» » Шуақ шашқан мереке

Шуақ шашқан мереке


АЛДЫН АЛА ХАБАРЛАНСА ДА, БҰЛ ІС-ШАРАНЫ КҮНДЕЛІКТІ ӨТІП ЖАТАТЫН ЖИЫННЫҢ БІРІ ДЕП ЕСЕПТЕСЕК КЕРЕК. ОСЫНДАЙ ОЙ ЖЕТЕГІМЕН ЖОСАЛЫ КЕНТІНЕН ЕЛУ ШАҚЫРЫМДАЙ ҚАШЫҚТА ЖАТҚАН АУЫЛ ІРГЕСІНЕ ДЕ ТАЯП ҚАЛҒАНЫМЫЗДЫ БАЙҚАМАЙ ҚАЛЫППЫЗ. АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ АТЫ ЖАЗЫЛҒАН МАҢДАЙШАНЫ БЕТКЕ АЛҒАН БОЙЫ КӨЛІГІМІЗ СӘРСЕНБАЙ БӨРТЕБАЙҰЛЫ АТЫНДАҒЫ КЛУБ ҮЙІНІҢ АУЛАСЫНА БІР-АҚ КЕП ТОҚТАДЫ.
Кешеуілдеп келгенімізге өзіміз де қысыла мәдениет ошағының есігін ашқанымыз сол-ақ екен, әлдебір ғажап әлемге енгендей болдық. Әлем болғанда да қандай әлем!
Қазақы дәстүрмен безендірілген ғимарат іші кімнің болмасын жанын елжіретіп жібереді. Ұлттық киімде халық әнімен қарсы алған ауыл тұрғындарының жүзінен қуаныш пен жылылық лебі еседі. Жандүниемізде сол бір кереметтей атмосфераның бір бөлшегіне айналып кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалғандаймыз. "Өзіміз" дегенім – жанымдағы серіктерім. Олар – әрдайым жақсы істің басы-қасынан табылатын қоғам белсендісі, аузынан айналайыны түспейтін аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжаухар Раева, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрлан Бейбітов інім мен осы бөлімнің әдіскері, түрлі идеяның иесі (айтпақшы елді мекендерде әйелдер кеңесінің іс-шараларын өткізуге ой тастаған) Ұлжан Файзанова қыздарыңыз.
Қазақы дәстүрге сай, көрісуден соң 8 наурыз – Аналар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған "Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат" тақырыбындағы мерекелік іс-шараның мән-мақсатымен және сол жерге жиналған еңбек ардагерлерінің өмір жолымен ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызы қысқаша таныстырып өтті. Құрт-ірімшік, бауырсақ секілді ұлттық тағамдарға толы дастарқан басында елге еңбегі сіңген ардагер аға-апалар жайғасқан. Сән-салтанаты келіскен Әжелер ансамблінің мүшелері де қонағының көңілін аулап, бір сәтке байыз табар емес. Әсіресе сол күнгі Наурыз көже пісіріп әкелген Миуагүл Жарасбаева анамыздың ұлттық тағамының дәмі тіл үйіреді.
Ауылдық округ әкімшілігінің қолдауымен, ауылдық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен басқосу ұлттық тәлім-тәрбиеге ба­ғытталған. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алғашбай Жал­ғасбайұлы, егіс даласының майталмандары, еңбек ардагерлері Ібіраш Бедебаев, Кәрібай Асқаров, ардагер-ұстаз Бихан Дүйсенова, медицина саласының ардагері Гүлбану Берманқызы, Әжелер ансамблінің мүшелері Сара Есмаханова, Рая Бұрқұлова, клуб меңгерушісі Роза Кенжеғұловалар берекелі дастарқан басында өрелі сөздерін айтып, ақ батасын беріп жатыр. Әңгіме өзегі сол ауылдың бірлігі мен түтіні түзу ұшқан тірлігі, аналар болмысы.
– Қазіргідей заманымыз мың құ­былып жатқан уақытта ауылдың рухани құндылығын сақтау өте маңызды. Егерде, бас-басымызға би болатын болсақ, елдің қасиетін кетіреміз. Ондай елден алдымен береке қашады. Сол себепті де экономика мен идеологияны бір жерде тоғыстыру – өмір дәлелдеген шындық. Ұлттық дәстүріміз сақталса ғана халықта тірлік те, бірлік те болады. Ауылымыздың көпті көрген, өмір тәжірибесі мол ардагер аға, аналарымыздың басын қосқандағы мақсатымыз да жас ұрпақ алдында елдің бірлігін ұйыта да, ұйыстыра да білу. Осы кісілердің арқасында қалған рухани дүниелерімізді, идеологиямызды тірілтіп алу. Алда көптеген жоспарымыз бар. Осындай іс-шаралардың ұрпақ тәрбиесіне шарапаты тиеріне кәміл сенеміз, – деді ауыл әкімі Нұржамал Тұрсынбаева тебірене сөйлеп.
Әрі қарай мерекелік салтанат "Сыр-сұқбат" жобасы аясында "Қыл қалам шебері" атты сұқбатпен жалғасты. Студияда №28 мектептің мұғалімі, "Үздік педагог" төсбелгісінің иегері Қамар Өтемісовамен ауылдық әйелдер кеңесінің мүшесі Ақлимаш Әбілтаева сұқбат жүргізіп, сұрақтарын қойды. Онда ол өзінің сурет өнеріне қызығушылығы қашан басталғанын, шәкірттері арасында сурет салуға қызығатындары аз емес екенін және қол жеткен жетістіктері жайлы айтып берді.
Қазақ отбасында келіннің алар орны ерекше екені бәрімізге мәлім. Ата-енені құрметтеу, жарына сүйеу болу, балаларына үлгі көрсету – дәстүрімізде ертеден-ақ жазылмаған заңдылықтар десек артық айтқандық емес. Осы және басқа да сауалдарға ибалы келіндермен жауап іздеген "Шаттық" бөбекжай-бақшасының психологі Гүлнұр Алдажарова мерекелік жиынды әрі қарай үйіріп әкетті. Психолог үй шаруасындағы жас аналар Әлия Орынбасарова, Гүлжайна Аякешова, Әлия Жағыпарова, Гүлнар Жұмахметова, Айбану Қойбағарова, Индира Табынбаевалармен "Жүрек жылуы" тақырыбында тренинг өткізді. Онда отбасындағы рухани тәрбие берудің әдіс-тәсілдері түсіндіріліп, "Тыныштық сәті", "Сіздер дәрігерсіздер", "Ән айтайық", "Киіз үй" атты психологиялық жаттығу-ойындары көрсетілді. Сонымен қатар "Он саусағынан өнер тамған" тақырыбында қолөнер шебері Жанат Лекеровамен кітапханашы Ақмарал Сағатқызы да сұқбат жүргізіп, еңбек еткен адамның бақыт кілті қолында болатынын бір дәлелдегендей еді. Сұқбат барысында қолөнерші ши тоқып көрсетіп, біразымызды тәнті етті. Анасы мен апасының (енесінің) өнегесі турасында сыр шертті. Сонымен қатар, қатысушыларға қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын таныстырды.
Көптің көңілінен шыққан салтанатта ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, білім саласының ардагері Рая Қайырқызының айтары бар.
– Өздеріңіз тамашалап, куәгер болған жоспарлы іс-шараны мейлінше тартымды болу үшін жаңаша форматта ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – үйде отырған жас аналардың бос уақытын тиімді пайдалануына, қоғамдық-рухани жұмыстарға қазірден бастап атсалысуға баулу. Жалпы әйелдер кеңесінің мүшелері әркез белсенділік танытып келеді. Тапсырылған жұмыстарды тиянақты орындап, игі істерге аянып қалмайды. Осы тұрғыда ауыл әкімшілігі және клуб үйі ұжымына, елді мекендегі шаруашылықтардың басшыларына алғысымды білдіремін. Әркез қолдау білдіріп, біздің бастамаларымызды құптап, қуаттап отырады. Кез келген жұмыстың нәтижелі болуы ол ауызбірлікке байланыс­ты. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады, – дейді Р.Жөнейтова.
Иә, қызықты сұқбаттар мен тренингтердің қызығымен жүргенімізде күн де өз өсінен айналып, еңкейе түсіпті. Жаңа формат демекші, расында да бұл өзгеше іс-шара болды. Біз де осыбір рухани жиған-тергенімізбен көлігімізге қарай жылжыдық. Сондағы жанжүрегімізде бір ғана тілек – бірліктеріңіз мығым бола берсін ауыл халқы!
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
06 наурыз 2022 ж. 543 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031