Асхат Аймағамбетов педагогтерге тұрғын үй беруді ұсынды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кадр тапшылығы байқалатын және білім сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмасы бойынша қолдау шараларының тиісті пакетімен аталған өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр.
«Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және т.б. осы сияқты әлеуметтік қолдау шараларын ұсынамыз.
Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір өлшемдерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі. Нақты іске асыратын кейбір тетіктерін әлі де талқылыйтын боламыз», деп жазды Білім министрі әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ тағы бір бағыт бойынша Қазақстанда шетелдік 5 ЖОО филиалдарын ашылады. Бұл шара отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін. Министр осы бағыттағы жұмысқа кірісіп кеткендерін де жеткізді.
«2021 жылдың қыркүйегінде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің (De Montfort University Leicester) филиалы ашылды.
Сонымен қатар, Қозыбаев атындағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда.
Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады.
Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді ол.
Оның айтуынша, басқа да әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.