» » Сырғалылар көбейіп бара жатыр

Сырғалылар көбейіп бара жатыр



Қоғам болғасын бәрі болады. Бірі тоңып секірсе, ендігісі тойып секіреді. Біреуі өнер, білімге құштар. Біреуі масылдықты ерттеп алған. Ал тағы біреуі кәсібімен көкжиегін кеңейтсе, басқасы өз әлемін қиялдан – шындыққа айналдырған. Айтпағымыз, кімнің не жасары емес, жасағанының қоғамға тигізері жайында болмақ.
Бұрындары эмоларға еліктеп, шашын өсіріп, сырға таққан жігітті көргенде жаға ұстайтынбыз. Қазір не көп, трансгендер көп. Қоғам оларды шеттетпеді. Керісінше, ортамызда тайраңдаттық. Жігіттерге жараспайды қос бұрым дейміз-ау. Осындайда анаубір жылдары шалбарды бұтына тырыстырғандарды  айналып кеткің келеді. Сорақы деген ол емес екен. Бетіне бес батпан бояу жағып, шашын әрлеп, биік өкше, қысқа көйлек киген қызды көргенде, қыз деппін ғой, жігітті көргенде өзіңе деген сүйіспеншілігіңді жоғалтарың рас. Жабыстырған сояудай тырнағы, найзадай кірпіктері түйреп алардай. Ал табиғат бермеген көкіректі отамен орнатып алғанын көрсе де сілекейі шұбырады талайының. «Намыссыз, арсыз, ұятсыз» деп өзгенің көзінше атойлағанымен, сол транстың оқырманы болып, сүйкімді пікір салып отыратын жастарды көргенде жаның ашиды.
Ерсі тірлігін еледік. Телеарнаға шығарып көтердік. Атын атап атақ бердік. Затын көрсетіп шалқыттық. Біз өзі кімдерді тәрбиелеудеміз? Сонда келешек елдің тізгінін ұстар кім? Осы сауал көптің көкейінде жүр. Себеп те сол, әлеуметтік желілерде сырғалылардың жаңбырдан соңғы саңырауқұлақша қаптап кеткені.
Қазір Тик Ток дегенді бизнестің көзіне айналдырыпты бір трансгендер. Атын атап, түсін түстемеген жөн болар (жарнаманың керегі не?). Тікелей эфирге кіреді. Банк нөмірін ортаға тастайды. Достарына транс арқылы пранк, танысу, мазақ қылуы үшін әлгі шотқа ақша аударады жұрт. Әйел дауыспен 500 теңге, еркек дауыспен қоңырау шалу 1000 теңге деген ставкасы тағы бар. Ал жомарттық жасап, 1500 теңге аударғанын қағазына түртіп алған ұзын-сонар кезегінен өткізіп жібереді де бірінші боп құттықтайды. Бір сағатқа созылған мұндай «кәсібінен» 100 мыңға жуық ақшаның көзін тауып отыр. Қызығы сол, эфирде туған күнімен құттықтатып, балаларына, күйеулеріне қоңырау шалдыртатындары жетерлік. Барлығы қазақ. Түсінесіз бе, қазақ. Енді кімге өкпелейміз?
Бұрындары ер жігітке қарата айтылатын «еңселі ер азамат», «екі иығына екі кісі мінген», «жауырыны қақпақтай» деген теңеулерді қазіргі жігіттерге айтуға ауыз бармайды. Дегенмен, көпке топырақ шашпайық. Бір-бір қызметтің басында, бір үйдің асыраушысы болып отырған азаматтарымыз да көп. Тек жігіттік қалыптарын әйелге айырбастаған нар жігіттердің майдаланып бара жатқаны ұрпақ келешегіне де зиянын тигізбей қоймайтыны мазалайды.
Осыдан жеті мың жыл бұрын Азияда арнайы ерлерге сырға жасайтын ұсталар болған көрінеді. Рим елінде сырғаны құлдарға тағатын болса, гректерде жезөкшелікпен айналысатын ерлер таққан екен. Сығандарда алдыңғы сәбиі өлген соң, дүниеге келген келесі баласына сырға тағу салты болған. Ал, пираттардың құлағындағы сырғалар тоналған кемелердің санын білдіреді. Біздің жігіттерге не жорық? Кәріс сериалдарындағы жігіттерге еліктеп тақты ғой деп ақтап алайын десең, жүрген түрі, сиқы анау. Сырғаның әйелде жоқ түр-түрін көйлегімен сәкес қып тағып алады. Әйелге айналуына өзі емес, құдды айналасы кінәлідей. Айтары сол, «зорлыққа ұшырадым». Түбі сол соққы сырғаландырыпты.
Балам – болашағым деген қазақпыз. Тәрбиені берерде балам жаман болсын демейтініміз де рас. Бірақ осындай жігіттер қайдан шығады? «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» дейді батыр Бәукең. Қазір бізде үшеуі де бар. Айтып-айтпай не керек, қазақтың ұрпағы қазақ болу үшін əжелер институты мен аталар мектебі жұмыс істеуі керек. Əйтпегенде, бүгінгі талай дерттің арты «жұқпалы» болып бара жатқаны қынжылтады.
Кешегі көшпенді елдің асқақ арманын орындаған ерлердің ісі егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ер-тоқымын жастанбай біткен еді ғой. Сонда ел басына күн туса етігімен су кешкен кешегі баһадүрлердің ұрпағы ел қорғауға сырға тағып, сыланып шыға ма?
Айнұр ӘЛИ
28 желтоқсан 2021 ж. 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 374

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 454

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930