Қызылордада 1 млн. 200 мың теңге қайтарымсыз гранты беріледі
Сәуір айынан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына да өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік грант мөлшері 1 225 200 теңгені құрайтын болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.
Айта кету керек, бұған дейін мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар ғана грант ала алады.
«Әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көп балалы отбасылардың мүшелері, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады. Грант беру процесі биыл электронды түрде өтеді. Бұл ретте үміткерлер өтінімдерін 1 наурыздан бастап іске қосылатын «Еңбек-Бизнес» порталына ЭЦҚ арқылы тапсыратын болады», – деді Ж.Дәулетбаева.
Сонымен қатар, аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту органдарында тіркеуде тұрған жұмыссыздар немесе мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер немесе Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер немесе жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтар қатарынан болуы тиіс.
Комиссия отырысында үміткер бастапқы бизнес жобасын таныстырады.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Гранттар бір рет беріледі.