Балалар неге қорғансыз?
БҰРЫН БАҚҚАН ӘЖЕМІЗДІ ҰЙЫҚТАТЫП, ТАПА-ТАЛ ТҮСТЕ ОЙЫН ҚУАЛАП КЕТЕТІНБІЗ. СОЛ КЕТКЕННЕН ТҮН БАТА БІР-АҚ ОРАЛАМЫЗ. БІЗДІ ІЗДЕП СЕНДЕЛГЕН ҮЙДЕГІЛЕР БІР РЕТ ҚАЛПАҒЫМЫЗДЫ ҚАЙЫРЫП АЛАДЫ. БІРАҚ ЕРТЕҢІ СОЛ ТІРЛІКТІ ТАҒЫ ЖАСАЙМЫЗ. БАҚШАДА ӨСКЕН ҚЫЗАНАҚ-ҚИЯРДЫ ТЕРІП АЛЫП, ШЕЛЕКТЕП САТАМЫЗ. ТІПТІ ТЕМІР, АЛЮМИНИЙ ӨТКІЗІП КӨРШІ ҮЙДІҢ ҚОРАЗ КӘМПИТІН АЛАМЫЗ. ҮЛКЕНДЕР ТЕК «ТАНЫМАЙТЫН АДАМ КӘМПИТ БЕРІП ШАҚЫРСА БАРМА» ДЕП ҚҰЛАҒЫМЫЗҒА ҚҰЯТЫН. ИНТЕРНЕТ БОЛМАҒАН СОҢ БА, СҰМДЫҚ ЖАЙТТАР ЖАЙЫНДА БІЛМЕЙТІНБІЗ. АЛАҢСЫЗ ОЙНАП, АЛАҢСЫЗ КӨШЕ КЕЗГЕН ШАҚ ЕДІ. ҚАЗІР ШЕ?
Ол кезде жарық уақытпен жанады. Білте шамның жарығына сабақ оқып, көз майымызды тауыстық. Теледидар дегенің бір көшеде бір үйде болатын. Ауыл арасында «пәленшенің баласы қайнаған суға күйіп қалыпты» не «түгеншенің баласы құдыққа түсіп кетіпті» дегенді естуші едік. Одан бертін келе өз-өзіне қол жұмсау дегенің шықты. Әсіресе мектеп оқушыларының арасында белгісіз себептермен өлуі жайында ауылдың өзі шулай бастады. Ғаламтор деген пайда болды. Е, Н+ ұстаса да агент деген дүниенің тұңғиығына баттық. Таныстық, байланыс, әңгіме көбейді. Бәленің бастауы да агенттен болды. Танымайтын адаммен кездескен қыз сол адамнан зәбір көрді. Жоғалу, қашып кету секілді нәрселер көбейе бастады. Бертін келе интернет қолжетімділікке ие болдық. Осы сәттен бастап «зорлап кетті, тонап кетті, өлтіріп кетті» деген жаңалықтың ортасына топ ете қалдық. Педофиль дегенді сол кезде көріп, сол кезде жағамызды ұстай бастадық. Кейде балалық шағымызда қалай алаңсыз, қорықпай ойын қуып жүрдік екен деген ой мазалайды. Әйтпесе мұндай қорқынышты жайттар сол кезде де болды емес пе? Тек біздің құлаққа жете бермеді. Анамыздың «өзгеден кәмпит алма» дегенін осы кездері ұға бастағандаймыз. Қазір баланы ойнауға жібермек түгілі мектептен жалғыз қайтуының өзі қорқынышты секілді. Апарып тастаймыз, алып келеміз. Тіпті дүкенге жұмсауға да жүрексінеміз. Неге? Өйткені айнала қорғансыз. Қай жерден қандай қауіп келетінінен хабарымыз жоқ. Қорқыныш көп бізде. Оның үстіне соңғы уақыттағы келеңсіз жайттар мен орын алған оқиғалар ата-анаға үрей туғызуда.
Биыл – Балалар жылы. Демек балаға жіті назар аударып, оның құқығын қорғау, оған бақытты балалық шақ сыйлап, көңіл бөлу басты нысан болуы керек. Дей тұра балалар жылы балалар жайындағы келеңсіз оқиғалармен толығып тұр. Әр күні бір қайғылы жағдай орын алуда. Үш балақай әкесінің көлігінің ашық тұрған багажына қызығып мініп, есік сарт жабылып, тұншығып қайтыс болды. Оқиға 18 мамырда болған. Екеуі сол жерде, біреуі ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жан тәсілім етті. Жақында ғана анасы қолға ұстап тұрған жерден 9 қабаттағы терезеден құлап кеткен 1 жарым жасар сәби қайтыс болды. Дәрігерлер нәрестенің өмірі үшін 3 тәулік бойы күрескенімен қайран болмады. Ал Сарқандағы қоқыс жәшігінен 5 жасар қыздың мәйіті табылды. Бала сал ауруымен ауырады әрі ақыл-есі кем екен. Астана маңындағы ауылда 6-7 жасар балалар ойнап жүріп пешке тығылып, тұншығып өлді. Өткен аптада Алматыда қазылып ашық қалған котлаванға түсіп кеткен бала шыға алмай көз жұмды. Алдыңғы күндері Шымкентте газ балоны жарылып, өмірге келгеніне 2 апта болған нәресте қайтыс болды. Күніне бір өлім. Суға түсу маусымы келе жатыр. Әрбір суға кеткендердің жартысы балалар екені тағы бар. Интернетте жариялана бермейтін жайттарды қосыңыз. Қайнап тұрған сорпаға отырып қалған, ат теуіп кеткен, ит тістеп алған, «Доместос» ішіп қойған, уксус жұтып алған секілді оқиғалар азаймай тұр.
Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы оқиға көпті дүрліктіріп еді. Көпқабатты үйлердің бірінде терезеден құлағалы тұрған үш жасар бүлдіршінді қызылордалық Сәбит Шонтақбаев құтқарып қалды. Абырой болғанда 8-ші қабаттан сәби құламай, аман қалды. Сондағы анасы аз уақытқа ғана жұмысқа кеткен. Жалпы баланы үйде жалғыз қалдырудың соңы не болуда? Анаубір жылдары 5 баланы өрт жалмады емес пе? Бала ақыл-есін тоқтатып, балиғат жасқа толғанша оның денесіндегі әр тыртыққа ата-анасы жауапты. Бала деген сол, қимылына көз ілеспейді. Тек сақтық керек.
АНА МЕН БАЛА
Іңгәлап дүние есігін ашқан сәби 5-6 айдан кейін немесе 1 жасқа да жетпей жарық дүниемен қоштасатын болса, бұдан артық қасірет бар ма? Қорғасындай ауыр сауалға біржақты жауап қайтару қиын-ақ. Соңғы жылдары сәбидің дүниеге келу деректері өскенімен олардың шетінеп кету көріністері алаңдатпай қоймайды. Иә, ұлт болашағы дені сау ұрпақпен байланысты. Республика, облыс көлемінде ана мен бала өлімі деңгейі қандай?
Былтыр елде босану жасындағы әйелдер саны 4 млн-нан жоғары болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 425 мыңға артқан. Балалар саны 6 млн-нан жоғары. Есепті мерзімде босану саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 23349-ға артық. Ал 2014 жылмен салыстырғанда дүниеге келген бала саны 45 мыңға көп. Кадрмен қамтамасыз ету бойынша, акушер-гинекологтар 91,4 процент, неонатологтар 83,8 процент. Жалпы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау көрсеткіші – 85,9 процент. Былтыр ана өлімі 22,6 процентке артқан. Оның басты себебі коронавирус инфекциясымен байланысты. Бала шетінеуіне байланысты айтсақ, 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 6,5 процентке төмендеген. Керісінше, бір жасқа дейінгі балалар арасында өлім көрсеткіші 5,2 процентке көбейген. Біздің облыста биылғы алғашқы тоқсанда 74 бала шетінеген. Былтыр бұл көрсеткіш 39 болатын. Қалаға қарасты №4 емхана, Жаңақорған, Шиелі аудандары көш бастап тұр екен. Оның ішінде туабітті ақауы бар балалар, дауна диагнозымен дүниеге келетін сәбилер де жиі кездесіп отыр.
Мамандар ана мен бала өлімінің басты себебі медициналық бақылаудың дұрыс жүргізілмейтіні, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығы, кадр тапшылығы, мамандар жүктемесінің көп болуы мен құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігін айтады.
ӘКЕНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК...
Көпбалалы ананың балаларын тастап, көлденең көк аттының қолынан ұстап кете барғаны жайында көп естідік, көрдік, білдік. Жағамызды ұстадық. Бейбіт күні анасынан не әкесінен көз жазып қалған баланың мұңын ескерер қайсы? Ресми дерекке сенсек, елімізде 230 мыңдай адам өз балаларына алимент төлеуден жалтаруда. Оның 6 500-і әйел, қалғаны еркек. Елдегі жалпы қордаланған алименттің берешегі 12 млрд 500 млн теңге. Егер балаларынан кеткен әке не шеше алиментті 6 ай төлемесе сотқа беруге болады. Баладан безген борышкерлерге арналған ҚК 139 бабы бар: 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы тәмсіл бар. Әке – ол әрбір істі ойлап барып бастайтын, қамқоршы жан. Анадан гөрі қатал. Әсіресе ер баланың тәрбиесінде оның рөлі айрықша. Әкенің мінезі, өнері мен білімі – ұл баланың өнеге алатын нысанасы. «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысшыл ер тәрбиелеу аталар арманы болған. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз соны меңзейді. Ал қыз бала – ертеңгі келін. Барған жерінде қандай тәрбие алғаны анасынан айшықталады. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші отбасынан бастау алған тәрбие оның келешегі болмақ. Шаңыраққа ие отағасының бала-шаға деп, түздің тірлігін бірінші орынға қоятыны жасырын емес. Ал үйдегі күй – отанасының мойнында. Қаталдықтың артында өжеттілік, қайраттың артында жігер жататынын кейбір азаматтарымыз ескере бермейді. Мұның соңы әскерден қашқандар мен жауапкершіліктен бой тасалаған сырғалы жігітсымақтардың қатарын көбейтеді. Өскелең ұрпақ толыққанды тәрбие алу үшін әке мен ана да бірдей атсалысуы қажет. Олай болмаған жағдайда ұл-қызға әке тәрбиесі жетіспей, келеңсіз жағдайлар да жиілейді. Әкесіз өскен ұл нәзік мінезді, анасыз өскен қыз ер мінезді болмайды ма?
КИБЕРБУЛЛИНГ ҚАУҚАРЛЫ БОЛЫП ТҰР
Қазір әлеуметтік желідегі ессіз жазбалар, пікірлер, мессенджерлердегі қорқыту, үркіту хаттары, фейк аккаунттан түрлі ерсі бейнеролик пен суреттер орнатып, әдепсіз сөздер жазып, қоқан-лоқы көрсету – кибербуллинг деп аталады. Яки бұл – адамды ғаламторда, оның ішінде әлеуметтік желілерде қорлау. Ал бүгінде әлемтордың құрсауында тіпті бір отбасының барлық мүшесі бар деуге де болады. Иә, біз кейде баламыз бастысы үйде отыр ғой дейміз. Бірақ сол бала үйде болғанымен, желіде отыр. Онда түрлі нәрсені көріп, түрлі дүниеге әуестенеді. Өмірдің оң мен солын енді ажыратар тұста, үшінші жолды көрсететін осы – ғаламтор.
Әлемдік статистика бойынша, адам күніне 6-7 сағат ғаламторда отырады екен. Әрине, ғаламтор жаңа білім үйрену үшін, өзіңді-өзің дамыту үшін жақсы. Алайда интернетте негатив көп. Балалардың агрессияға ұшырауына, мінезінің өзгеруіне интернет ойындардың, видеолардың әсері бар. Кез келген адам кибербуллингке ұшырауы мүмкін. Буллинг шындап адамға зиянын тигізеді, оның үмітсіздік пен шарасыздық күйге түсуіне себеп болады. Кей кездері буллингтің кесірінен адамдар өзін-өзі өлтіру жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Мәселен, «хит» болған – «Синий кит», «Розовый сон» деген сияқты балаларды өлімге итермелеген ойындар қаптады соңғы жылдары. Бұл ойын жалпы елу тапсырмадан тұрды. Ең соңғысы – өз-өзіне қол жұмсау. Әйтпегенде, қорқытып-үркітеді-мыс. Бұл ойын жақын жылдары өрмекшінің өрмегіндей торлай бастады. Оған қатысқаны да, ойыннан от шығып, суицидке барғандарының да қарасы қалың еді. Ойын елімізді айналып өтпеді. Бірінен соң бірі түрлі әрекетке бара бастады. «Синий китті» қазақшаға аударған жас жеткіншек ұсталды. Ол «Жұмаққа жетудің 50 жолы» атты бағдарлама жазып, таратқан. Бұған не себеп? Бұл бізге қалай жетті? Өзіне қол салғандардың соңғы хабарламасын тексергенде осы желідегі хаттарынан күмән келген. Бір қызығы, мұндай әлеуметтік желілерді қолданушылардың дені – жасөспірімдер. Осындай қауіпті платформаларды Қазақстан ақпарат министрлігі бірден бұғаттап отырады. Ата-аналар күндіз-түні смартфонға байланған балаларының кіретін сайттарын тексеріп отыру керек. Ал мұндай жағдайға көбіне жақынынан жылулық көрмейтіндер барады екен.
Дүрбелеңге толы дүниеде болып жатқан көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында бейкүнә сәбилер жапа шегуде. Қорғансыз баланы қоғам қорғамаса, басқасынан не қайыр?
Айнұр ӘЛИ