» » Мерейлі мерекеңмен, аудан айнасы!

Мерейлі мерекеңмен, аудан айнасы!



Халқымыз кезінде тағдыр талайын із-түссіз жоғалтпау мақсатында даласының тасына, көшпенді өмірдің көркі болған төрт-түлік малының терісіне, сүйегіне жазып келгені мәлім. Осыған қарап өзіміздегі төл түркі жазуымыздың болғандығын көріп, кейін араб жаугершілігі бұл жазуды өмірлік араб жазуы әкелгенін, мұнан соң латынға көшсек, кейін кириллицаға келгенімізді көріп отырмыз.
Өз қолтаңбасын алғаш 1932 жылы латын жазуымен бастаған «Екпінді» газеті ауданымыздың экономикасы, шаруашылығы, ғылымы, білімі, ішкі саясаты, өнері мен мәдениеті, мемлекеттік және әлеуметтік саласы десеңіз де, бәрі-бәріне 90 жыл бойы үзбей қызмет етіп келеді. Үстіміздегі жылы менің сүйікті басылымым болған, бүгінде «Қармақшы таңы» деген атпен шығатын газетімнің 90 жылдық мерейлі мерекесін ескере отырып, аудан халқын, газеттің шығармашылық ұжымын газетіміздің мерейлі жасымен құттықтаймын. Мен үшін бала кездегі тапқан қымбаттарымның ішіндегісінің бірі – достық. Кіршіксіз бала достық – сенің сенімді серігің мен болашаққа жетелеуші күшің. Балалық шағымнан бас­тап бүгінге дейін арамыз үзілмей келе жатқан қимас достықты мен осы газеттен таптым. Қос шаруашылық, егін мен мал шаруашылығын қатар өркендетіп келген ауданымыздың даңқы ежелгі Қорқыт атадан бастау алатын Сыр сүлейлерінің әнімен, өлең-жырымен, жырауларымен әйгілі мекен. Осы мекенде ата-анам шопан болып еңбек етті. Сабақтан бос уақыттағы балалық шағым ата-анамның қасында өткенімен дала өркениеті менің жан-дүниемді бала шақтан байытты, сезімімді сұлуландырды, ой-санамды тереңдетіп, ақыл-парасатымды кемелдендіріп, бо­ла­шаққа ұмтылдырды.
Көктемгі мал төлдету науқаны кезінде шопандардың жайлауына жиі келетін қонақтардың бірі – тілшілер. Қолдарында қалам-қағазы. Әкеммен сөйлесіп, оның аузынан шыққан сөздерді дереу жазып алып жатады. Әкемнен «Бұлар кімдер? Не істейді?» деген балалық қызығушылықпен қойған сұрақтарыма «Бұлар – журналистер» деген жауап алатынмын.
– Журналистер? Сонда олар сізден нені сұрайды? – деймін олардың істеп жүрген тірліктеріне түсінбей.
Әкем болса маған бүге-шүгесіне дейін қалдырмай түсіндіреді. Шопандардың арасына апталап, не ай салып жиналып келетін сол кездегі «Коммунизм шамшырағы» газетін оқимын. Маған ұнайтын бет – «Әдебиет» беті. Осы беттегі әдебиетке деген, өлең-жырға деген сүйіспеншілігімді оятқан да ата-анам. Шопандарға азық-түлік, киім-кешек, шаруашылықтарына қажетті заттарды әкелетін автодүкен айма-ай аралайды. Оның жүргізушісі де, дүкеншісі де Нұреке деген кісі. Әкем малда. Үйге қажетті азық-түлікті, киім-кешекті анам осы дүкеннен алып қалады. Алған затының бәрі дүкеншінің қойнындағы қарыз дәптерге түседі. Нұреке дүкеншінің тәртібі қатал. Егер үнді шайын, жоғары сұрыпты ұн алатын болсаң, кітап қосып береді. Қандай кітаптар? Олар «Батырлар жыры», «Рүстем-Дастан», «Айтыс» кітаптары.
Әкем оқушылардың жазғы демалысында маған осы кітаптарды дауыстап оқытып, өзі тыңдайды. Бірде Шанжархан туралы бөлімді оқығанымда Ханшайымның екі күшікпен айдалада жылап қалған оқиғасына келгенімде анам еңіреп жылап отыр екен.
Менің де көмейіме жас тығылып, оқи алмадым. Әкем күрсініп «Ой, Алла-ай, мынау не деген қатыгездік» деп Шанжарханның ісіне күйініп, бас шайқаған еді. Мектептегі 5-6 класта оқып жүргенімде математика пәніне деген қызығушылығым жоғары болды. Дастан ағай х-тің орнын табу, түбір асты амалдарын асқан шеберлікпен, ынтасын сала түсіндіретін. Есепті тез шығарып, келесі есепті бергенше күтіп отырамын. Ағай басқа ауылға қоныс аударып кеткеннен кейін келген мұғалімге бұлайша қызықпадым. Математикаға деген ықыласымның орнын өлең-жырға деген сүйіспеншілігім басты. Мен осылайша мектеп бітіретін уақытта, сонау бір бала шақта санамды сілкіп оятқан журналистикаға деген таңдау тұрып алды. Таңдауымды әкеме айтқанымда «Қызым, бұл саған сенімді серік болатын мамандық емес. Сен мұғалім бол! Киімің тап-таза болып, періштелердің арасына кіресің, періштелердің арасынан шығасың» деді. Әке үкімі айнымады. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының «тіл және әдебиеті» бөліміне құжат тапсырып, сынаққа дайындалдым. 1972 жылы қазақ тілі мен әдебиетінен емтихан тапсыруға кірер ауызда қолыма аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетіне шыққан өлеңдерімді алып кірдім. Емтихан тапсырып отырып «Құлап қалам ба, өтпей қалам ба» деген ішкі үрейім жеңіп, менен емтихан алып отырған қазіргі абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы М.Мырзахметовтың алдына әлгі өлеңдерімді ұсындым. Өлеңдерімді көрді де, қазақ тілінен емтихан алушы Нұржамал Оралбаева апайға қарап «Мына қыз өлең жазады екен, қараңыз» деді. Нұржамал апай «Билеттегі сұрақтарға жауап берсін, көрейік» деді. Иә, бала шақтан бауыр басқан досым «Коммунизм шамшырағы» газеті мені жолда қалдырмай, қолтығымнан демеп, бұл сынақтан осылайша алып өтті.
Әкем таңдап берген жолмен жүріп, білім саласында 40 жыл ұстаздық етсем де, жүрегіме ұялап, жаныма жақын болған журналистикадан қол үзбедім. Педагогикалық саладағы қызметіммен қатар дамытып, жетілдіріп отырдым. Институтты бітіріп келгеннен кейін бір жыл мұғалімдік сынақтан өткен соң, 1977-1978 жылдары аудандық газетте корректор, аудандық радиоторабынан жүргізуші болып тәжірибеден өттім. Аудандық газеттің редакторы Ә.Аманов, орынбасар С.Махмұтов, жа­уапты хатшысы Қ.Бүркітбаев, тілшілер Қ.Молдахметов, О.Тәженов, К.Ахметова, Б.Қаналиева сынды білікті де білімді журналистермен қанаттас қызмет ету бақыты бұйырғанын бұл күнде үлкен мақтанышпен айтамын. Әзілхан аға бірде менің Кеңес Одағының батыры М.Мәметова туралы жазған материалымды оқып отырып, «Мәмбетова деген кім? Мәншүктің фамилиясы ма?» деп сұрады. Абайсызда қате жазылып кеткен фамилия үшін қатты қысылдым. Бұл маған өмірлік сабақ болды. Жазған әр сөзімді қайта-қайта қарап, оқуға үйретті. Оқас Тәженов сыни тұрғыда, сараптама тұрғысында жазылатын материалдардың хас шебері, қаламы қарымды журналист аға еді. Қаршыға Бүркітбаев ағамыз кезекті саны шығатын газеттің макетін сызатын. Қай бетке қандай материалды беру керектігін сол кісіден білдім. Сапабек Махмұтов аға болса ақыл-ой, парасаты толысқан кемел кісі болатын. Газеттің бас мақаласы мен көлемді, маңызды жарияланымдар сол кісінің еншісінде қалатын. Бүгінде бұл кісілер арамызда жоқ.
Ал Гүлфариза Ахметова мен Бақыт Қаналиева қазақтың мемлекеттік Киров атындағы университетінің журналистика факультетін бітірген майталман мамандар. Өзім қолым жетпеген биікті бағындырған осы қос апайыма ерекше құрметпен қарап, өзіме өрелі өнеге, үлкен үлгі етемін. Өзіммен қатар жастық шақтан осы күнге дейін сыйлас болып келе жатқан Нарша Алданазаров газет фотосуреттерінің шежірешісі. Наршаның зейнет жасына дейінгі өмірі бір жерде ғана, газет ғимаратында, газет жұмыстарының іссапарында өтті. Газет ұжымын ұзақ жылдар бойы тәрбиелеп басқарған Ә.Амановтан кейінгі редактор А.Үсенов болды. Алтай Үсенов көп шәкірт тәрбиелеп, өз іс-тәжірибесін үйретті. Ерекшелігі газет оқырмандарын даңқты Сыр сүлейлерінің шығармаларымен сусындатты. Сыр сүлейлерінің мұраларына деген құрметін өзі басқарған ұжымы мен оқырмандарының танымына сіңіруге қызмет етті.
Төртінші биліктің өкілі болып табылатын журналистік жолдағы қарымды қаламын өзі тәрбиелеген шәкірті Сәрсенкүл Райымбаеваға беріп, газеттің шығармашыл ұжымын сеніп тапсырды. Ауданымыздың әрбір саласын басқарып отырған қыз-келіншектер арасында бүгінгі «Қармақшы таңы» газетінің редакторы С.Райымбаеваның есімі құрметпен аталады. Ауданымыздың рухани саласын гүлдендіру барысында іс-тәжірибесі мол, оның аудан айнасы болып келе жатқан газетіміздің 90 жылдық мерейтойын лайықты, жоғары деңгейде қарсы алады деген нық сенімдемін. 90 жылдық тарихы бар «Қармақшы таңы» газеті рухани құндылық жолында біздің өткеніміз бен болашағымызды жалғайтын алтын көпір.

Талайлы ДОСЫМОВА,
Қармақшы ауданының
құрметті азаматы
12 сәуір 2022 ж. 417 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031