Ахуал тұрақталып келеді
Қала қақпаларына қойылған блок-бекеттер әлі де көліктер мен жеке тұлғаларды қалт жібермей қадағалап тұр. Бұл іске әртүрлі күштік құрылымдардың жүздеген өкілі жұмылдырылған.
Бақылау бекеттерінен бөлек күдікке ілінген пәтерлер мен жеке үйлерді де тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тиісті құрылымдар тінту барысында жарық дыбыстық гранаталар, тоналған тұрмыстық техникалар, мобильді құрылғылар мен суық қаруларды тәркілеген. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны сәт сайын жаңаруда. Комендатура келтірген соңғы дерек бойынша лаңкестік, тонау және басқа да істерге қатысы бар деген күдікпен 1 237 адам ұсталған. Одан бөлек, 31 атыс қаруы мен 1 428 оқ-дәрі тәркіленіп, блок-бекеттерде тағы да 38 адам қолға түскен. Жауапты орындар «102» басқару пультіне барлығы 608 хабарлама, комендатураның call-орталығына азаматтардан жедел әрекет етуді талап ететін 253 дабыл түскенін мәлімдеді.
Мәселен, Алмалы ауданының полиция қызметкерлері Байтұрсынұлы көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің бірінен қаланы талқандауға қатысты деп күдікке ілінген 8 адамды ұстады. «Тұрғын үйден әскери құралдар мен қала дүкендерінде қолды болған тұрмыстық, цифрлы техникалар табылды. Ұсталғандардың 6-ауы Жамбыл облысының, тағы 2-еуі Талдықорған қаласының тұрғыны. Үлкенінің жасы 25-те болса, ең кішісі небәрі 19 жаста», деп мәлімдеді полициядағылар.
Комендатураның ақпараттық бөлімі қалада лаңкестерге қарсы күрес әлі де жалғасып жатқанын, 11 қаңтар күнгі дерек бойынша, Әуезов, Алатау және Медеу аудандарының аумағы, «Өжет» шағын
ауданы мен «Алматы» халықаралық әуежайына шекаралас аумақта лаңкестерден тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілгенін хабарлады. Бұған дейін шаһардың Сайын – Райымбек – Карьерная – Жандосов көшелерінің аумағы қылмыскерлерден тазартылғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Әкім Бақытжан Сағынтаев ойраннан ең көп зардап шеккен Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру бойынша ақпараттық кеңес өткізіп, мегаполис өмірін арнаға түсірудің жоспарын таныстырды. Қала басшысы әкімдік ғимаратының қирауына байланысты қала әкімдігі уақытша Алмалы ауданы әкімдігінің ғимаратында жұмысын жалғастыратынын айтты. Тиісінше зардап шеккен қалалық кеңселер де басқа ғимараттарға уақытша көшіріледі.
Бүгін, яғни 12 қаңтардан бастап Алматыда барлық қоғамдық көліктер қалыпты жұмысына кіріседі. Төтенше жағдайға байланысты жұмыс кестесі қалалық маршруттар үшін сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Президент тапсырмасына сай, жұрт басына бұлт үйірген қанды оқиға енді қайталанбас үшін күн санап аумағы артқан шаһардағы қауіпсіздік мәселесі барынша күшейе түспек. Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы әрі қала коменданты Қанат Таймерденов жағдайдың толық бақылауда екенін жеткізді. Дүйім елді дүрліктірген дүрбелеңде бейбіт тұрғындармен қатар құқық қорғау саласының қызметкерлері қатты зардап шекті. Қаланың бас полицейі қызмет бабында қаза болған полицейлердің үйіне барып, көңіл айтты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, полиция сержанты Ален Асылханов, полиция старшинасы Ринат Қамбетов пен полиция кіші сержанты Нұрболсын Алмасов қаланы қорғау барысында лаңкестердің қолынан қаза тапқан болатын.
«Елімізге сын сағат төнгенде ерлікпен өмірден өткен әріптестеріміздің туыстарымен бірге қайғырамыз. Олар азаматтардың қауіпсіздігі үшін жанын қиған батырлар. Азаматтардың Отан алдындағы жанқиярлық қызметі бізге де, болашақ ұрпаққа да жарқын үлгі болмақ», дейді Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ қала коменданты тұрғындарды сақ болуға шақырып, балалар мен егде адамдарды қараусыз қалдырмау жайын ескертті. Бәленің беті бері қарады десек те, арқаны кеңге салуға ерте, сондықтан мұқият болған абзал.