Жеңіс кубогі жерлестерімізде
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДАҒЫ №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНДЕ ӨРТ-ҚҰТҚАРУ СПОРТЫНАН ӨТКЕН ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫСТА АУДАНДАҒЫ №10 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ.
Сәуір айындағы Өртке қарсы қызмет күніне орай және қызмет бабында қаза болған Қазбек Төреманов, Арман Төлеубаев, Арғын Әшірбековтерді еске алуға арналған дүбірлі жарыста өңірден 16 команда, 112 спортшы бақ сынады. Жарыс алдында құтқарушылар ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алып, 1 минут үнсіздік жариялады. Мұнан соң спортшылар жарыс бағдарламасына енген оқу мұнарасының 4 қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, жылжымалы үш иінді сатыны орнату және оқу мұнарасының екінші қабатына көтерілу сынды қызмет түрлері бойынша сайысқа түсті.
Екі күнге созылған дүбірлі додада әр аймақтан келген құтқарушылар жақсы ойын көрсетіп, мықтылар анықталды. Нәтижесінде Шиелі ауданынан келген №13 өрт сөндіру бөлімі ІІІ орынға лайық деп танылса, Байқоңыр қаласынан келген №8 өрт сөндіру бөлімі ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал қарсыластарынан басып озған аудандағы №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері рекордтық көрсеткіш көрсетіп, жеңімпаз кубогын иеленді. Жарыс жеңімпаздарын облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Руслан Қайрақбаев арнайы алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Команданың жетекшісі Азамат Жәнібеков жарыс барысындағы сәттерімен былай бөлісті.
– Жігіттермен жарысқа төрт күн қалғанда дайындалдық. Бір жағынан өзімізге көп күш те салмадық. Ең бастысы, бойда жеңіске деген сенім мен жігер болды. Бірінші сайыста аса нәтиже көрсетпедік. Басқа командалар жақсы көрсеткішке қол жеткізгенде көңіл күйіміз түсе бастады. Намысты қолдан бермеу үшін бір ғана шешім болды. Ол бір-бірімізді қолдау. Қызметкерлерімді сөзбен рухтандырып, сәттілік тіледім. Бір жағынан іштей сенім білдірдім. Себебі сайыстағы болып жатқан бағдарлама біздің күнделікті сабағымызда өтіп жүрген жаттығулар. Тек спортқа енгізіп уақытқа қойғаны болмаса, барлығы таныс. Одан кейін екінші сайыста жігіттер жақсы нәтиже көрсетіп, рекорд орнатты. Шыны керек сенбедік. Сөйтіп барлық балымызды жинақтағанда бірінші орынға шықтық, – дейді бөлім бастығының орынбасары, азаматтық қорғау аға лейтенанты Азамат Асылбекұлы.
№10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері ең бірінші қолдау көрсеткен бөлім бастығы Еркебұлан Қайратұлына және жаттығу кезінде орталық стадионмен қамтамасыз еткен Бауыржан Байшылықовқа алғысын білдіреді. Себебі кең алаңда өткізілген дайындық жоғары нәтиже көрсетуге жақсы мүмкіндік бергенін айтады.
– Өзіміздің жұмыстағы дайындық алаңы жүгіруге, көлікпен жаттығу жасауға таршылық жасап келді. Ал стадионда барынша емін-еркін дайындық өткіздік. Кешегі жарыста жеңіске жетуге соның көп септігі тиді. Мысалы, бізге ең мықты қарсылас Байқоңыр қаласынан келген команда болды. Өйткені оларда барлық жағдай жасалған. Бірақ бізде осалдық танытпай, намысты қолдан бермедік, – дейді қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Қайнар Далдиев.
Айтпақшы, №10 өрт сөндіру бөліміндегі құтқарушы жігіттердің аудан мерейін үстем еткен бұл екінші жеңісі. Өткен жылы да осы жарыста жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанған болатын.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ