Спорт клубы ашылды
Қазіргі таңда баласын спортқа баулығысы келетін ата-ана үшін мүмкіндік көп. Тіпті қандай жаттықтырушыға беремін десе де өз еркі. Бұрындары бір ғимараттың ішінде түрлі спорттан жаттығу өтсе, қазір жоғары білікті спортшылар мен спорт резервін әзірлеу бағытында олимпиада резервін даярлау орталығы, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, жоғары спорт шеберлерін даярлайтын мектептер жан-жақтан ашылуда. Жақында аудан орталығынан спортта бала тәрбиесіне басымдық беру мақсатында «Жалын» спорт клубы ашылды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында құрылған спорт клубы бүгінде өз жұмысын бастады. Мұнда спорттың бокс, дзюдо, қазақ күресі, үстел теннисі, шахмат түрлері бойынша 5-16 жас аралығындағы екі жүзге жуық жеткіншектер мен жасөспірімді тәрбиелеуде.
– Бұқаралық спорт түрлерін дамыту арқылы біз көптеген жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Мәселен, спорт клубын ашқандағы мақсатымыз – болашақ жеткіншектер мен жасөспірімдерді спортқа баулып, зиянды әдеттерден аулақ ұстау. Қоғамдағы тәртіп бұзушылық пен қылмыстың алдын алу. Жастардың спортқа деген белсенділігін арттырып, жеңіс жолындағы шыңдарды бағындыруға жол ашу. Спорт клубын «Жалын» деп атауымыздың да өз себебі бар. «Жалыннан олимп шыңына» дейін болсын, спортшыларымыз олимпиаданың жалынындай жалындап жүрсін деген ұранмен осылай атадық. Ел игілігі үшін ашылған спорт клубы болашақта елдің намысын көтеретін мықты чемпиондар тәрбиелейді деген сенімдеміз, – дейді спорт клубының директоры Шохан Бақбергенұлы.
Атаулы орында 5 жаттықтырушы және 2 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Жаттықтырушылар танымал спорт майталмандары. Бокстан ҚР спорт шебері, Еуразия жүлдегерлері, қазақша күрес, самбо, дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары. Бүгінгі күні спорт клубына қызығушылық танытқан оқушылар, баласын әкелген ата-ана көп.
– Алдағы уақытта қосымша спорт секциялары ашылып, спортшыларды тасымалдайтын көлік қызметі қолға алынбақ, – дейді клуб директоры.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ