Өзі болған қыз да төркінін таниды
АПТА БАСЫНДА ҚАСИЕТТІ ҚАРМАҚШЫҒА КӘСІБІНЕН БЕРЕКЕ ТАПҚАН, ӨЗ САЛАСЫНЫҢ САЙЫПҚЫРАН ҚЫЗДАРЫ ТӨРКІНДЕП БАРЫП ҚАЙТТЫ. БЫЛАЙҒЫ КҮНІ ДЕ АҒАЙЫН-ТУЫС, ДОС-ЖАРАННЫҢ КӨҢІЛІ ҮШІН ЖОЛ ТҮСІП ЖАТҚАН ДА БОЛАР, БІРАҚ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ ЕТЕ БАРҒАН БҰЛ МАҚСАТТЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК, ЖОРАЛҒЫСЫ БАСҚАША БОЛДЫ.
Асырап-бағып, мәпелеп, оқытып-тоқытып, өзге оттың шырақшысы деп шығарып салған туған үй мен туған топырақ алдында перзенттік парыздың бір парасындай болсын деп бұл қыздар ел қажет деп тапса білгенімізбен бөлісейік, тәжірибемізді ортаға салайық деген алғаусыз көңілі мен ақжарма тілегін ала барды.
Облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Қазақтану» мәдени-ағартушылық ұлттық жобасының аясында өткен бұл игі бастама «Төркіндеу» деп аталады.
Әуелі күллі түрік әлеміне ортақ абыз Қорқыт баба басында тәу етіліп, Құран бағышталды. Желмен тербелген қобыз үніне құлақ түріп, сарғалдақ көмкеріп, жусан иісі аңқыған боз даланың ауасын құшырлана жұтып, көкжиегіне көз салған қыздар бір сәт балалығын еске алып, өткен күндерге ой жүгірткендей.
«Талай келіп жүрген жеріміз ғой, бірақ бұл жолғы әсер басқарақ. Күн жарқырап, жып-жылы желі жүзімізді сүйіп, ауылымыз сондай ыстық ықыласпен қарсы алды. Әсіресе жыл сайын сәуірдің соңғы күндері мен мамырдың басында қырға шығып сарғалдақ тере барған оқушы күндеріміз еске түсіп, көңіліміз алабұртып тұр», – деді «Жанар» клиникасының директоры Үрмия Қожахметқызы.
Бұдан соң аудан орталығындағы «Аққайың» балабақшасына қыздардың қолымен жеміс ағаштары отырғызылды. Топыраққа көміліп, су құйылған ағаштар ертеңгі күні жайқалып, жеміс берсін, бұл жер лайым балабақшаның үлкен бағына айналсын деп тілек білдірісті.
– Әрқашан қазақ халқы қыздарды құрметтеген, төрге отырғызған. Сондықтан сіздердің келгендеріңіз біз үшін құрмет. Рамазан айында келген қадамдарыңыз құтты, мұраттарыңыз асыл болсын, – деп қарсы алды аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов.
Рас, қыз – тілекші. Аудан әкімі ретінде қызметін бастағанына бар-жоғы бір жарым айдай болған Әділбек Бөрібайұлының қадамына төркіндей келген қыздардың тілеулестік білдіруін жұртшылық жақсы ырымға балап жатты.
Комиссия төрайымы, төркіндей келген қыздардың көшін бастап келген Райкүл Мансұрқызы: «Біздің мақсатымыз – Қазақстанның жаңаруы жолында лайықты жұмыс істеу арқылы үлес қосу. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының аясында қыз-келіншектер біз не істей аламыз, туған жеріміздің түлеуіне, жаңаруына қандай үлес қоса аламыз деп келіп отырмыз. Бұл іс-шара облыс бойынша барлық аудандарда жүзеге асып жатыр. Айта кетейік, осында келген қыз-келіншектердің барлығы да – өз саласының майталман мамандары. Білімі мен білігі арқылы қандай да бір табысқа жеткен. Елге айтары бар. Көмек қолын созуға даяр. Мәселен, медиа, медицина, білім мен ғылым, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдардың ісін жүйелі жүргізу, т.б. салалар бойынша кез келген сұраққа жауап бере алады. Сондықтан әр саланы бір секция деп қарастырып, сол бойынша алдағы уақытта семинар-тренинг өткізуге болады. Ең алдымен елді көрейік, мұндағы жұртшылық не айтар екен, бізден басқа тағы қандай көмек керек, соны мұқият тыңдайық деп келдік», – деді халықпен кездесу кезінде.
Бұдан соң әр сала бойынша бөлінген секция жетекшілері бірер ауыз сөз сөйлеп, алдағы жоспарын, жұмыс бағытын ортаға салды. Ұстаздар әулетінің ардақты анасы, ардагер-ұстаз Әсия Шоқпарова бастаған қармақшылық қадірменді аналар мінберде сөз сөйледі, көз тойып, көңіл толатын осынау бастамаға қолдау білдірді. Жағымсыз салдарымен ауданның атын шығарып тұрған мәселелер де айтылды. Жасөспірімдер мен жастардың тәртібі, жиі болатын төбелес, ащы су ішіп, отбасының шырқын бұзу сияқты мәселелерді қалай шешеміз, бұл бағытта не істей аламыз деген сауалдар ортаға тасталды.
– Шынымызды айтсақ, Қармақшымыздың аты жақсы жағынан шыққанын қалаймыз. Облыс арнасынан «Заң сөйлейді» хабарын жүргізгенде қылмыстық оқиғалар бойынша Қармақшы ауданына қатысты цифрлардың жоғары болғанын көріп, әттеген-ай деп өкініш білдіретініміз рас. Қылмыстық оқиғаларға себеп болатын нәрсенің бірі ол – ішімдік. Демек ең алдымен ішімдікпен күресуді жолға қою керек. Мәселен, аудан орталығы не ауданға қарасты ауылдар болсын осы қасиетті Рамазан айында ішімдік сатылмасын деген бастама көтеріп, оның жүзеге асуына ықпал етіп жатса қандай жақсы! – деді Qyzylorda телеарнасының шеф редакторы Мөлдір Құлмырзаева.
– Қазіргі балаларға тәйт дейтін адам жоқ. Мұғалімдер ата-аналардан қаймығады. Бала күнінен «қой» деген сөзді айтпаған ата-аналар ертеңгі күні қалай опық жеп жататынын көзіміз көріп отыр, – деді ардагер-ұстаз Әсия Шоқпарова.
– Бәріміз де бала үшін өмір сүріп жатқаннан кейін оның денсаулығына көңіл бөлуіміз керек. Ол үшін бала құрсаққа бітпей тұрып, әйел-аналар өзінің денсаулығына мән беру керек. Дені сау әйел ғана дені сау ұрпақты дүниеге әкеледі. Дені сау әйел дегеніміз, ең алдымен, ауыз қуысы сау әйел деген сөз. Өйткені ауру ауыз қуысы құрсақтағы баланың да тумай жатып ауру болып бітуіне әсер етеді. Әсіресе қазіргі қоян жырық, таңдайсыз бала, т.б. көптеген ауру түрлері әйелдің ауыз қуысының ауру болуынан пайда болады. Мұны әрбір қыз баласы жақсы білу керек. Осы бағытта ағартушылық семинарларын жүргізуге қуана келісемін, – деді жоғары санатты дәрігер-стоматолог Қаламқас Матжанова.
Мұндай ұсыныстар кәсіпкерлік бағытта кеңес беру тұрғысынан Қызылорда облысы кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Гауһар Елеусінова, көшбасшы қыздардың мектебін құру бойынша облыстық Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, медиа, журналистика бағыты бойынша білімдендіру ісінде Мөлдір Құлмырзаева, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жүргізу, халықаралық гранттарға қатысу бойынша Қорқыт ата Қызылорда университетінің доценті, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зейнұр Дастанова тарапынан айтылды.
Ауылдың ардақты аналарына деп жаулығы мен шапанын, қасиетті Рамазан айының құрметіне ауызашар дастарқанын ала келген қыздарға әкім де сый-сияпат көрсетті. Алдағы уақытта елге белгілі қыздардың есімі ұдайы насихатталады деп қуантты.
«Біз келген мәселенің оңтайлы шешімін бірге іздеп, оны бірге жүзеге асыруға дайынбыз». Бұл – туған жерге тілекші болып барып, қанаттанып қайтқан қармақшылық қайсар қарлығаштардың басты ұстанымы.
P.S. Қонақтың өзін жақсы сезінуі әрине оны жайдары қарсы алып, жаймашуақ шығарып салған адамдарға тікелей байланысты десек, туған жер деп жүрегі алып-ұшып жеткен қыз-келіншектерге ыстық ықылас танытқан аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы бастаған командаға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ