,
Өсек пен өтірікке ерісу көп.
Көзге – дос, сыртыңнан – қас, іштен – араз,
Сылтау қып сәл нәрседен жерісу көп.
Достық туралы қалам тербеген ақындардың барлығында арасынан қыл өтпейтін адал достықты, азаматтық асыл парасатты жырласа, Тұрмағамбет өмірде, тек адал достықтың бола бермейтінін, кейбіреудің «достық» деп аузын толтырып айтып жүргені дүбәра дүние екенін ашып айтып берген. Сырттай дос көрінгенмен сенің орға жығылғаныңды тілеп, сүрінген тұста іштей айызы қанып, көзіңе өтірік көлгірситіндер жауыңнан да қауіпті екенін ескертеді.
Есептеп бірін – онға, онын – жүзге,
Тірнектеп дау – жанжалды терісу көп.
Айналып бас жағы – өкпе, арт жағы – өртке,
Дұшпан боп, досын ұстап берісу көп.
«Күндестік – адамгершілік сезімінің азғындаған түрі. Сондықтан да ол ой-санасы дамымаған кішкене адамдар мен парасаты жетілмеген, рухы төмен ұлттардың басындағы балаңдық аурудың нәтижесі» (Л.Толстой). Күндестік сезімі билеген жерде шынайы достық жоқ, адалдық пен досы үшін жан беру жоқ. Үй арасы әңгімесінен аса алмайтын мұндай бос кеуделер «түймедейді түйедей етіп» тырнақ астынан кір іздеп, ар-ұят,ынсап дегенді ұмытады. Мұндай жағдайлар Тұрмағамбет тұсында, әсіресе саяси қуғын-сүргін кезінде аталып кетті. Ақын осындай «күндестік» атты күйкі құбылысты жеріне жеткізіп сынайды. Ол адал достықтың жолына ор қазған амал достықтың өмірі ұзақ болмайтынын, аяқтан шалып, топшыдан қағып күн көрудің соңы жақсылыққа апармайтынын соқырға таяқ ұстатқандай ашық айтқан. Сондықтан бақай есеппен дос болу адал жолдастыққа жатпайды, ондай санасы саяз достардан аулақ бол дегенді айтқысы келеді. Қызметіңе, байлығыңа қарап қадір-қасиетіңді бағалайтын аумалы-төкпелі заманда «адамгершілік» атты қайығыңның желкеніне абай бол дегенді меңзейді. Тұрмағамбет юмордан гөрі сатираға көбірек қалам тартқан ақын. Себебі ол астарлап келемеждегеннен гөрі ашық айтқанды ұнататын ақын. Тұрмағамбет сатирасының негізгі тақырыбы мен мазмұнына тоқталар болсақ, ол көпшілік бұқара халық, қалың еңбекші мүддесімен астарласып жататын өзекті мәселе десек артық айтпаймыз. Тіпті ақын халықпен кеңесіп, өлеңін жазарда елімен ақылдасып отырған ба деген ойға келесіз. Сараң, жебір байларға арналған, қоғамдық келеңсіздікке қарсы мысқылын сол көпшіліктің атынан білдіреді. Ақынның кейбір өлеңдері қағазға түспесе де ел аузында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің себебі осында жатыр. Тұрмағамбеттің ел мұңын жоқтайтын сондай сатиралық өлеңінің бірі «Кереге, уық тапқанмен» деп аталады. Бұл өлең бастан аяқ ақынның ішкі ой-толғаныстары. Өлшемі 7-8 буынды, шұбыртпалы ұйқасқа құрылған. Мысалы:
Кереге, уық тапқанмен,
Басын құрар шаңырақ жоқ.
Түйе, тайлақ жиғанмен,
Аунап жататын шаңлақ жоқ.
Сайрайтын небір бұлбұл бар,
Бау менен бақша шарбақ жоқ.
Бұл аузы буылып, апшысы қуырылып тұншыққан, зиялыларынан көз жазып қалып, бағыт-бағдарынан айрылған қазақ халқының өмірі. Алғашқы екі жолында ақын алаштың сүт бетіндегі қаймақтары саналатын Ахмет, Міржақып, Сәкен, Мағжан, Әлихан тағы басқалары сынды арыстарының айдалып кетіп, қазақтың басын құрайтын басшы қалмағанын қапалана жырлайды. Шаңырақсыз кереге, уықсыз үй болмайтындығын көз алдыңызға елестете отырып, аңғал қазақтың басшысыз ел болуы қиын екендігін ескертеді. Яғни Тұрмағамбет ұлттық танымға жақын «шаңырақ» сөзін әдейі ел басқарған көсем, шешендердің символы етіп алғанын байқаймыз. «Түйе, тайлақ жиғанмен, аунап жататын шаңлақ жоқ» дей отырып, орыстың отарлау саясатын меңзеп, келімсектердің көбеюінен қазақтың жайылым жерлерінің тарылуын айтқысы келеді. Отаршылдыққа, репрессияға қарсы ақын ойы оның өлеңдерінен осылай көрініс тапты. Тұрмағамбет өлеңдеріне, жалпы XX ғасыр әдебиет өкілдерінің шығармашылықтарына тән ерекшелік – олардың әлеуметтік-саяси мәселелерді көп көтергендігі. Мысалы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев:
Байланып қорыққандықтан жүрді тілім,
Қазағым, қайран жұртым, халқым елім.
Мұжық кеп, қара шекпен крестьян,
Жеріңді қылмады ма тілім-тілім, –
деп жүрегіне батқан қазақтың халін ашына жырлап, ұлт санасын оятуға талпыныс жасаған. Екі ақынның да өлеңдеріндегі көтерген мәселесі өзекті, көзқарастары бір, идеялары үндес келеді.
Тұрмағамбет өлеңінде түйе, тайлақты алуының өзінде терең философиялық мән жатыр. Себебі түйенің басқа төрт түліктен ерекшелігі, Адам ата мен Хауа ана секілді Алла тағала оны да жұмақтан түсірген дейді. Алланың дидарын осы жануар көрген дейді. Сондықтан алғашқы мекені жұмақ болған түйе киелі жануар саналады. Тарихи деректерге сүйенсек, Абылайдың сары бурасы өзінің ерекше қасиеті арқылы алда болатын оқиғаны алдын ала біліп, ханға өзінің қимыл-әрекетімен сездіріп отырған.
«Сайрайтын небір бұлбұл бар, Бау менен бақша шарбақ жоқ» дейді ақын. Сөйлеген сөзі мірдің оғындай, қара қылды қақ жарған, айыр көмей, шешен тілді, алғыр ойлы арыстарға қазақ ешқашан кенде болған емес. Сайраған бұлбұлдарын торға қамап, қазақтың сорын қайнатқан заманды ақын ашына жырлайды. Солардың бірі Тұрмағамбеттің өзі де елінің мұңын жоқтағаны үшін темір торда отырды.
Үй басына бір есек,
Сурылып шығар саңлақ жоқ…
…Алла айдаса әр қайда,
Баратұғын домалап
 Адамнан өткен қаңбақ жоқ.
Өлеңнің алғашқы жолдарын астардан бастаса, бара-бара бауырын жаза шапқан тұлпардай желпініп, ойын ашық жеткізе бастайды. Өз қамын ғана ойлап, көрпесінен аса алмайтын тоғышарлардың көбеюін ақын қынжыла жырға қосады. Демек қоғамдағы қатынастар, өзгеріс, саяси қақтығыстар ақын қаламынан қалыс қалмаған. Жыраулар поэзиясындағы дәстүрді пайдаланып, Тұрмағамбет тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін соңғы екі жолға сиыстырып жібереді. Өлең соңында «Адамның басы – Алланың добы» деген нақылды өлеңге шебер қиыстырған және де бұл жолдар өлең мазмұнын, автордың ұстанымын көрсетіп тұр дей аламыз.
Тұрмағамбет сатирасының темірқазығы адам табиғатындағы және ұлттық психологиядағы батпандап кіріп алған жұқпалы ауру секілді жамандық атаулымен күрес, соның алдын алу, емін табу. Мұның өзі Тұрмағамбет дүниетанымындағы диалектикалық тереңдікті танытса керек. Осы негізде ақын мысал жанрына көбірек қалам тартқан.
«Көкқұтан мен шымшық» мысалында бақай есеппен күн кешетін, рухани жарымжан адамдардың образын береді. Бір ағашқа ұя салып, тату-тәтті дос болып өмір сүріп жатқан шымшық пен ләйлек болмашыға араздасады. Екеуі енді бір-бірін жамандай бастайды. Көкқұтан (Ләйлек) мансапқор, даңғой. Шымшықтан үлкендігін дәреже көріп, «Сені жаудан қорғап жүрген менмін, менің арқамда сайран салып жүрсің. Мен болмасам жылан келіп, бала-шағаңмен қоса қырып тастар еді. Сол жақсылығымды бағаламай, ренжітесің» деп кердең мінез көрсетеді. «Өзіңнің жынысың – кішік, атың шымшық, қарашы тұмсығыңа, титтей мұрның» деп шымшықты менсінбейді. Ал шымшық кішкентай ғана құс болса да, үлкен ой айтады. «Бірге тұрған соң көмектесу әркімнің парызы. Мен де шамамның келгенінше саған көмек берудемін. Тұмсығың ұзын болғанмен құмырсқаға кедергі бола алмайды. Құмырсқадан қанша құтқардым. Сондағы сенің тәубең қайда?» деп ләйлекті сабасына түсіреді. «Сен ондай бос сөз айтып досыңды қаралама. Татулықтан айрылып, кейін өкініп жүрмейік. Ой жіберіп қарасақ бір-біріне көмек беріп, бірлесіп өмір сүргендер озады. Бірлікпен барлық істің түйіні шешіледі. Сондықтан істеген жақсылығымызды міндетсінбей, бір-бірімізді демеп жүрейік, татулықты бұзбайық» деп ақыл айтады. Ақын бұл жерде татулық, бірлік туралы кең құлашты, іргелі де алымды насихат сөздерін шымшықтың тілімен бір жеткізсе, «Әлсізді аяққа сап тебе бермей, Ғибрат мұнан әркім алу керек» деп ордалы ой, парасатты пайым айтады. Тұрмағамбеттің бұл мысалы өзі тұстас С.Торайғыровтың «Арыстан мен тышқан» атты мысалымен сарындас. Сұлтанмахмұт мысалында өзін ұстап алған арыстанға тышқан өзін өлтірмеуін, тірі жүрсе пайдасы тиетінін айтып жалынады. «Сорлы тышқан, не жақсылық қайтады сен байғұстан, саған қараған күнім құрысын» деп арыстан оған әбден күледі де, жібере салады. Кейін тұзаққа түскен арыстанды, тышқан торды тісімен қиып, құтқарып алады. Екі мысалдың оқиғасы екі түрлі, бірақ айтар идеясы бір. Өзің қанша күшті болсаң да басқаны кемсітпе. Әлсізден де дос жараның болсын. Ондайлардың пайдасы тимес деп ойлама, олар да жақсылыққа жақсылық істей алады. Осыны білмейтін өркөкіректерді ақындардың бірі арыстан бейнесімен, екіншісі көкқұтан бейнесімен берсе, қарапайым қатардағы көптің бірін тышқан, шымшық бейнесімен тауып бере білген. Тұрмағамбет бір-біріне сеп болып жүрген, табиғаттың екі әлсіз құсын әдейі таңдап алып отыр. Көкқұтан сондай үлкен істерді бітірмесе де шымшыққа тигізген аз көмегіне көңілінің кесесі тасып -төгіліп, шымшықты құс құрлы көріп отырған жоқ. Өмірде мұндай адамдар жетерлік. Олардың есте қалардай ұлы істер істеу қолынан келмейді. Сондықтан қолынан келген кішкене бір елеусіз істі көпіртіп, әсірелеп көрсеткісі келеді. Ал шымшық болса өз орнын біледі. Орнымен сөйлеп көкқұтанға ой тастайды. Автор адам күшімен немесе мансабымен бағаланбайды, адамдық қасиетімен, ізгі ісімен бағаланбақ деген ойды тағы да шегелеп түсіндірген. Осы секілді «Өгіз бен есек», «Төрт дос» тағы да басқа мысалдарында ақын табиғаттың кез келген құбылысынан, сол табиғаттың бір бөлшегі хайуанаттардың өзінен ғибрат алуды насихаттайды.
Тұрмағамбет қай шығармасында болмасын алмастай алуан қырлы терең ойларын іште бүкпей, қоғамда болып жатқан жақсылы-жаманды құбылыстарды тіршіліктің тінінен суырып баяндап, өсиет етті. Сатираға бағытталған қай шығармасын алсақ та адам бойындағы көлеңкелі құбылысты әшкерелеген сын мен одан арылудың жолын көрсеткен, ізгілікке, тазалыққа үндеген ғибратты ой шендесіп шымырлап-ақ жатыр. Бойыңды билеп, ойыңды шалқытатын мұндай шалқар ұғым ұялаған шығарманы тек Тұрмағамбет секілді көкірегінде көзі, аузында дуасы бар текті ақындар ғана жазса керек…
Ерхан КӘРІБОЗОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты
07 маусым 2022 ж. 701 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 057

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031