Ауыз бекіту – ас ішіп, аяқ босату ғана емес немесе біз қасиетті айдың нығметін қалай түсініп жүрміз?
Осыдан бір-екі күн бұрын қалта телефоным безілдеп қоя берді. Қарасам, көптен бері хабарласпаған қарағандылық Ғани есімді бауырым екен. Өзінің қуанышында шек жоқ. Амандық-саулық сұрасып, мал-жанды түгендеп болған соң:
– Ораза ұстап жатырсың ба? – деп сұрақты төтесінен қойды.
– Әрине, – дедім мен.
– Олай болса, тыңда. Мен бүгін әлеуметтік желіден бір жазба оқыдым. Қатты әсер етті. Рамазанның мән-мағынасын енді түсінген сияқтымын. Түйсігіме бірдеңе жеткен секілді. Сол жазбаны сендер де біліп, мен секілді мотивация алсын деген оймен хабарласып отырмын. Өзіңе де соны оқып бергім келіп отыр, – деді досымыз жадыраңқы дауыспен.
Көптен бері хабарын алмаған бауырымыздың аяқ астынан қоңырау шалып, ақтарыла әңгіме айтып, күтпеген жерден мотивация алатындай «Ол не жазба болды екен?» деп таңғалдық ішімізден. Осылай ойлап үлгергенімізше болған жоқ, телефонның арғы жағынан Ғани:
– Тыңдап тұрсың ба? – деді де, әлгі өзіне қатты әсер еткен жазбаны дауыстап оқи жөнелді:
– «Мектепте бір мұғаліміміз болатын. Ерекше адам. Сол кісінің көзіне түсу үшін, сол кісіге ұнау үшін барымды салатынмын. Ең алдыңғы қатарда отыратынмын, сабаққа тыңғылықты дайындалатынмын, үй жұмысын тұрақты орындайтынмын, басқалар үндемей, пәс болып отырғанда, қол көтеріп, сұрақтарға жауап беріп, белсенді болатынмын. Бір күні ол мені бүкіл сыныптың көзінше мақтады. Төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұрды. Қандай мәртебе десеңші! Мен оның «любимчигіне» айналдым, білем. Әр сабақта оның маған деген ерекше ықыласын, сенімін байқай бастадым. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын.
Бағана мешітте бір ой келді. Неге мен дәл солай Алланың любимчигі болуға тырыспаймын, а? Оған ұнайтын істерде ең алдыңғы қатардан көрінсем, әр құлшылығыма тыңғылықты дайындалсам, Оның тапсырмаларын тұрақты орындасам, басқалар үндемей, пәс болып қалғанда, белсенді болсам, Оның көзіне түсіп, Оған сөзсіз ұнайтын едім ғой.
Сыныптас, группалас, әріптестерімнің, мешіттегі жамағаттың, достарымның ішіндегі Алланың ең сүйікті құлы мен болам деген ұмтылыстан асқан мотивация бар ма екен?
Бір күні Ол мені бүкіл әлемнің көзінше мақтаса ғой. Қандай мәртебе десеңші! Сол сәттегі күйімді елестете де алмаймын. Алланың любимчигіне айналсаң, Ол сені басқаларға да сүйікті етіп қояды. Олар сені жақсы көріп, төрге отырғызып, ізгі тілегін арнап, сый-сыяпатқа бөлейтін болады. Ал сен іштей «Неге бұлардың маған сонша ықыласы ауды екен, мен оларға ешқандай жақсылық жасамадым ғой?» деп ойлайсың.
Құранда бұл жайлы былай делінген: «Иман келтіріп, игілікті істер істегендер бар ғой, Рахман Алла оларды (жерде де, көкте де) сүйікті қылады». («Мәриям» сүресі 19:96).
Адамдардың ғана емес, періштелердің, теңіздегі балық, көктегі құстардың да сүйіктісі екеніңді сезіну ғажап қой. Любимчик болсаң, Алланың любимчигі бол!».
Бұл жазбаны менің де әлеуметтік желіден көзім шалып қалған. Бірақ, соншалықты қатты назар аудара қоймаппын.
– Түсініп отырсың ба, Сұлташ? (Мені достарым солай атайтын – Н.М.) Бір басқа біреулердің алдында дәрежеміз өскеніп қалап, солардың «сүйіктісі» болуға тырысамыз да, ең басты нәрсені, Алланы ұмытып кетеді екенбіз.
«Жерастынан жеті қоян тапқандай», «жаңалық» ашқандай болған досымызға тағы бір мәрте таңғалдық. Әрі соны өзіне айтуға тырыстым.
– Ғанеке, оған таңғалатын несі бар? Айтып отырғаның бұрыннан белгілі нәрсе емес пе? Сосын бұл жазбаны мен де оқығанмын. Жас қаламгер Данияр Жігітбектің жазғаны ғой. Сен айтқандай, мен қатты әсерлене қоймаппын. Шыным – осы.
– Сен оны қайтадан түсініп оқы, – деді бауырымыз, – Менің оразаны алғашқы рет қалай ұстағанымды білесің бе? Ол кезде үшінші курс студенті едім. Жатақханада 4 бала тұрамыз. Екеуі ораза басталғанда ауыз бекітті. Олар күнде кешкілік мешітке ауызашарға барады. Біз болсақ алғашқы 3 күн бойы өзіміз тамақ пісіріп жеп жүрдік. Төртінші күні ауыз бекіткен екі досымыз бізді мешітке баруға көндірді. «Ораза ұстамаған адамдарға да баруға болады» деген соң, біз де бардық. Ауыз ашатын уақыт болғанда, бәрі қолдарын жайып дұғаларын айтып жатыр. Біз болсақ көзіміз бақырайып бір-бірімізге қарап отырмыз. Сол күні мешіттегі адамдардан қатты ұялғанымды көрсең. Кірерге тесік таппадым. Ұялғанымнан сол күнгі сәресінен бастап ауыз бекітіп кеттім. Сондағы әлгі мешітке «сүйреген» достарымның қуанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! «Ең болмаса бір адамның ораза ұстауына себепші болдық» деп мәз болды олар. Сонда ауыз бекіткен алғашқы жылы боқтық, жаман сөздерді айтудан тыйылдым. Енді түсінесің ғой... еркекпіз дегендей... Келесі жылғы оразада темекіден құтылдым. Сөйтіп-сөйтіп ауыз бекіткен әр жыл сайын өз-өзімді тәрбиелеп, жаман әдеттерімнен құтылып отырдым. Ауыз бекіткен үшінші жылы ғана қасиетті Рамазан айының – тәрбие айы екенін ұқтым. Осы қасиетті айда өзіңді тәрбиелеу, өміріңді өзгерту, жаман әдеттеріңнен арылу – өте оңай екенін көрдім. Рухани, дүниелік, барлық жағынан. Құдайдың осы айға адам сенгісіз нығметтер беріп қойғаны соншалық, ораза біткен соң сол айдағы жасаған нәрселерің әдетіңе айналып шыға келеді. Мысалы, темекені тастаған жылы ораза біткен соң, оны қайтадан қолыма алуыма еш зауқым соққан жоқ. Шынымды айтсам, соңғы екі жылдан бері оразаның мәнін жоғалтып алғандай болып едім. Себебі барлық жаман әдеттерімнен арылып үлгерген сияқтымын. Ораза ұстағанда: «Енді алдыма қандай мақсат қойсам екен?» деп ойланып жүрдім. Бүгін мына жазбаны оқып, қайтадан мәнін тапқан сияқтымын. Шын мәнінде, Рамазан – рухани жағынан тәрбиеленіп, кемелденіп, Аллаға бір табан болса да жақындай түсу екен. Себебі жаңа айтқанымдай, 30 күн оразада бір нәрседен тыйылсаң, болмаса, дінді түсінуге, Құранды оқуға, ілім үйренуге дағдылансаң, қасиетті ай біткен соң да, кейінгі күндерің, тіпті, өмірің солай жалғасып кете береді екен.
Басында әлеуметтік желілерде жүрген жазбаны оқып алып, «жаңалық» ашқандай болған бауырымыздың әңгімесін құлықсыздық танытып, зорға тыңдағанбыз. Бірақ оның соңғы айтқандары кәдімгідей ой салды. Тіпті жүрегімізді шымырлатып жіберді. Өзіміздің оразаны алғашқы рет мектеп қабырғасында, 11-сыныпта жүргенде оның терең мәнін, парқын түсінбей жатып, сыныптас балаларға еліктеп ұстағанымыз есімізге түсті. Тұрақты түрде ауыз бекітіп жүрген осынау 10 шақты жылдың ішінде қай жағына өзгере алдық? Өз-өзімізді тәрбиелей алдық па? Жаман әдеттерді былай қойғанда, ең болмаса, мінезіміздегі міндерімізбен күресе алдық па? Әр жыл сайын оразада Ғани бауырымыз секілді алдымызда мақсат-мұрат қойып, соған жетуге талпындық па? Міне осы секілді сұрақтар көкейімізге бір өксік түйрей берді. Соңғы 10 жылымыз көз алдымыздан зулап өтіп, қарапайым сауалдарға жауап таба алмай қиналдық. Олай болса осы уақытқа дейін оразаны босқа ұстап келгеніміз бе? Асқазанымызды ғана демалдырып, ауыз бекітуді – ас ішіп, аяқ босатумен ғана шектегеніміз бе?!
Неге Рамазан айының берекесін дін жолындағы адамдар ғана сезінуі керек? Оны біз де сезіне алады екенбіз ғой! Ғани досымның әңгімесінен мен осыны ұқтым. Қасиетті айда көп жұмысың жеңіл әрі тез бітеді. Дұға тілесең, лезде қабыл болып жатады. Кедергілер өз-өзінен жойылады. Бұрын бір жерге барсаң ұзын-сонар кезекке тап болатынсың. Қазір олай емес. Іздеген нәрсең де тез табылады. Керемет емес пе?
«Бұл өзіңді алдау емес. «Рамазан келді, ал енді береке белгілерін іздейінші. Сөйтіп басқаларға міне, көрдіңдер ме, Рамазан – қандай берекелі ай!» деп айтайыншы демейсің. Арнайы іздемесең де, береке белгілері көзіңе көріне береді», депті тағы бір жазбасында әлгі Данияр Жігітбек замандасымыз.
Замандасымыз дұрыс айтады. Берекесі мен мерекесі төгіліп тұрған айда көп жақсылықты өзіміз көргіміз келмей жатады. Әдетте адамдар: «Рамазанда бүкіл жұмысымды тоқтатып қойып, демаламын» деп жатады. Ауыз бекіту үшін арнайы еңбек демалысына шығатындарды да көріп жүрміз. Керісінше басқа-басқа осы айда белсенді болуымыз керектігін ұқпай қаламыз. Рамазанда дүниелік болсын, ақыреттік болсын, кез келген пайдалы істі қолға алып, белсенді болу керектігін түсінбейміз. Рамазанның берекесі мен мүмкіндіктерін пайдаланбау – өте ұят нәрсе. Рамазан біткенде мүмкіндіктер де азаяды. Басқа айларда бұл айдағыдай мәселелерің жеңіл әрі тез шешілмейді, бастамаларың оңай іске аспайды, өзіңді оңайлықпен тәрбиелей алмайсың. Міне түсіне білген адамға – Рамазан айының нығметі мен мүмкіндіктері сансыз.
«Жиырмадан асқан ұлым мені жыл сайын ораза ұста деп қинайды. Кеңестік тәрбиені көрген маған ол қиын. Діннің не екенін мен түсінбей тұрғанда, жиырмадан енді асқан бала қайдан ұғады? Өз дәстүрімізбен жүре берейік десем, айтқанға көнбейді» деп өкпесін айтыпты алпысты алқымдаған бір ағамыз телеарнаға берген сұқбатында.
Сол сұқбат берген ағамыз қазақы әдет-ғұрыптардың басым бөлігінің имани ұстанымнан алынғандығы, дәстүр мен діннің біте қайнасып, бөлінбес бір дүниеге айналғандығын түсінбей отыр деп айту қиын.
Біз әке тұрып ұл сөйлегеннен безетін, ата-ененің қалауын қабағынан сезетін, ата-анасы жынды болса, байлап бағатын, қолдағыны бөліп беріп көрші мен қонақтың көңілін табатын, қызына қырық үйден тыйым салатын, тағы да басқа көптеген мүміннің сипаты, мұсылманның мұраты саналатын асыл қасиеттерді отбасы – ошақ қасында бойға сіңіретін салт-дәстүрі бар халықпыз.
Ар-ұжданның ақ туын көтерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына осыншалықты кең-байтақ атамекенді аман-есен жеткізді. Сонымен қатар бізге ең басты байлық – дін дәстүрлерімен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытып кетті. Ендеше «жаным – арымның садағасы» деп мұсылманшылықты ту еткен сол баһадүр бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымау – бізге серт.
Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті. Дін мен ділдің, салт-санасы мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Кез келген дәстүр өз тамырын неге діннен алады? Себебі ол – Хақты қалап, әділдікті талап ететін жалғыз ғана тура жол. Соның ішінде мейірімділік, ата-ананы құрметтеу, жалған сөзден тыйылу, ұл-қыздың тәрбиесін, адамгершіліктің кемелін, ұят пен ардың, ождан мен тәртіптің қайталанбас тұғырлы төрін көрсетеді.
Ал әлгі телеарнаға сұқбат беріп, бүкіл елдің алдында: «Діннің не екенін мен түсінбей тұрғанда, жиырмадан енді асқан бала қайдан ұғады? Өз дәстүрімізбен жүре берейік десем, айтқанға көнбейді» деп отырған танымал ағамыз, дәстүрдің өзі діннен бастау алатынын, сол салт-дәстүрлеріміздің әлі күнге дейін өз орнын жоғалтпауының бір себебі – дінмен ұштасуында жатқандығын ұғынса дейсің.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы» дейді. Діннен тамыр жайған дәстүрімізге берік, иманымызды өзімізге серік ету арқылы ғана біз өзіміздің тарих сахнасынан орын алған тәуелсіз ел екенімізді дүйім жұртқа дәлелдегеніміз болар еді.
«Хужжатул-Ислам», яғни, «Исламның анық дәлелі» атанған Имам Ғазали «Ихия улумид-дин» атты ең көлемді әрі елге танымал еңбегінде мұсылмандық әдептерді жіпке тізгендей етіп баяндайды. Сол мұсылмандық әдептердің барлығы дерлік ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрден сусындаған қазақтың әрбір ұл-қызының бойынан табылатындығы жасырын емес.
Олай болса Алла Тағала мол мүмкіндіктер мен сансыз берекеге толтырып қойған қасиетті Рамазан айының мән-мағынасын жете түсініп, өз-өзімізді рухани тәрбиелеп қана қоймай, қашанда дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, ата-баба жолынан тағылым, өнеге алатын өрелі ұрпақ болуды мақсат-мұратымызға айналдыра алсақ, осы айдың қадіріне жете алған болар едік...
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ