» » Шәкірт ұстазға қарап бой түзейді

Шәкірт ұстазға қарап бой түзейді

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНДА ҮЛКЕНДІ СЫЙЛАУ, ҚҰРМЕТТЕУ ДАҒДЫСЫ ЕРТЕДЕН ҚАЛЫПТАСҚАН ДӘСТҮР. СЕБЕБІ, ОЛАРДЫҢ ЖҮРІП ӨТКЕН ӨМІР ӨТКЕЛІ, КӨКІРЕК КӨЗІНЕ ТҮЙГЕН ДАНАЛЫҒЫ ТҮПСІЗ ТЕРЕҢ ТЕҢІЗ, САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА ІСПЕТТІ. ҚАРТТАРЫМЫЗДЫ ӘДЕТТЕ, БАЙЛЫҒЫМЫЗҒА БАЛАП, ДАРИЯҒА ТЕҢЕЙМІЗ. БҰЛ ТЕКТЕН-ТЕККЕ АЙТЫЛА САЛҒАН СӨЗ ЕМЕС. ДҮНИЕ-ДҮРМЕКТІҢ ПЕНДЕШІЛІГІНЕН ГӨРІ АДАМГЕРШІЛІГІНЕ, ЖАЛҒАНДЫҒЫНАН ГӨРІ ШЫНАЙЫЛЫҒЫНА, КӨЛЕҢКЕСІНЕН ГӨРІ КҮНГЕЙІНЕ КӨБІРЕК ҮҢІЛЕ БІЛЕТІН ОСЫ АРДАГЕРЛЕРІМІЗ ЕКЕНІНЕ ШҮБӘ ЖОҚ. ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ МЕН ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫНЫҢ ДА ҚАМЫН ЖЕП, АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРЕТІН ДЕ АБЗАЛ АҒАЛАРЫМЫЗ БЕН АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРЫМЫЗ БІЗДЕР ҮШІН НЕГЕ ҚЫМБАТ БОЛМАСЫН!
Ауыл – қазақтың қаймағы бұ­зылмаған, іргесі сөгілмеген ұлттық айшығы алыстан менмұндалайтын саф алтын ортасы. Бейсенбінің түсінде сондай халқының татулығы мен ынтымағы ұйысқан елді мекен қатарындағы Ақжар ауылына маңдай тірегеніміз бар еді. Жұмыс сапарында кереметтей ауызбірлік пен берекенің куәсі болып қайтқанымызды айту да біздер үшін үлкен құрмет. Ұлттық дәстүрді дәріптеген іс-шарада ардагер аға-апалардың бірқатарымен танысып, дастарқан басында ауыл тақырыбында шүйіркелесіп, арқамыз мұндай бір жазылып салмас па? Ұлттық нақыштағы киім-кешек, түрлі ою-өрнектер көздің жауын алып, назар аудартады. Осындайда қазақ халқының салт-дәстүрі мен ертеден келе жатқан жөн-жоралғысына қошеметпен бас иесің. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық үйлесім тауып, жарасымын келтіріп-ақ тұр. Жастар үлкенге зыр жүгіріп қызметін қылса, үлкендері де сол жастарға ақылын айтуда. Жас келіндер болса, иіліп сәлемін салып, қымыз-шұбатын ұсынуда. Ибалылық та, инабаттылық та осында көрініс тапқан. Әсерлеп айтқанда, көңіл көңілден су ішкендей. Осындай ұлтымыздың қасиетін қастерлеген жиында қазақы нақыштағы сақина-білезік тағынған, жарасымды сөз мәнерімен ортасын өзіне қаратқан аққұба апайға көзім еріксіз түсе берді. Апайдың өзін ұстауы, сөйлеу әдебі, тіпті киім киісі де ортаның сәні дерсіз. «Сырлы аяқтың сыны кетсе де, сыры кетпеген» деп халқымызда айтылатын мақалдың астарына тағы бір үңіле түскендейсің. Ардагерлік жасына келсе де, сыр-сымбаты келіскен бұл кісі кім болды екен, деген ой көкейімнен кетпей қойды. Арада шай суытым уақыт өткенде ардагерлермен біртіндеп таныса бастадық. Кезек апайға да келді. Сөйтсек, бұл кісі қырық жылға жуық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ардагер-ұстаз, ауылдың құрметтісі, «Қазақ КСР-нің Білім озаты» төсбелгісінің иегері Бихан Дүйсенова екен.
Жуырда апаймен жүздесудің сәті түсіп, оның шаңырағында болдық. Жылы шыраймен қарсы алған апамыз, төріне шығарып, қонақжайлық көрсетіп жатыр. Біздердің жолға шыққанымызды естісімен қазан көтертіп, дастарқан жайғызыпты.
Бір қызығы, Бихан апай әңгімесінің басын сұрақ күтпей, бірден-ақ білім саласынан сабақтап, көпжылдық тәжірибесімен бөлісе кетті.
– Оқытушылық, мұғалімдік деген мамандық бар. Көпшілікте, мұ­ғалім­дердің арасында шақырғанда әркез айтып жүремін. Оқытушы деген сөз кімге болса да түсінікті. Оқытамын, үйретемін дегенді білдіреді. Мұғалім дегенде осыған саяды. Ал енді Ұстаз деген бар. Бұл сөздің ұғымы, салмағы мүлдем бөлектеу. Ол «балаң сенің өсіп келе жатқан жас шыбық. Қисығы бар, қыңыры бар. Соны ұстартамын, қисығы болса, жөндеймін. Маған сеніп тапсыр. Сөйтіп сенің балаңа білім беремін, тәрбие беремін» дегенге келеді. Жалпы мұғалімдік – өзгеше мамандық. Барлық тәртіптің жинақталған жері – мұғалімдік. Ол басқа бірде-бір мамандыққа ұқсамайды. Міндетті түрде түзу жүруіміз, тәртіпті болуымыз керек. Өзімізге тән тәртібіміз бен мәдениетіміз, өзімізге тән этикамыз мен эстетикамыз болуы керек. Мұғалім болудың ең үлкен жауапкершілік екенін айтудан ешбір жалығып көрмеппін. «Мұғалімдік – ол қарапайымдылық. Көз­ге көріне, елене бермейді. Бірақ, бүкіл дүниежүзіндегі адамзаттың сан ғасырдан бергі жасаған ғылымдарының бәрін жас ұрпаққа сендер үйретесіңдер. Анау әдебиет, анау тарих, жаратылыстану, тағысын тағы. Музыка, керек десеңіз, аспан әлемі, ән, би, сурет өнері туралы да бала алдымен сендерден естіп, үйренеді. Кейін келе ол ұлғая түседі. Ал мектепте осының барлығының негізін қалайтын, іргетасын құятын ұстаз» деп кездесу, басқосуларда ақыл-кеңесімді беріп, жас мұғалімдердің есіне салып отырамын, – дейді ардагер апамыз жылы жүзбен.
Бихан Дүйсенқызының өміржолына келетін болсақ, ол Ақжар ауылында қарапайым отбасында өмірге келген. Сол жердің тумасы. Мектепті бітіре салысымен көптеген қатар-құрбысы секілді арман асып, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. 1970 жылы жоғары оқу орнының дипломын қолына алған жас ару зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін ауыл баласының тәрбиесі мен біліміне зор еңбегін сіңіреді. «Институтта оқып жүргенімде сабақ берген лекторлардың ішінде маған Әуелбек Қоңыратбаев ағайымыз өзгеше көрінетін. Өзі қартайса да, сондай бір рухтың иесі болатын. Сабақ барысында Қорқыт ата жайында көп айтатын. «Қырық қыздың» оқиғасы, Ұзан бабаның жерұйықты іздеуі, күйлері туралы да жиі-жиі әңгімелеп, қызықты етіп суреттеп беретін. Ол кездері өздеріңіз білесіз, билік дінге қарсы еді ғой. Соған қарамастан ғалым ағайымыз студенттерге Қорқыт атаның мұраларын насихаттаудан жасқанбаған екен. Бертінде барып қой Қорқыт атаға ескерткіш тұрғызылып, кең көлемде ашық айтыла бастағаны» дейді ол өткенге көз тастап.
Институтты жаңадан аяқтаған маман Қуаңдария мектебіне жұмысқа кеткелі тұрғанында басшылық қызметтер атқарған азамат Сахи Кішенов жас қызды өзі білім алған мектебіне ұстадық етуге шақырып, үгіттеп алып қалады. "Менің тұсымда білімді, сауатты мектеп директорлары жұмыс істеді" дейді Б.Дүйсенқызы білім саласындағы кәсіби біліктіліктің маңызына тоқталып.
– Олардың қатарында Назар Дүйсенбаев, Сахи Кішенов, Әбдіраш Қыпшақбаев, Сәден Нұртаев, Шакизада Шоқпаровтар болды. Өте талапшыл басшылар болды. Мен көбінесе қазақ әдебиетінен сабақ бердім. Мысалы әдебиеттен М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бар. Оған он бір сағат берілген. Ол төрт томнан тұратын кітап. Кейін екі том эпопея болды. Оны қалай оқыту керек балаға?! Оқымайды ғой, не істей аласың?! Аз сағатта романды қалай түсіндіріп, оқытып шығасың?! Он-он бес минут қана түсіндіріп өтесің. Одан бала не ұғады. Бұл балаларды не істеймін деп ойландым. Сол уақытта аудандық оқу бөлімінің әдістемелік кабинетіне Талайлы Досымова келіп, жаңаша бағытта жұмыс бастады. Мектеп мұғалімдері Райкүл Қаратаева, Қалдан Мұқышева, Рәзия Ерлепесова секілді ауданға белгілі озат мұғалімдермен бірге маған да төрт түрлі мектеп ашты. Менің мектебім – әдебиет сабағында оқушыларды сахналық қойылым арқылы өнерге, әдебиетке баулып, сол арқылы шығармаларды түсіндіру болды. Соған сай жоспар берілді. Сонымен жұмыс істедім. Мектеп бағдарламасынан тыс шығармаларды да алып, сахнаға шығардық. Сыр сүлейлерінің, М.Әуезов, С.Сейфуллин, өзімнің қа­йынатам Әлімбай Әлиасқаровтың шығармаларынан қойылымдар қойыл­ды. Филология ғылымдарының кандидаты Абат-Тоқташ Жолдасова деген ғалым-ұстаз да біздің жұмысымызға араласып, көмек жасады. Көрші аудандармен тәжірибе алмастық. Талайлы маған жұмыс жоспарымнан бөлек, Көшенейді де көрсетесің деп тапсырма берді. Ол кезде Көшекең дүниеден озған еді. Жырау жайында көрініс көрсетіп, мектептен музей ұйымдастырасың дегенде аздап қобалжыдым. Десе де, соның бәрін орындадым. Мектебімізде марқұм Сапар Қойшығұлов деген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Сол азамат маған семинарға көп көмектесті. Өнерге жақын етін. Тарихты да, әдебиетті де жетік білетін. «Мен Көшеней туралы ән білемін» деді ол сол кезде. Бір айтарлығы, сол әнді сахнада домбырада орындап тұрғанында залда отырған бір көрермен әйел көз жасына ерік берді. Сөйтсек ол, әннің авторы Зордан Салықбаевтың әйелі болып шықты. Сонда ол: «Зордан Көшеней қайтыс болды дегенді естіген күні жазу жазатын бөлмесінен шықпай қалды. Шайға шақырсам да келмеді. Тапжылмай кабинетінде отырды да қойды. Сол отырғаннан ертесіне таңертең жұмысына бір-ақ кетті. Үстелінің үстіндегі қағазда Көшенейге арналған өлеңі тұр екен. Осы сахнада айтылып жатқан ән сол түні жазылып еді» деп еске алған-ды, – дейді тебірене сөйлеген кейіпкеріміз.
Бихан Дүйсенова зейнеттемін деп үйінде отырып қалмады. Қашан көрсеңіз де қызу қоғамның қайнаған ортасында. Ауылдың гүлденіп-көркеюіне атсалысады. Оның тағы бір қыры – шежіре жинаумен айналысатыны. Тіпті, былтыр тамызда Қазалы ауданына қарасты Басықара ауылында ұйымдастырылған «Сөздің ұлығы – тарих» атты облыстық шежірешілер байқауына қатысып, үшінші орын алғаны да бар. Шежіре дегеннен шығады, айтпақшы Бихан апамыз майдангер-жазушы, ақын әрі шежіреші Әлімбай Әлиасқаровтың туған келіні. Атасы 1943 жылы неміс басқыншыларымен болған шайқаста ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. Соғысқа дейін үш жүздің және хан тұқымдары мен Қожалардың шежіресін хатқа түсірген майдангер, әскери госпитальда жатқанында сол қолжазбадағы шежірелерді өлеңге айналдырады. Кейін ол кітап болып басылып шығады. Осы шежіреге сүйенген Бихан апа байқауда мүдірместен жауап беріп, басты орындардың бірін жеңіп алады.
«Басқан қадамың, алға қойған мақсатың түзу болу керек. Тура жолдан таймау үшін (мұғалім болсаң), сенде өзгеше қасиет болуы керек. Мұғалімнің тәртібін, мәдениетін сен өзіңнің алдыңа шамшырағың қылып ұстауың керек. Сосын міндет қылмау керек. Аяқ астынан шаруалар шығып қалып, мектепке шақырып алуы мүмкін. Қырық жылғы еңбек өтілімде бірде-бір ата-анадан қаңқу сөз, ескерту естігеніміз жоқ. Менің қатарларым да солай. Артымыздан теріс әңгіме ерітпейтінбіз. Сыртқа сөз шықпайтын. Не болса да мектептің ішінде талқыланып шешілетін. Ата-аналарды анда-санда бір көретінбіз. Бірақ олар бізге сенетін» дейді ардагер-ана.
Білікті ұстаз болумен қатар, Бихан апай ардақты ана, сегіз немеренің асыл әжесі, әулеттің ұйытқысы. Саналы өмірінде ардагер апамыз ауыл азаматы Сақтаған Әлімбаевпен бас қосып, өнегелі ұрпақ өрбітті. Үлкені Сардар мұнай саласының маманы. Келіні Гүлжазира балабақшада тәрбиеші болып істейді. Қызы Салтанат ана жолын қуған ұстаз. Отбасының кенжесі Бостандық заман талабына сай кәсіппен айналысса, келіні Нұрия мектепте мұғалім.
Сүт пісірім уақыт жүздесуімізде ота­насы мен келіні арасындағы жіпсіз байланған сыйластық пен жылы қарым-қатынасты байқадық. Апайымыздың келін мен ене туралы түсінігі де көп ой салғандай екен. "Менің ол жағынан түсінігім бөлектеу. Келін келін болып түсетініне дайындалатын болса, ене де дайындалуы керек. Түсетін келінге жақсы ене боламын. Арамызда түсініспеушілік болмауы керек. Болғызбаймын деу керек. Өз-өзімді солай тәрбиеледім. Шүкір деп айтайын, осы ұстанымымның арқасында он үш жылдай тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Арамызға ешқашан қылау түсіп көрген емес. Атасы көзі тірісінде ағайын-туғанмен қатысасың. Бара иелене бастайсың. Шеткерілеп кетпейсің, өзіңді жоғары ұста деп тәрбиелеп кеткен. Ал жас келіндерге айтарым, ең бірінші тәртіпті сақтау керек. Әрбір отбасының ұстанымы, қағидасы болады. Соны ұстап қалу керек. Соған ие болуы керек. Сонда ғана шаңырақтың шырайы кіріп, отбасына бақ-береке кіреді" дейді Бихан Дүйсенқызы аналық ақылын жеткізіп.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
12 наурыз 2022 ж. 870 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031