Мемлекет басшысы: «Омикрон» жаңа жаһандық қауіп-қатер
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйледі.
«ДДСҰ-ға мүше барлық мемлекет пен денсаулық сақтау жүйелері ауыр дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Бүкіл әлемге жылдам тарала бастаған коронавирустың жаңа түрінен алдағы апталарда COVID-19 жұқтырғандар көбейеді. «Омикронды» Оңтүстік Африка зерттеушілері анықтады және ол жаңа жаһандық қауіп-қатер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, пандемия халықаралық ынтымақтастықтың көптеген кемшілігін ашып берді. Айтуынша, пандемия ниеттестікке негізделген және биологиялық сын-қатерлерді еңсеру жүйесіне қарағанда әлдеқайда тиімді жаңа жаһандық тәсіл қажет екенін растады.
Президент елдер «өздерін вирус алдында әлжуаз еткен» барлық түсініспеушілікті еңсеруі керек екенін мәлімдеді.
Тоқаев ДДСҰ-ның жаңа қауіп-қатерлерге дайындық пен әрекет етуін күшейтуге арналған конвенция құру идеясын қолдайтынын атап өтті.
«Қазақстан ДДСҰ-ны біздің үкіметтің жақсы, сенімді серіктесі ретінде қолдайды. Біз бас директор, доктор Тедростың (Гебреисус, ДДСҰ басшысы) осы індетке қарсы күреске қосқан оң үлесін бағалаймыз», – деді Тоқаев.
Презденттің сөзінше, дағдарыс елдік деңгейде және ұлттық денсаулық жүйелерінде құрылымдық кемшіліктерді ғана емес, жаһандық деңгейде жүйелі теңсіздік барын көрсетті.
«Сол себепті Қазақстан бәріне бірдей қолжетімділікті қолдайды. ДДСҰ-ның 2022 жылдың ортасына қарай вакцинациямен қамту стратегиясын құптайды. Біз өз тарапымыздан «дельтаға» қарсы QazVac вакцинасын әзірледік. Біз вакцинаны өз елімізде тиімді пайдаланып қана қоймай, Орталық Азияның басқа елдеріне де мүмкіндік беріп жатырмыз», – деді мемлекет басшысы.
Ол әлемдегі әр адамның денсаулығы бүкіл елдің ортақ қауіп-қатерге қарсы үйлескен күресіне байланысты екенін айтты.
«Барлық елді ДДСҰ басшылығымен мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігер біріктіруге шақырамын», – деп түйіндеді Тоқаев.