Криминалист
КРИМИНАЛИСТИКАСЫЗ ҚЫЛМЫСТЫ АШУ МҮМКІН ЕМЕС. ҚЫЛМЫСТЫ КІМ ЖАСАДЫ? ОЛ ҚАШАН, ҚАЙ КҮНІ, ТӘУЛІКТІҢ ҚАЙ МЕЗГІЛІНДЕ БОЛДЫ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫН АНЫҚТАУ КРИМИНАЛИСТ МАМАНДАРЫНЫҢ МІНДЕТІ. «ТҮЙМЕНІҢ ИНЕСІЗ КҮНІ ЖОҚ» БОЛСА, ҚЫЛМЫСТЫ АШУДА КРИМИНАЛИСТИКАСЫЗ ЕШТЕҢЕ ӨНБЕЙДІ. ЖАҢАЛЫҚ АШУДЫҢ ӨЗІ ЖАҢАЛЫҚ БОЛМАЙ ҚАЛҒАН ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА САУСАҚ ІЗДЕРІ, ШАШ АРҚЫЛЫ ҚЫЛМЫСКЕРДІ ІЗДЕУ ЕСКІ ТӘСІЛДЕРДІҢ ТІЗІМІНЕ ЕНГЕЛІ ҚАШАН. СОНДА ДА БОЛСА ИІС АРҚЫЛЫ ІЗГЕ ТҮСУ БҮГІНДЕ СОҚА ТИМЕГЕН ТЫҢ ЖЕРДЕЙ БОЛЫП ЖАТҚАНЫ РАС.
Полиция қызметінде криминалистика саласының алатын орны ерекше. Қылмыстың ашылуына аталмыш сала мамандары сүбелі үлес қосады. Артында із қалмаған қылмыстық оқиғаның өзінде олар әрбір іске жіті көзқараспен қарайды. Қырағылық қасиетінің арқасында криминалистика саласының мамандары түйінді мәселенің шешілуіне өз әсерін тигізеді. Осы орайда аудандық полиция бөліміне бас сұқтық. Онда біз криминалистика мамандарымен жүздесіп, атқаратын қызметі жайында жан-жақты біліп қайттық.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Қанат Ерманов бізбен жүздесуінде аталмыш саланың полиция қызметінде ерекше орын алатынын жеткізді. Солай ә деместен әңгімені әрі қарай жалғай отырып, бізді криминалистердің бөлмесіне әкелді. Мұнда кіргенде біз өзімізді құдды кино әлеміне тап болғандай сезіндік. Есіктен енгеннен-ақ жадырай қарсы алған полиция лейтенанты Еркін Бекенов – аға криминалист.
– Қылмыс жасаған адам артында із қалдырмауға тырысады. Сондықтан криминалист маманға ұсақ-түйек деген болмайды. Оқиға орнындағы әрбір затты мұқият зерттеуге алады. Нәтижесінде күрделі деген қылмыстың түйіні тарқатылып жатады. Аталмыш сала қызметі қашанда қарбаласқа толы. Сол қым-қуыт жұмыс барысында әрбір іске жауапкершілік қажет етіледі. Әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Жансақ басуға әсте болмайды. 2014 жылдан бері осы криминалистика саласында қызмет етіп келемін. Сол уақыт аралығында бұл қызметтің қыр-сырына қанықтым. Бүгінде біздің салада көптеген дүниелер жаңарды. Көбісі автоматтандырылған бағдарлама арқылы жүргізілетін болды. Қазіргі таңда полиция кіші сержанты, техникалық криминалист Берекет Сыдықов екеуміз осы салада қызмет етудеміз, – деді Еркін Жанбөбекұлы.
31 жастағы аға криминалист Жосалы кентінде өмірге келген. №105 мектептің түлегі. 2010 жылы әскерге аттанған бозбала Отан алдындағы борышын өтеп келген соң азаматтық қызметтер атқарады. Одан соң 2014 жылы Ішкі істер органына жұмысқа орналасып, осында жүргенде криминалистиканың арнайы 3 айлық оқуын оқиды. Бастапқыда техникалық криминалист болып қызметін бастаған ол сол уақыттарда аға криминалист болған Қанат Ермановтан көп дүниені үйрендім дейді. Айтулы оқудан алған білімін тәжірибемен сәтті ұштастыра білген Еркін өзі таңдаған мамандыққа адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында қызмет атқарып келеді. «Жас келсе іске» демекші, еңбекқорлығының арқасында ол аға криминалист лауазымына көтерілді.
Қылмыс ашуда криминалистердің атқаратын жұмысы өте жауапты. Осы орайда, аға криминалист өз мамандығы жайлы аз-кем сыр бөлісті.
– Бұл мамандық сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, оны толық игеріп, білікті маман болу үшін әр адамнан тынымсыз ізденісті талап етеді. Өйткені күнделікті орын алып жатқан қылмыстардың ізін суытпай, тез арада ашылуына криминалистиканың тигізер септігі мол. Тіпті, ішкі істер органдарын криминалистикасыз елестету мүмкін емес. Еліміздегі бұл сала жыл өткен сайын жетіліп, заманауи техникалармен жабдықталуда. Криминалистік есептер автоматтандырылған. Біз, криминалистер, қылмыс орын алған жерлерді, соның ішінде дәлел мен дәйекті фотосуретке түсіріп, түрлі ізге түсеміз. Алынған іздерді базаға енгізіп, ондағы мәліметтермен салыстырмалы тексеріс жүргіземіз. Ол іздерді табудың түрлі әдіс-тәсілдері бар. Мәселен, саусақ, аяқ іздері, шаш және тағы басқа да іздер арқылы қылмыскерлерді іздеумен қатар, тіпті иіс арқылы табу тәсілі де қолданылады. Иіс пен саусақ іздерінде бір адам мен екіншісінің ұқсастығы болмайды. Яки бірінікі біріне сәйкес келмейді. Әлемде милионнан бірінің ғана ұқсастығы табылуы мүмкін, – дейді аға із кесуші.
Бүгінде Еркін Бекеновтің іскерлігінің нәтижесінде көптеген зерттеулер жүргізіліп, бірқатар қылмыстық істің беті ашылған. Өз жұмысына жауапты, білікті криминалист 1 қыз, 1 ұлдың әкесі, отбасының арқасүйер азаматы, қамқор жар.
Иә, криминалистика – тарихы терең, күрделі қызмет. Кейбір зерттеу жүргізу барысында математика, физика, химия ғылымдарын білуі қажет. Логикалық тұрғыда мықты болуы керек. Ең бастысы – оқиға орнындағы қандай да бір айғақты ескерусіз қалдырмай, тиянақты болуды да қажет етеді. Оқиға орнын қарау барысында маманға көкжиегі кең, ой-өрісі дамыған, ойлау қабілеті көпшіліктен өзгеше болатын адамдар болса, қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қандай іс-қимыл жасағанын, қылмыскерді табу жолын бірден анықтай біледі. Ал біз танысқан аудандық полиция бөліміндегі жедел криминалистика тобының қызметкерлері құпия мен сырға толы тұлға десек артық болмас.
Бір күндік репортаж барысында біз аудандық полиция бөлімінде өз кәсібін терең меңгерген, білікті мамандар қызмет атқарып жүргеніне көзіміз жетті. Себебі олар кез келген оқыс жағдай мен қылмыс орын алған мезетте де криминалистикалық зерттеу жүргізіп, шырғалаңға толы жұмыстарды криминалистиканың түрлі әдістерін пайдалана отырып шешеді. Жыл сайын бірнеше қылмысты ашуда түрлі криминалистік есептерді жүргізіп, қылмыстың жедел ашылуына септігін тигізіп жүрген криминалистермен репортажымызды аяқтап, қағаз бетіне түсіруге асықтық.
Айнұр ӘЛИ