» » Бірлік бар жерде бітер іс көп

Бірлік бар жерде бітер іс көп


ИӘ, ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ БАСТАПҚЫ АЙЛАРЫ ЕЛІМІЗ БОЙЫНША БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕРДІҢ ӨТКЕН ЖЫЛҒА ЕСЕП БЕРУ НАУҚАНЫ ЖҮРЕТІН ШАҚ. БҰЛ – СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ҮРДІС. ӘКІМДЕРДІҢ ЕЛ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ ТИІСТІ ДЕҢГЕЙДЕ БАҒАЛАП, ОРЫНДАЛМАҒАНДАРЫН ЖЕДЕЛ ТҮРДЕ ШЕШУ ҮШІН КҮШ ЖҰМЫЛДЫРУҒА ЖӘНЕ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАП, НАҚТЫЛАУҒА МҮМКІНДІК ТУҒЫЗБАҚ. СОНДАЙ-АҚ, БҰЛ ӘКІМДЕРДІҢ ІСКЕРЛІГІ СЫНАЛАТЫН КЕЗЕҢ. СӨЙТІП, БИЫЛ ДА ЖЫЛДАҒЫ ЕСЕП БЕРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ. АУДАНҒА ҚАРАСТЫ БАРЛЫҚ АУЫЛДАР МЕН ТӨРЕТАМ КЕНТІНДЕ ӨТКЕН ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ АПТА БАСЫНДА ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕДЕ БОЛЫП ӨТТІ. АУДАН ӘКІМІ ҚАЙРАТ НҰРТАЙ АРНАЙЫ ҚАТЫСЫП, ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ, ЕРКІН ФОРМАТТА СҰРАҚ АЛМАСТЫ.
Әуелі 2021 жылы кент әкімін сайлауда ең көп дауыс жинап, Жосалы кенті әкімі қызметіне қайта сайланған Шыңғыс Сыдықовтың нақты әрі ықшамды баяндамасы тыңдалды. Онда жасалған жұмыс та, алдағы жылға арналған жоспар да ұғынықты тілде жеткізілді. Бір қуантарлығы бұл жолғы есеп тұрғындардың ризашылығы мен алғысына толы болды. Себебі Жосалы кентіне көптен күткен көгілдір отын былтыр қосылған болатын. Одан бөлек атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес.
«Біз үшін ең маңыздысы – қасиетті мекендегі халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, елді мекенді көркейту, көгалдандыру» деп бастады баяндамасын Шыңғыс Әбділәмитұлы. Өткен1 жылғы болжам бойынша салық түсімдері 41 млн теңге болады деп жос­парланса, ол 50 млн теңге болып, 120 пайызға артығымен орындалған.
Қазіргі заманда экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкерлік. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Жосалы кентінде шағын және орта бизнес айтарлықтай дамып, 1481 (жеке тұлға) кәсіпкер тіркелген. 2021 жылы қаржы ұйымдары тарапынан 37 жобаға 165 млн теңге несие беріліп, 78 жобаға 45 млн теңгенің қайтарымсыз гранты бөлінген. 150 адам жұмыспен қамтылған. Несие, қайтарымсыз грант алған азаматтардың басым бөлігі мал басын көбейтуге, автокөлікке қызмет көрсету орталықтарын, кондитер, нан өнімдерін шығару, тігін цехын, кардиологиялық кабинет, кілем жуу орталығын ашуға бағыттаған.
Соңғы жылдары аудан орталығында тұрғын үй құрылысы дамып келеді деп айтуға болады. Себебі Жосалы кентінде соңғы рет 2013 жылы арендалық тұрғын үйлер салынған. 2021 жылы көпбалалы аналарға арнап екі пәтерлі 5 тұрғын үй салынды және 1 тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған көпбалалы 11 отбасына пайдалануға берілді. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деген жоспар бар. Себебі 18 пәтерлі 3 тұрғын үй құрылысының жоба сметалық құжаты әзірленіп, тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім жолданған. Егер осы жоба қолдау тапқан жағдайда кезекте тұрған 54 адам баспаналы болады деген сөз.
Соңғы жылдары кентте едәуір өзгерістер болды. Ол жөнінде өзіміз ғана емес, кенттің қонақтары да айтып жүр. Алайда, кенттің шет аймақтарындағы кішігірім көшелерді жөндеу мәселесіне де баса назар аударылуы қажет деп санайды кент әкімі. Әрине, оларға орталық көшелермен салыстырғанда көп жағдайда тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Кей көшелерде тұрғындар, әсіресе балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар батпаққа белшесінен батып жүреді. Ал, кейбір жерлерде таза көше түгілі жаяу жүретін жол да жоқ. Сәйкесінше тұрғындар ол жерлермен жаяу жүріп өту үшін полиэтилен пакетін киіп жүруге мәжбүр. Аудандық, облыстық, республикалық бюджеттерден әрдайым мүмкіндік келгенше аудан орталығының аса маңызды деген мәселелерін қаржыландыруды ұсынып отыр.
Соңғы үш жылдың өзінде Жосалы кентінің көшелерін жөндеуге, қайта жаңғырту мен абаттандыруға, жарықтандыруға, газдандыруға мемлекеттен қолдау тауып, біршама жұмыстар жүзеге асып жатыр.
Жосалы кентінде 120 көше болса, оның ішінде 67 көше асфальтталған, 26 көшеге қиыршық тас төселген, 27-сі жай топырақты көшелер. Соңғы үш жылда 26 көше асфальттанып, 14 көшеге құм араласқан қиыршық тас төселді. Соның ішінде өткен жылы республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 10 көше асфальтталды. Енді, биыл 36 көшені асфальттауға, 26 көшеге қиыршық тас төсеуге жоба сметалық құжат жасалып, тиісті мекемелерге ұсынылған.
Көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде 2021 жылы кентішілік қоғамдық көлік және автостанция салу мәселесін түбегейлі шешу үшін біраз жұмыстар жасалды. Нәтижесінде осы жылдың қыркүйек айынан бастап Жосалы кентінде 1 және 2 бағыттағы кентішілік маршрут жүре бастады. 6 автобус тұрақты жұмыс істеуде. Резервте 2 автобус бар. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Ш.Махмутова заман талабына сай жаңа автостанцияның құрылысын аяқтап, аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Қазір «Шынар ана» автостанциясы арқылы Жосалы кентінен ауданның барлық елді мекендеріне, облыс орталығына автобустар қатынайды.
– Тұрғындар тарапынан балалар ойын алаңдарын салу туралы ұсыныстар жиі көтеріліп жүр. Осы ретте өткен жылы 5 жерге шағын балалар ойын алаңын, ересектерге тренажерлік жаттығу құралдарын орналастырдық. Осы жылы тозығы жетіп тұрған төрт аулалық футбол алаңдарының жасанды жасыл төсеніштері жаңаланып, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Кенттің үш жеріне балалар ойын, спорттық тренажер және футбол алаңын жасауды жоспарға енгіздік. Сонымен қатар, былтыр Жосалы кентінің батыс бетінен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, 2022 жылы пайдалануға беріледі. Тәуелсіздік ықшам ауданынан жүзу бассейнімен бірге денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы объектісінің жоба сметалық құжатын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу конкурс жұмыстары жарияланды. Егер аталған жоба қолдау тапқан жағдайда, 2023-2024 жылдары Жосалы кентінен үшінші денешынықтыру сауықтыру кешені халыққа қызмет көрсететін болады. Жосалы кенті әкімшілігіне келген өтініштер мен әлеуметтік желілердегі пікірлердің бірқатары түнгі жарық жөнінде қозғалады. Дегенмен, қазір 62 көшемізде түнгі жарық бар. Бұл негізгі көшенің 52 пайызын құрайды. Биыл осы бағыттағы жұмыстарымызды әрі қарай жандандырып, кенттің шығыс бетіндегі, шет аймақтағы көшелерді де жарықтандыруды қолға аламыз. Біздің негізгі функцияларымыздың бірі – елді мекен санитарлық тазалығын ұйымдастыру. Көшелердің тазалығы күнделікті бақылауға алынып, белгіленбеген орындарға жиналған күл-қоқыстар жыл көлемінде шығарылды. Үстіміздегі жылы елді мекеннің санитариясын қамтамасыз ету үшін анықталған мердігер жұмыс жасап жатыр. Егер, тұрғындарымыз көшеге күл-қоқыс тастамаса, айналаны ластамаса осы мақсатқа кеткен шығынға кемінде бір көшені жарықтандыруымызға немесе басқа да инфрақұрылымды дамытуға болатын еді, – деді кент әкімі.
Жалпы Жосалы кентінде тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп, бақылануда. Дегенмен, әрбір жеке тұлға мүмкіндігінше тазалықты өз жауапкершілігіне алуы тиіс.
2021 жылы Сырдария өзенінің арнасы жылдағы мөлшерінен өте төмен болса да, аяқ су кестеге сәйкес берілді. Электрлі насостарға жаңадан трансформатор қойылды. Шығыс каналының негізгі арықтары мен кенттің батыс бетіндегі көшелердің арықтары тереңдетіліп қазылды. Шығыс каналы Жосалы кентінде ең үлкен аяқ су берілетін канал. Осы канал арқылы 53 көшеге аяқ су беріледі. Аптаның төрт күнінде насос қосылады. Осының салдарынан каналдың маңындағы үйлерді ыза су алып, тұрғындардың наразылығын туғызып келеді. Алдағы уақытта да бұрынғы Аэропорт аймағына, Жосалы-Жалағаш автожолы бойына көлемі дайындалып, тікен сыммен қоршалған 1,2 га жерге және Қазақ хандығы аллеясына ағаш көшеттерін отырғызып, күз мезгіліне дейін күтіп-баптау жұмыстары жүргізілетін болады.
Мемлекеттік ірі стратегиялық маңызы бар – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры жобасы Жосалы кентін газдандыруға жол ашты. 2019 жылы басталған бұл жоба 2021 жылы аяқталып, халыққа пайдалануға берілді. Жосалы кентіндегі 4409 тұрғын үйдің 1759 үйі газға қосылды. Қазіргі таңда Жосалы кентінде 10 мекеме газ желісіне қосуды қарқынды жүргізуде. Сонымен қатар, 7 әлеуметтік нысан, 39 кәсіпкерлік нысан газды пайдалануда. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде Жосалы халқы қазір көгілдір отынның игілігін көруде. Себебі, елімізде осындай мүмкіндікті армандап, қажет етіп отырған қаншама қала, елді мекендер бар. Тұрғындардың өмір сүруін жеңілдету үшін жасаған жобалар мен жоспарлар мемлекет тарапынан әлі де қолдау табатынына сенім мол.
Есеп беру жиынында кент әкімі халықтан түскен сұрақтардың бірқатарына жауабын да айтты. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі өтетін Сырдария өзенінің үстіндегі көпірге бейнебақылау камерасын орнату жөніндегі ұсынысқа байланысты аталған жерге камера осы жылы орнатылатын болады деді. Әуезов тұйығы көшесін жөндеу және жарықтандыру жөніндегі мәселеге сәйкес, осы көшенің түнгі жарығы қалпына келтірілген. Ал, көшені асфальттауға бюджеттік өтінім берілген, қаржысы бөлінсе тиісті жұмыстар жасалады. Мал жайылымдарының жерлерін кеңейту жөнінде ұсыныс – бұл өте өзекті мәселе болған. Себебі, жыл сайын Жосалы кентінде мал басы көбейгенімен, мал жайылымдық жерлер азаюда. 2021 жылы Қожантай су тоспасына құрылыс жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілген. Осы жұмыстардың арқасында көлдер жүйесіне, 10 мыңнан аса жайылымдық жер суландырылып, мал жайылымдық жер ашылды. Енді аталған аймақта тұрақты су болып тұрады. Бұл жергілікті билік пен тұрғындардың бірігіп атқарған жұмыстарының нәтижесі.
Жосалы кентінің белсенді азаматтары Қуаныш Төреев, Бақыткүл Төребаева, Жүрсінай Хайдаровалар өздерін толғандарып жүрген сұрақтарын қойса, тағы бірқатары кент, аудан әкімдеріне алғысын білдіріп, «Жыл көлемінде жақсы жұмыстар атқарылды деп есептейміз. Кейбір ойымыздағы мәселелер біз қалағандай жылдам шешілмеуі мүмкін, бірақ оның да дәйекті себебі болады. Жалпы алғанда кентте қолға алынған жобалар мен жұмыстар жоспар бойынша кезең-кезеңімен іске асып келеді. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген олар елді ауызбірлікке, ынтымаққа, барға қанағат ете білуге шақырды.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
06 наурыз 2022 ж. 354 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031