Қызылордада көпсалалы агроиндустриялды жаңа кешен ашылды
Сыр өңірінде «Батыс Европа-Батыс Қытай» автожолы бойында «Жан-арай» көпсалалы агроиндустриялды кешені ашылды.
Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылдық округінде орналасқан жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева қатысып, ел игілігіне бағытталған нысанның лентасын қиды.
«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кешенді ашқан облыстық мәслихат депутаты, меценат Бақдәулет Махашов жергілікті 200-дей азаматты жұмыспен қамтыды.
Аймақ басшысы елге жанашыр азаматтың аймақ экономикасына, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім қорын ұлғайтуға мүмкіндік беретін ірі кешенді елге табыстап, туған жерге тарту жасағанын тілге тиек етіп, агроиндустриалды кешеніннің маңыздылығын атап өтті.
Бүгін, қасиетті айдың басталуымен қатар заман талабына сай салынған «Жан-арай» көпсалалы агроиндустриалды кешенін пайдалануға бергелі тұрмыз.Президенттің наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Үкіметке және өңірлерге дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды қабылдау және егін науқанын мерзімінде бастауды тапсырды. Қазіргі таңда Сыр дихандары көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындықпен кірісіп кетті.Кешен өңірдегі азық-түлік бағаларының тұрақтылығын сақтауға, өңір тұрғындарын өз өнімімізбен қамтамасыз етуге және көрші облыстардан жоғары бағада келетін көкөніс көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа нысан баршаңызға құтты болсын! – деді Г.Әбдіқалықова.
Кешеннің аумағы кең, мұнда алма бағы, қызанақ өндіру, өңдеу, сату қоймасы, сондай-ақ, 300 орындық мейрамхана, қонақүй, 1500 тоннаға есептелген көкөніс қоймасы және басқа да қажетті қызмет көрсету нысандары бар.
Айта кетейік, өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында 2026 жылға дейін жүзеге асатын 21 ірі инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Соның ішінде, агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 43,1 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асырылмақ.