Сессияда аудан бюджеті қаралды
ЖУЫРДА ЖОСАЛЫ КЕНТІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА VII ШАҚЫРЫЛҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС 12 СЕССИЯСЫ ӨТТІ. ШАҚЫРЫЛҒАН СЕССИЯ ЖҰМЫСЫНА КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ СӘЙКЕС АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰЛДЫЗХАН ЕРҚОСАЕВ, ЖОСАЛЫ, ТӨРЕТАМ КЕНТІ МЕН БАРЛЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ ЖӘНЕ ДЕРБЕС БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.
Мәслихаттың кезектен тыс 12 сессиясын аудандық мәслихаттың хатшысы Әділ Қошалақов ашып жүргізіп, жиынның күн тәртібімен таныстырды. Онда жылдың қорытындылануға жақын қалғанын және депутаттар назарына ұсынылған мәселелердің маңыздылығын атап өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселелер бойынша Жосалы, Төретам кенті мен Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Жаңажол, Иіркөл, Жосалы, Ақай, Қармақшы ауылдық округтерінің 2021-2023 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтыру енгізу. Бұл туралы кенттер мен ауылдық округ әкімдері хабарлама жасады. Хабарлама барысында депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстары тыңдалды.
Екінші мәселе бойынша «Қармақшы ауданының елді мекендері аумағындағы жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 2 мамырдағы №167 шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Ниматулла баяндады.
Мұнан соң үшінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 23 қарашадағы №134 «Сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы» аудандық мәслихаттың хатшысы Әділ Үсенұлы хабарлама жасап, төртінші мәселеде аудандық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ