» » Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды


НАУРЫЗ ТОЙЫ. КЕНТ ОРТАЛЫҒЫНДА ТІГІЛГЕН КИІЗ ҮЙЛЕРДІҢ КЕЛБЕТІ КӨЗ ТАРТАРЛЫҚ. ӘР ҮЙДІҢ ЖАНЫНДА МЕРЕКЕГЕ КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙМЕН ЖИНАЛҒАН ЖАНДАР ӘН АЙТЫП, БИ БИЛЕП, ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ОЙНАП ЖАТЫР. БІЗ ДЕ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАРДЫ ТАМАШАЛАМАҚ БОЛЫП КИІЗ ҮЙДІҢ БІРІНІҢ ЖАНЫНА АЯЛДАДЫҚ. ШҮПІРЛЕГЕН БАЛАЛАР АБЫР-САБЫР БОЛЫП, ЕШКІМГЕ ҚАРАЙТЫН ЕМЕС. ҚАРАМАЙТЫН СЕБЕБІ БАР. ОЛАР БАР ЫНТА-ЫҚЫЛАСТАРЫМЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ – АСЫҚ ОЙНАУДА.
Біздің жанымыздан анасымен бірге өтіп бара жатқан 5-6 жастағы баланың:
– Мама, бұлар не істеп жатыр, бұл қандай ойын, мен де ойнайыншы, – деп сұрағанын құлағым шалды. Жалт қарадым.
– Ой, бұл ойын қызық емес, түсінбейсің, тезірек жүр, концертті тамашалаймыз, – деді де баласының қолынан жетектеп кете берді. Бала асық ойнап жатқан балаларға үзіле қарап барады.
Әттеген-ай. Арамызда осындай ұлт­тық өнерді, қазақтың ойындарын баға­ламайтындар бар деп айтқаннан, көзбен көрген қиынырақ екен.
Рас. Асықты осындай мерекелерде ұйымдастырушылардың арқасында ойнамаса басқа уақытта балалардың далада асық ойнап жатқанын жиі аңғармайсың.
Компьютер, ұялы телефон, планшет. Баланың бар қызығушылығы осыларға ауған. Ауданда барлық білім беретін мектепте және спорт бөліміне қарасты кешенде «ұлттық ойын» үйірмесі жұмыс істейді. Десе де отбасында, не басқа ортада ұлттық ойындар жайлы балаларға аз-кем айтылады.
Бұрын қонаққа барған ата-әжелер асық жілікті жеп, асығын алуға таласатын. Балалар асық жинап түрлі-түсті бояулармен бояп, арнайы салатын қорапша жасайтын. Бұл ойынға бір көшенің бойында тұратын барлық бала жиналатын. Олардың арасында бауырмалдық сезім оянып, бірін-бірі жиі көруге асығып, сағынатын.
Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, алыстан (бірнеше метр жерден) көз ұшында түймедей болып бұлдыраған асыққа сақаңды дәл тигізу нағыз мергендіктің белгісі емес пе?! Сондықтан болар, ерте заманда қазақтан небір құралайды көзге атқан мергендер шыққан. Садақ тарту болсын, найза лақтыру болсын, қазақ жауынгерлері ешкімге дес бермеген.
– Асық – қазақ халқының дәстүрлі ойы­ны. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны сақа, жақсылары оңқай аталады. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да, көмбенің тең ортасына сызық бо­йына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Мектепте «Ұлттық ойын» үйірмесін жүргізіп келе жатқаныма 2 жылдай уақыт болды. Ер балаларды асық атуға, қыз балаларды «Бес тас» ойынына бау­лимын. Оқушылардың ұлттық ойынға деген қызығушылығы жоғары. Жақсы меңгеріп алса ұлттық ойындардың пайдасы көп, – дейді №250 мектеп-лицейдің денешынықтыру пәні мұғалімі Нұрлан Бөлегенов.
Қарап тұрсақ бір ғана ойында жүгіреді, секіреді, көздейді, тигізеді, ерегіседі, жеңеді, жеңіледі, ұтады, ұтылады, асыққа бай болады, жоқ болады. Таза бәсеке, таза тәрбие. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Болмайды да. Ұлттық тәрбие. Ұлттық ойын. Спорт ойыны, спорттық бәсеке. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа, шешімдікке, ырымға, ырысқа тәрбиелейді.
Осындай ұлттық ойындарымыз жыл жылжып, ғасыр өтсе де ұмыт қалмаса екен. Әр ата-ана қазақта бар ұлттық дәстүр мен ойындарды балаларына жиі айтып, насихаттап жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
22 наурыз 2022 ж. 964 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031