» » Қазақ неге тұмар таққан?

Қазақ неге тұмар таққан?



Қатты сырқаттанған әпкемнің мойнына тұмар тағып еді. Ол кезде баламыз ғой. Әлгі тұмарды ұстауға да қорқатынбыз. Тек қағазға дұға жазылып, ішіне бүктеліп салынғанынан ғана хабарымыз бар. Ауыл адамдарының көбі осы былғарыдан жасалған үшбұрышты бойтұмарды тағынатын. Ал қазір тұмар таққан пендені байқамаймыз. Жалпы, бойтұмар деген не? Қазақ оны неге таққан?
Тұмар қымбат бағалы металдан немесе былғарыдан жасалған қорапшаларда, қалташаларда сақталған. Қорапшалар үшбұрыш, төртбұрыш кейде түтікше түрінде көлемі мен пішіні әртүрлі үлгіде жасалды. Оларды әшекейлеп, алтын, күміс жалатып, асыл тастармен көмкерген. Бойтұмар ретінде бау алқа өткізіп, мойынға таққан. Кейде тұмарды киім жағасының, қолтығының астына, бас киімнің ішіне тігіп немесе түйреуіш арқылы қадап алған. Сондай-ақ тұскиіз, кілемдерге қыстырып, жастықтың астына жастап жататын болған. Тұмарды жұрт көзіне көрсетіп алып жүру немесе тағу міндетті саналмаған.
Тұмарды жасау барысында қолданылатын материалына, безендіру әшекейіне қарай алтын тұмар, тіллә тұмар, сіркелі қолтық тұмар, бойтұмар, жастық тұмар, қиық тұмар, лағыл тұмар деген түрліше атау қалыптасқан. Алтын тұмар – күміс бетіне сіркелеп, алтын жалатылған тұмар. Тіллә тұмар – алтынмен қапталған тұмардың бір түрі. Сіркелі қолтық тұмар – бетіне сіркелеп өрнек салынған тұмар. Бойтұмар – дұға, аят жазылып, мойынға тағылатын тұмар. Жастық тұмар – төрт бұрышты түсті металдан жасалған көркем тұмар. Қиық тұмар – сән үшін мойынға тағылатын, жалтырауық заттардан жасалған тұмар. Ал лағыл тұмар – лағыл таспен безендірілген тұмар. Тұмардың шағын, кішілеу келген түрін тұмарша деп атайды. Халық оның киелі қасиетіне сеніп, кездейсоқ қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтайды деген сенімде болған. Халықтың байырғы түсінігінде тұмарша оюы бар бұйым адамды жын-шайтаннан сақтайды, жамандықты жолатпайды деген сенім болды.
Тұмар – түрлі наным-сенімге байланысты қорғаныш қызмет атқаратын зат. Оны тіл тиюден, көз сұғынудан, түрлі қауіп-қатерден, пәле-жаладан, тылсым күштерден қорғану мақсатында жасаған. Дәстүрлі ортада тұмар ретінде туған жердің топырағы, тас қиыршықтары, халық қасиетті, киелі санаған ұлутас, үкі қауырсыны мен тұяғы, қасқырдың азу тісі, киіктің бақайшағы, қойдың асығы сияқты заттар тағылған. Қолөнер дами келе қасиетті саналатын бұл заттардың бейнесі ағаш, сүйек, металл сияқты заттардан ойылып, құйылып та жасалған екен. Мәселен, ертеде қазақ арасында туған жердің топырағын тұмар ретінде алып жүру үрдісі болған. Әсіресе, жорыққа аттанған батырлар, өз елінен жыраққа ұзатылған қыздар тұмар ретінде туған жердің топырағын шүберекке түйіп, өзімен бірге алып жүрген. Сол арқылы алыста жүрген ер адам "Жер-Ана жебеп жүреді, туған жерге қайтып ораламын" деп ырымдаған. Сондай-ақ алысқа ұзатылған қыз туған жердің топырағын иіскеп, мауқын басқан екен.
Ислам діні тұмар ретінде әртүрлі заттар тағуды ығыстырып, орнына Құран аяттары жазылған қағаз салу белең алған. Әдетте аяттарды діни ғұламаларға, молдаларға жаздырып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүрген. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов "Қырғыздар ертеде тұмар ретінде құстар мен аңдардың сүйектерін таққан болса, кейін Құран дұғалары жазылған аяттарды таққан" деп жазады. Ежелгі қазақ даласындағы тайпалар тәңірге сенген. Олар адам өлген соң, ол аруаққа айналады, оның жаны "тіршілік етеді" деген сенімде болған. Аруақтарды жақсы және жаман деп екіге бөліп, біріншісіне, ата-бабалардың рухын, екіншісіне, жын-шайтандарды жатқызған. Сондықтан жамандықты жолатпай, жын-шайтаннан қорғану үшін тұмар таққан.
Қазір бойтұмар тағуды ширк ретінде қарастырып жатады. Бұл жағдайдың мұсылмандық бойтұмарларға қатысы жоқ.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
12 ақпан 2022 ж. 2 585 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031