Алты ұлы – айбыны
ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ЕР БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛСЕ «АТҚАМІНЕР», «ҰРПАҚЖАЛҒАР» КЕЛДІ ДЕП ЕРЕКШЕ ҚУАНАТЫНЫ АҚИҚАТ. ҰЛ БАЛА – ШАҢЫРАҚ ИЕСІ, ЕР-АЗАМАТ – АТА-АНАНЫҢ ОТЫН ТҰТАТУШЫ. АТА-БАБАМЫЗ ҰЛ БАЛАНЫ ЕРТЕҢГІ АБЫРОЙЛЫ ӘКЕ, ҚАДІРЛІ ОТАҒАСЫ, ЕЛДІ ҚОРҒАЙТЫН ЕР, БАТЫР, БИ, АҚЫН, ҰЛТТЫҢ НАМЫСТЫ АЗАМАТЫ РЕТІНДЕ ӘДІЛДІККЕ, ҚАЙСАРЛЫҚҚА, КЕШІРІМДІ БОЛУҒА, ӨНЕРГЕ, БІЛІМГЕ, САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ САҚТАУҒА ТӘРБИЕЛЕГЕН. ӘР ХАЛЫҚТЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ АРҚЫЛЫ МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ҚАЛЫПТАСАДЫ. БҰЛАЙ ДЕУІМІЗГЕ НЕГІЗ ЖОҚ ЕМЕС. БҰЛ МАҚАЛАДА ҚАРАПАЙЫМ ҒАНА ТІРЛІК ҚЫЛЫП, АЛТЫН АСЫҚТАЙ АЛТЫ ҰЛ ТӘРБИЕЛЕГЕН, ОЛАРДЫ САНАЛЫ АЗАМАТТАР ҚАТАРЫНА ҚОСҚАН ЕЛ АҒАСЫ ИЛЬЯСБЕК БОҚТЫБАЕВ ЖАЙЛЫ СӨЗ ЕТПЕКПІЗ.
Ол 1959 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. Әкесі Тұрлығұл өңірге белгілі темір ұстасы болған. Ондай өнер, текті қасиет тегін адамға берілмейтіні ақиқат. Ауыл тұрғындары шебердің қолынан шыққан түрлі бұйымдарды бүгінге дейін пайдаланып келеді. 9 ағайынды Ильясбек ағамыз мектеп бітірген соң трактор жүргізуді үйрететін курс оқып, техника тізгіндеген. Әскерден келген соң шаруашылық жұмысына араласып ауыр көліктерді де жүргізген, бір жылдары егін де еккен. 1985 жылы шаңырақ көтеріп, зайыбы Жанар Омаровамен 6 бала тәрбиелеп, өсірген. 10 жылға жуық мал шаруашылығымен айналысқан. 1996 жылы отбасы жағдайымен Жосалы кентіне қоныс аударған. 12 жылдан бері аудандық балалар кітапханасында күзетші болып қызмет етіп келеді. Бірсөзді, азаматтық ұстанымына берік болуымен қатар мейірімді, тәрбиелі, айналасындағыларға, өзінен кейінгілерге тек жақсы әңгіме мен ақыл айта білетін, жастайынан кітапқа құмар ағамыздың бұл жерде жұмыс істеуі тіпті рухани жан дүниесін байыта түскендей.
– Әкем кітап жинайтын. «Жұлдыз» журналының 1961 жылдан беріге дейін барлық нөмірін тігіп, сақтады. Діннен сауатты болған соң имандылықтың жолында жүрді. Ауылдағы үйде ұстаның дүкені болды. Еңбекке баулыды. Ер адам сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек деп бәрін үйретуге тырысатын. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Тарихи, рухани әңгімелерді көп айтатын. Оны көріп, тыңдап өскен біз қалай тентек боламыз. Өзіміз алған құндылықты балаларымыздың бойынан көргіміз, жақсы тәрбие бергіміз келеді. Менің де балаларым ауылда, еркін өсті. Үйдің тірлігінің бәріне епті. Бақша егуге де, мал бағуға да. Қазір бос отырмаймыз. Көктем келісімен аулаға жеміс-жидек пен көкөніс егеміз. Жаз бойы оны күтіп баптаймыз, – дейді ағамыз ағынан жарылып.
И.Тұрлығұлұлының тұңғышы Амангелді аудандық электр торабында шебер болып қызмет етеді. 4 баланың әкесі. Әзірбегі аудандық музейде ғылыми қызметкер, Мейрамбек Ақжар ауылындағы мектепте есепші. Үшеуі де шаңырақ көтеріп, сәби сүйіп отыр. Нұрпейісі Қызылорда электр тарату торабында электрик болса, Нұрғазысы Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде агротехнология мамандығын меңгеруде. Ал кенжесі Нұрлыбек аудандық аграрлы-техникалық колледжде шебер болып жұмыс істейді.
– Үйде кіл ер бала өсірген соң менен тәрбиеге байланысты үнемі кеңес сұрайтындар бар. Қандай да бір іс болмасын, балаңызды қолдаңыз. Ұл балаға ең қажетті байлық – өзіне деген сенімділік. Әйел затын құрметтеуге үйретіңіз. Дастарқанға үлкеннен бұрын қол созбау, өзінен кішілерге жол беру, дұрыс қарым-қатынас жасау – бұл майда-шүйде деп ойламаңыз. Мұқият болсаңыз, келешекте өзгелер үлгі ететін ұлдың ата-анасына айналасыз. Сыпайылыққа тәрбиелеңіз. Ұл бала – жұмсақ сыпыртқы емес. Бірақ, реті келгенде сыпайылық, яғни дипломатиялық іске бейімділік қажет. Басқаларға жақсылық жасауға үйретіңіз. «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» екендігін ұқтырыңыз. Біздің үлкен ұлымызға көп жауапкершілік артылды. Үйдің тұңғышы деп әлі күнге сенім артамыз, бар шаруаны бірінші сонымен ақылдасамыз. Ешқайсысы бетімізге келмейді. «Не ексең, соны орасың» деген бар. Сондықтан бала тәрбиесі, ер баланың азамат болып қалыптасуына әкенің үлесі зор. Шама-шарқымның келгенінше балаларымды, немерелерімді елдің адал азаматы болуға баулып келемін. «Әкеге қарап ұл өсер» деп бекер айтпаған, – дейді өнегелі ер балаларды өсірген өнерлі әке.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА