Аман болыңыз, ауылдағы ағайын
Көктем. Жыл мезгілдерінің ішіндегі Табиғат-Ананың ерекше түлеп, жанданатын уақыты. Сай-салаға су толып, қыстай ақ мамыққа оранған айналаның, енді жасыл түске көмкеріліп, құлпыратын кезі. Құстардың сайраған үні, әсіресе көк аспанды қақ жарып, керімсал ұшқан тырналардың тырауы тіптен әсерлі. Құдды бір өмір қайта жанданып, Жер-Ананың бойына қан жүгіргендей. Қызғалдаққа толған қызыл алаптар, көктеп-көгере бастаған жусан иісі танауыңды жарады. Дүрсін-дүрсін себелейтін көктемгі жаңбырдың да жаныңа жылы тиетіні бар-ау. Қорада қой қоздап, даладағы шудың құлаққа жағымды естілері де осы – гүл көктем.
Қой демекші, малмен өрісін кеңейткен ауыл азаматының бірі – Нүкі Шынарбаев. Ол Ақтөбе ауылының тұрғыны. Атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіптің жібін үзбей, жалғастырып келе жатқан ағамыздың малға деген көзқарасы ерек. Шаруа атакәсіпті игеріп қана қоймай, оған балаларын да баулыған.
– Ес білгенімізден мал баптаумен, оған ұқыппен қараумен айналысып келеміз. "Мал-жаның аман ба?" деп сұрайтын қазекемнің бар тіршілігі төрт түлік малымен байланысты болған ғой. Біздің отбасы да осы жайдан алыс емес. Мал күтімінің қыры мен сырына әкемізден қанығып өскенбіз. Ол кісінің еңбекқорлығын ел сыйлайды. Ерінбей жұмыс істеген адамның ішім-жемнен тарықпайтынын, дәулетті де сәулетті өмір сүретінін бала кезден бойымызға сіңірді. Адал жүріп-тұрсаң, несібе көп. Халқымызда ер баланың әкеге қарап бой түзейтіні бар. Бұл жағынан әкеміз біздің асқар тауымыз, – дейді отбасының кенже баласы Әбутәліп Қаппаров әкеге деген құрметін білдіріп.
"Малдың жайын баққан білер" демекші, қора-жайдағы отыз шақты қой-ешкінің күнделікті күтімі – уақытымен жем-суын беріп, шөбін салумен шектелмейді. Оның басқа да қажеті бар. Мысалы, отыққан қозы-лақтарды енесіне жамырату. Қораның қи-көңін тазарту. Зиянкестерден қорғауда дәрілеу-улау жұмыстары. Ауру-сырқаулы малдардың емін жасау сынды шаруасы көп-ақ. Иә, айтар ауызға жеңіл болғанмен, мал күтімінің бейнеті шаш-етектен екенін малшы қауым жақсы біледі. Бордақы ұстасаңыз да, оның өз машақаты аз емес. Майда-шүйде көрінгенмен, үй құсының да күтімі бір басқа жетерлік. Түтіні түзу ұшқан шаңырақта осы тіршіліктің бәрі де етене көз үйренген үйреншікті нәрселер.
Біз қора-жайға жақындағанда қасымызға бірнеше бүлдіршін келіп, қол беріп амандасты да ілгері жүгіре жөнелді. Бұл – біз маңдай тіреген еңбекқор отбасы Шынарбаевтар жанұясының немерелері еді. Мәз-мейрам болған олар қозы-лақтың шартағына бізден бұрын жетіп, бір-біреуден еншілей кетті. Шіркін балалық шақ-ай, алаңсыз!
Нүкі ағамыздың жұбайы Райхан Садықова балабақшада тәрбиеші. Төрт перзентті дүниеге әкелген анамыз отбасының ұйытқысы. Жанұядағы екі қыз бала өмірден өз жолын тауып, тұрмыс құрса, ер баланың үлкені Абдул ауыл мектебінде жұмыс істейді. Ал, отбасының келіні Аида орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
– Мамандығым бойынша жоғары білімді дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттің түлегімін. Әзірге мұнай саласында еңбек етіп жүрмін. Келешекте мал басын көбейтсек деген мақсат бар. Жаңағы алдарыңыздан жүгіріп шыққан кішкентайлар, Жанділда, Нұрдәулет, Айназ – ата-әжесінің еркелері. Олар да қой қайтарып, қозы бағуға жарап қалды. Айтпақшы, жақыннан бері гиссар тұқымды қой басын көбейтуді қолға алудамыз. Асыл тұқымды қошқарлар сатып алып, төлін өсірудеміз. Гиссар ет бағытындағы қой. Тірі салмақта 60 келіге дейін ет береді, – дейді мақсаты айқын Әбутәліп Нүкіұлы.
Сұқбатымызды аяқтап, көлікке қарай беттегенімізде жолымызды иттер көлегейлей берді. Орынсыз көрінді ме, осы кезде Әбутәліп ініміз тағы да сөзге араласып, "бұл біздің үйдің достары ғой" деп, итінің бірін Қарауыз, екіншісін Мойнақ деп өзіне қарай күшкәлады. Олардың тұқымын да демде айтып салды. Қарауыз – таза қанды қазақы тазы болса, Мойнақ – аралас тұқымды (қайынқаптал). Екеуі де мал бағу мен қарауда тапсырмас серік. Желден жүйрік тазысы далалықта қоян, түлкіні әп-сәтте олжаласа, қайынқаптал жайылымдағы жантықтарды өзі үйге айдап, қайтарып әкеле беретін көрінеді.
Көктем жан жадырататын жыл мезгілі. Онымен бірге, жер-дала жайнап, тұрмыс мың түрленеді. Еңбектің тамырын солқылдатқан шаруа көңілі де көгілдір көктемдей көтеріңкі. Өйткені, оны ертеңгі күн еңбегінің мол жемісі күтеді. Әрбір таңын берекемен аттырған ауылдағы ағайын, сіздер аман болыңыздар!
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА