» » Omicron: жаңа штамм, жаңа шектеу

Omicron: жаңа штамм, жаңа шектеу

ОАР дәрігерлері коронавирустың "омикрон" штамы жастар арасында жылдам тарап жатқанына алаңдаулы. Вакцина салдырмаған азаматтарда, сондай-ақ қарттар мен созылмалы аурулары бар адамдарда ауруды өткеру ауыр болады дейді олар. Жастар арасындағы қарқыны қатты жаңа штамм жайында не білеміз?
Соуэто қалалық аурухананың реанимация бөлімінің басшысы Рудо Мативаның айтуынша, ауруханаларға 20-30 жас аралығындағы жастар орташа ауыр жағдайда түсіп жатыр, алайда олардың кейбіріне қарқынды терапия қажет. Сонымен қатар, РИА Новостидің мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұрын коронавируспен ауырған адамдарда "омикрон" штамын жұқтыру қаупі жоғары екенін ескертті.
Африка оңтүстігінде тараған жаңа штамм басында B.1.1.529 деп аталған. Таяуда ДДСҰ оған "омикрон" деген жаңа атау берді. Бұл грек әрпі. Омикрон грек әліпбиінде 15-інші тұрады. Гректің Омикрон әрпінен латын мен кирилл қарпіндегі "О" әрпі шыққан. Мамандардың айтуынша, қазіргі вакциналар "омикрон" штамынан қорғай ма, жоқ па, белгісіз екенін алға тартуда. Әзірге зерттеулер жүріп жатыр. Бірақ вакцина өндіруші компаниялар жаңа штаммен күрес жолын іздеуді бастаған. Мысалы, Daily Mail мәліметінше, Pfizer мен Moderna қажет болған жағдайда өз вакцинасының құрамын өзгертуге да­йын екенін мәлім етті. Moderna 60 күннен кейін вакцинаның клиникалық сынағын бастай алатынын хабарлады. Ал Pfizer қажет болған жағдайда 100 күн ішінде жаңартылған өнімін нарыққа шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Pfizer бас директоры Альберт Бурла PAXLOVID препараты жаңа штамға қарсы пайдалы болуы мүмкін екенін айтты. Ресей де жаңа штаммен күресуге қауқарлы вакцина өндірмек. Гамалеи орталығының директоры Александр Гинцбургтің айтуынша, жаңартылған вакцинаны өндіруге 10 күн жеткілікті. Бірақ оны тіркеуге құжат рәсімдеу үшін 50 күндей уақыт қажет екен. Johnson & Johnson корпорациясы да COVID-19-дың жаңа "омикрон" штамына қарсы вакцина жасауға кірісетінін хабарлады.
Ал ДДСҰ "омикрон" қаупі туралы шешім шығаруға асықпайды, бұл штамды зерттеуге бірнеше апта қажет дейді. Әзірше бұл вирус туралы ештеңе шешіп айтпауды ескертті. Қазір бұл штамм басталған Африкада эпидемиологиялық зерттеу жүріп жатыр.
– "Омикрон" қаншалықты жұқпалы екені, мысалы, басқа нұсқалармен, со­ның ішінде "дельта" нұсқасымен салыс­тырғанда, ол адамнан адамға қан­шалықты тез жұғатыны әзірше белгісіз, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ДДСҰ өкілдері "омикрон" штамын жұқтырғандарда вирус симп­томдары қаншалықты ауыр білінетіні де белгісіз екенін атап өтті.
Кейінгі бірнеше күнде "омикрон" Аустралия, Бельгия, Ботсвана, Ұлыбритания, Германия, Дания, Италия, Нидерланды, Франция және Оңтүстік Африкада тіркелді. Оның алдында Гонконг, Израиль мен Канада билігі "омикрон" жұқтырған науқастар анықталғанын хабарлаған.
Израиль алғаш болып шетелдіктерге елге кіруге тыйым салды. 30 қарашада Жапония да шетелдіктер үшін шекарасын жапты.
Бүгінде Ұлыбритания жаңа штаммды талқылау үшін "Үлкен жетілік" (G7) саммитін өткізуді ұсынып отыр. Бұл елде бүгіннен бастап қоғамдық орындарда мас­ка тағу міндеттеледі.
Бірнеше күн бұрын Нью-Йорк губернаторы Кэти Хочул "омикронға" байланысты өңірде төтенше жағдай режимін жариялаған. Ал АҚШ президенті Джо Байден кешеден бастап Африканың сегіз елімен әуе қатынасына шектеу қойды.
Түркия билігі бес елмен әуе қатынасын жауып тастады: 26 қарашадан бастап, коронавирустың жаңа штамының таралуына байланысты Ботсвана, Оңтүстік Африка Республикасы, Мозамбик, Намибия және Зимбабведен келетін азаматтарға республикаға кіруге тыйым салынды. Ал бізде ше?
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Африкада табылған коронавирустың "омикрон" штамын жаңа жаһандық қауіп деп атады.
– ДДСҰ мен денсаулық сақтау жүйесіне мүше барлық мемлекет күрделі дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Бүкіл әлемде тез тарала бастаған "омикрон" штамы – жаңа жаһандық қауіп, – деді ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының "омикрон" штамының таралуы жағдайында пандемияға дайындық мәселелері жөніндегі сессия­сында сөйлеген сөзінде. Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "омикрон" қаупі туралы қандай да бір мәлімдеме жасауға әлі ерте екенін айтты.
"Тасымалдану әлеуеті: "омикрон" басқа штамдарға қарағанда қалай таралатыны әлі белгісіз. Иә, Оңтүстік Африкада қазір бұл штамды жұқтыру дерегі көбейген, бірақ эпидемиологиялық зерттеулер аяқталғанға дейін бұл нұсқаның таралу әлеуеті артқаны туралы нақты қорытынды жасауға болмайды" деп жазды Цой Facebook-те.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуын­ша, COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия 3 желтоқ­саннан бастап жаңа шектеу шараларын енгізу туралы шешім шығарған. Шешім мынадай: Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагас­кар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу, "омикрон" нұсқасынан туындаған коронавирус жағдайлары анықталған Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада және Мысырдан келетін адамдар үшін вакцинациясы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР-анықтама талап ету, "омикрон" штаммынан туындаған коронавирус жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге оқшаулануы тиіс.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі жаңа "омикрон" штамын жұқтырғандар жоқ екенін айтты. "Бүгінге дейін Қазақстанда "омикрон" штамы анықталған жоқ, вирустың секвенциясы бойынша жұмыс жалғасып жатыр, біз бұл жұмысты ай сайын тұрақты түрде жүргіземіз. Бүгін үкімет отырысында да жұмысты жалғастыру және күшейту туралы қосымша шешім қабылданды. Нәтижесі желтоқсанның үшінші онкүндігінде белгілі болады" деді вице-министр үкімет отырысында. Оның айтуынша, "омикрон" штамы ПТР тестіне сезімтал.

Айнұр ӘЛИ

04 желтоқсан 2021 ж. 487 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031