» » Сырдың сәні – сарғалдақ

Сырдың сәні – сарғалдақ


Жосалы кентінен сәл асып, Қорқыт ата мемориалды кешеніне қарай жолдағы аумақта соқа тісі тимеген ұшы-қиыры жоқ далалық алқап көктем айында сары желекке толады. Табиғат-Ана кәнігі қолдан төсеп қойған текеметтей керемет келбетке енеді. Біраз жерді қамтып, керіле созылып жатқан далалық жерге дүр етіп сарғалдақ қаулаған сәтте дүйім жұрт оны тамашалауға келеді.
Сарғалдақ – Сыр бойының көктемгі символы іспеттес. Жусан иісін аңсап, сары кереметті көзімен көргісі келетіндер аймақта көп-ақ. Ондайда отбасымен, бала-шағасымен серуен құрып, жайқалған желекті қопарып кететіні бар. Біз де табиғаттың кереметін бір кадрға сыйғызу үшін Жосалы кентінен асып, мемориалды кешенге табан тіредік. Санамызда «ендігі сарғалдақ та, өзі аз өсетін қызғалдақ та жоқ шығар, жұлып әкеткен болар» деген ой болды. Дегенмен сап-сары күйге енген даланы көріп, қуанып қалдық. Бұрынғыдай емес, сарғалдақ дегеніңіз әр қырда жайқалып өсіп жатыр.
Жалпы, бұл өсімдік бір не көп жылдық өсімдіктердің үлкен тегі. Текте 360-тай биологиялық түрлер бар көрінеді. Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Өзен, жылға жағалауларындағы ылғалды жерлерде, батпақты ағынсыз шалшық суда, құрғақ және батпақты шалғында өсетін 55 түрі белгілі. Ботаник-ғалымдардың айтуынша, жалпы жер бетінде осыдан 10-20 млн жыл бұрын пайда болған жабайы қызғалдақтың қазір 100-ден астам түрі қалған екен. Оның үштен бірі біздің елімізде өседі. Қызғалдақтардың түп анасы – осы Торғай табанында жатқан қыр қызғалдағы екен. Содан болар шөлейтті жерде, яки біздің аймақта қызғалдақты онша кезіктіре бермейсіз. Сарғалдақ арасынан бірен-саран қызыл түсті гүл құдды жусан арасында жасырынып тұрғандай көрінеді.
Көктем маусымында, өкінішке орай, көздің жауын алатын гүлге қызығушылар көбейеді. Алайда өткен жылдары осы гүлді жұлып, айыппұл арқалағандарды естіп едік. Биыл гүлді жұлу құдды сап тиылғандай көрінеді. Ұрланып жұлып, видео, суретке түскендері болмаса, қаумалай бәрін отап кеткендер байқалмайды. Жалпы елде қызғалдақ жұлған адам қылмыскер саналып, ҚР ҚК 339 бабы бойынша 3000 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды немесе 800 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Аталмыш бапта сондай-ақ 3 жыл мерзімге, тіпті асқынып кеткен жағдайда дүние-мүлкін тәркілеп, лауазымынан біржола айырып 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал біздің аумақтағы сарғалдақ жа­йында бір дерекке тап болдық. Бұл – Борщов қызғалдағы деп аталады екен. Орыс ботанигі Илья Борщов тапқан, соның құрметіне қойылған қызғалдақ. Қазір Байқоңыр даласының символына айналған деп жазады дереккөзде. Осы өңірде ғана кездеседі. Торғай, Арал өңіріндегі құмды шөлдерде, Қызылқұмда өседі. Шөлейт далада, құмды жерде өсетіндіктен, көктемде көзге оттай басылады. Қу далада гүл көрген қандай ғанибет. Қызығы сол – бұл сарғалдақ та "Қызыл Кітапқа" енгізілген. Өте сирек кездеседі деп топшылаған. Қызғылт-сары, қызыл, сия көк түсті келеді. Тұқымынан көбейеді.
Қош. Енді гүл хақындағы қызықты аңыздарды тізіп көрейік. Солардың бірінде қауызында бақ құсы бар сарғалдақ туралы айтылады. Әлгі сарғалдақ бақ құсын қауызымен жауып, ешкімге бермей қойыпты. Содан бірде гүлді кішкентай сәби қолына алып, күлген екен. Сол сәтте гүлдің қауызы ашылып, ішіндегі бақ баланың басына қоныпты.
Құтып ақын жырлаған «Құсы­рау-­Шырын» дастанына арқау болған Шырын мен Фархаттың арасындағы сүйіспеншілік сезі­м­і­­­­­­­нің басты белгісі – қызғалдақ.­ Аңызда­ Шырын сұлуға ес-түссіз ғашық болған парсы патшасы Фархат өз сүйгенімен қосылуды аңсайды. Бірақ патшаның бақталастары Шырынның қаза болғаны туралы қауесет таратады. Мұны естіп, қайғы-құса құшқан Фархат ақыры құздан құлап өледі. Бақытына жете алмаған ғашық жанның қаны тамған жерге қып-қызыл болып қызғалдақ өсіп шығады. Содан бері қызғалдақ ынтызар сүйіспеншілік пен көзсіз құштарлықтың символына айналыпты деседі.
Тағы бір аңыздарда ел-жер үшін болған жорықтарда, жан алып, жан беріскен шайқастарда шейіт болған жанкешті батырлардың жаны дала қызғалдақтарының қауызына қонақтап, көктемде алқызыл қанға боялып, жанып тұрады. Сондықтан алқызыл қызғалдақты сабағынан үзуге болмайды екен.
Қазақ даласын көп шарлаған қалмақ халқы қызғалдақты дала символы ретінде түсінеді. Қалмақ аңыздарында дүниеден өтіп кеткен ата-бабалардың жаны туған жердің саф ауасымен тыныстау үшін көктем сайын атамекеніне қызғалдақ кейпінде оралып отырады.
Аңызда айтылатын қырдың қара қызғалдағы араға тоғыз жыл салып бір гүлдеп отырады екен. Алайда бұл гүлді ұстауға болмайды. Қара қызғалдақты көрген адам гүлге жақын барып, арман-тілегін айтуы керек екен. Бірақ киелі саналатын бұл гүл адамға өмірінде бір-ақ рет кезігетін көрінеді. Гүлдің қай жерде өсіп тұрғанын тіс жарып ешкімге айтпаған адамның басына бақ қонады-мыс.
Кейбір деректерге сүйенсек, қызғалдақ Еуропаға түріктер арқылы жеткен дейді. Бүгінгі «тюльпан» сөзінің де түп төркіні ежелгі түрік-парсы тіліне барып тіреледі. Қазақы қисынға салсақ, «тюльпанға» тіліміздегі «түле» сөзі де жат емес. «Түле» – көбіне көктем құбылыстарына байланысты қолданылатын етістік. Жаңару сөзімен мәндес. Қызғалдақ нәзіктікпен, сүйіспеншілікпен бірге жаңарудың белгісі. Мәселен, көктем келіп, жердің түлеуі де осы «түл» гүлінің бүр жаруынан басталады. Ал енді қызғалдақ шығыс Еуропаға қалай барды дейтін сауалға келсек, оны қазіргі түріктердің арғы атасы – оғыздар Тұраннан ауғанда «Ата мекеніміздің жұпары, Тұраннан таққан тұмарымыз болсын» деп өздерімен бірге ала кеткен деседі. Әрине, бұған қазір ешкімнің анық дәлелі жоқ. Алайда қисынсыз емес-ау деген ойға да қаласыз...

Айнұр ӘЛИ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
23 сәуір 2022 ж. 1 070 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 247

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930