ТӘРТІПКЕ БАС ИГЕН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ
Сейсенбі күні аудандық агроколледжде «Құқық бұзушылық және оның алдын алу» тақырыбында жиын өтті. Басқосуда сөз сөйлеген оқу орны директоры И.Айекенов құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері мен студенттер арасында құқықтық тәрбиенің өзектілігіне тоқталды.
Жиналыста директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Мұратов «Құқықтық тәрбие маңызы және құқық бұзушылықтың алдын алу», тарих пәні мұғалімі М.Жүсіпова «Студенттер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған колледжішілік ұйымдастырылатын «Құқық» клубының атқарған жұмыстары жайлы», аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі ювеналды топ инспекторы Р.Төлепбергенов Құқық бұзушылықтың профилактикалық шаралары мен 2018 жылғы 3 айдың қорытындысы туралы хабарлады.
Жиналыста колледжішілік ата-аналар комитетінің төрайымы Ә.Боранбаева бала тәрбиесі, ата-аналардың білім ұясымен қарым-қатынасы тұрғысында өрелі әңгіме өрбітсе, психолог К.Құлмырзаев І, ІІ курс студенттерінің ата-аналарына тренинг жүргізді. Басқосуда аталған тақырып аясында түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып, ортақ ойлар ортаға тасталды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».