Терроризммен күрес – баршаның міндеті
Терроризм бүгінгі таңда ең өзекті мәселе болып отыр. Оны жылдың басындағы "Қаңтар оқиғасы" да дәлепдеп кетті. Мұндай жағдайлар мемлекеттің тұтастығына, қоғамның бірлігіне қатер төндіріп, зорлық-зомбылықпен, фанатизммен, өздерінің принциптерін қорғай алмайтынымен, ымыраға келмеуімен сипатталады. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы халыққа Жолдауында бұл мәселеге айрықша тоқталды. Ол өз сөзінде "Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Шын мәнінде бұл мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ, қастандық жасаушылардың арам пиғылы іске аспады. Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым" деп бұл мәселеге айқын басымдық берген болатын.
Расымен де лаңкестік әрекеттер әлемді дүр сілкіндіруде. Лаңкестікке қарсы күрес жүргізу барысында қауіпсіздік тақырыбының маңызы мен сыртқы саясаттың адам құқықтарына, демократияға, плюрализмге, заң үстемдігіне қатысты маңыздылығын ескеру – басты мәселелердің бірі. Еліміз сыртқы күштердің қолдауын тауып отырған террорлық ұйымдардың нысанасына айналмауы үшін халықаралық заңға құрмет көрсететін, рационалды, ұлттық мүддені алға қоятын, бейбітшілік пен достастық қағидаларына негізделген саясат ұстанғаны абзал. Мұнда күресте негізгі қағидалардың бірі – халықтың қолдауы. Бұл қолдауға ие болу үшін сенімді болу, сенімді болу үшін терроршыларды ұстау, оларды ұстау үшін қолында өкілеттігі мен білімі болуы, қолында өкілеттігі және білімі болуы үшін кәсіби деңгейі мықты болуы керек. Осы керектердің жолында бірігіп күресуге тиіспіз. Қолдауға ие мемлекет лаңкестік және экстремизм сияқты қауіп-қатерге бөгет болып, сүттей ұйыған бірлікті шайқалтуға, ел ішінде туындауы мүмкін бөлінулерге төтеп береді. Сол себепті лаңкестікпен күрес мемлекеттік органдардың ғана борышы емес, әрбір қазақстандықтың міндеті.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі