Зәулім зиратқа тоқтау бар ма?
Осыдан тура бір ай бұрын еңбек демалысымды алып, батыс өлкесіне жолға шықтым. Әсілі ондайда ыңғайлысы жүрдек пойыз ғой. Жақсылап жайғасқасын ба, тәтті ұйқыға батып кетіппін. Қалың түстің арасында адасып жүргенімде кенет құлақ тұстан баланың қатты шыққан дауысынан шошып ояндым. «Мә, ана үлкен қызыл үйді қара, әдемі. Әне тағы да, мына жағында көп екен» деп шуласқан екі кішкентай бала таңданысып жатыр. Қаратпа сөзі мені де қаратпасына қоймай мойнымды терезеге создырды. Қарадым, қарадым да алаңдағаным тез-ақ басылды. Әлгі балалардың таңдай қағып таңданысып жатқаны бір қауым елдің моласы. Рас, зор зәулім. Бірінен-бірі асып жатыр. «Алдараспандағы» Нұржан төлендиев айтқандай, нағыз «Евро мола». Біреу айтқан екен «Зәулім зираттарға қарап, о дүниеге жүріп кеткің келеді» деп. Балаларды да әлден қызықтырмайын деген ниетпен ақырын ғана «Қолдарыңды шошайтпаңдар, ол үй емес, қайтыс болған адамдардың бейіті» дедім нақ түсіндіріп.
Таңданбай қайтсін, бізде бәрі қазір бәсеке болып кетті ғой. Кез келген жерде, тіпті ауыл сыртындағы бейіттер кейпі бейне бір қалаға айналып бара жатыр. Тірі адамда жоқ зәулім үйлер бар. Ашып айтқанда нағыз ысыраптың көкесі көмілген жерде. Тірісінде әке-шешеге салынбаған керемет үй, қара жерді жастанғанда үстіне мрамордан биік етіп көтеріп, күмбезін күнге шағылыстырып жатырмыз. «Пәленшенің моласынан биік болсын, көк тасын қымбатынан қоямын» дегендер қазір толып жатыр. Бәсеке болмай немене? Ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келген қазақ халқының тал бесіктен жер бесікке дейінгі тұрмыс-тіршілігі шариғат шеңберінен әлдеқайда шығып кетті. Қабірге кесене тұрғызу, зиярат жасау, құлпы тас қою, қоршау, қорған тұрғызу сынды мазаратқа қатысты мәселелер шариғат талабына қайшы келіп, ата-баба дәстүріне жат, өркениетке де келмейтін әрекеттерге бой алдыруда. Зират пен зиярат адам өміріндегі маңызды құндылық болғаннан кейін әрине, қайтыс болған кісіні арулап жерлеу, зиратқа қою – адами борыш. Бірақ ол да шариғат шеңберінде болғаны дұрыс.Жалпы ислам діні зират тұрғызудың мәнін былай жеткізеді. Адам баласы тірі кезінде қандай ардақты болса, қайтыс болған соң да сондай құрмет көрсетілсін делінген. Марқұмның есімі, жатқан жері ұрпағына белгі болсын, яғни жерленген жері орынсыз тапталып аяқасты болудан сақтаған. Кейінгі ұрпаққа өткен жанды ұмытпай есте ұстап, оған Құран бағыштауды, дұға қылуды қалдырған.
Өткенде тағы бір жайтқа куә болдық. Бір күні танысымның жақыны қайтыс болып, бейіт қазуға қорымға келдік. Қазатын жерді белгіледі де, сырты кең болсын дегендей үлкен қылып жерді сызды. Айналасына қарап зираттардың сәнді үлгісіне көз тастады. Қасындағы ағайынымен ақылдасып «анау секілді үлкен қылып, қызыл қыштан көтерейік» деді алдағы ойын жеткізіп. Шіркін-ай дедік сонда... Адам қара жерге барғасын зәулім етіп соғылған молаңның пайдасы шамалы. Оданда бейітке жұмсалған береке дәл осы қайырымдылық жолына неге жұмсалмасқа? Бейіттерге қарап берекеміздің баршылық екенін көрсеткенімізбен, қайыр сұраған қандастарымызға қарап барды ұқсата алмай отырғанымызды осындайда түсінесің. Бейітті тұрғызуға қатысты айтылған дүниелер көп. Сол туралы аудандағы «Қармақшы ата» мешітінің бас имамынан бір-екі ауыз сұрап көрдік.
– Зират – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. Кезінде ата-бабаларымыз көшпелі халық болғаннан кейін қайтқан адамды биіктеу бір жерге жерлеп, айналасын мал баспасын деп қоршап, белгі қойып отырған. Ал негізгі мұсылман елдерінде қабірстан деп үлкен 1-2 гектар аумақты қоршап сонда кезекпе-кезек адамды жерлеп отырады. Жалпы бейіт салу мәйітке ешбір пайда әкелмейді. Қазір үлкен қалаларда неше түрлі зәулім мола бой көтерген. Түптеп келгенде оның өліге де, тіріге де еш пайдасы жоқ. Былай айтқанда қып-қызыл шығын. Оның орнына сол шығынды мұқтаж жандарға берсе, керісінше марқұмға көп сауабы тиер еді. Сондықтан артық бәсекеге ұрынбай қайтыс болған адамның ақыреттегі жағдайын ойлағанымыз абзалырақ. Ал енді бейіттің төбесін күмбез етіп жабудың да пайдасы жоқ. Олай дейтінім жер топырақ Құдайдың жаратқаны болғасын ол жаңбырдың суымен нәрленіп тұруы тиіс. Яғни зиратқа су тиіп, айналасына шөптер шығуы керек. Тіпті айналасына қара ағаш отырғызып кетсеңіз де оның әрбір түскен жапырағы мәйітке сауап болып тұрады, – дейді бас имам Жақсыбек қажы Әбиұлы.
Рас. Қайтыс болған адамды қабірге қоярда денесіне ешбір артық киім кигізбей, тіршіліктегі сәндік бұйымдардың ешқайсысын өзімен бірге жерлемей, жағасы мен жеңі жоқ, тек ақ матамен ғана қою, яғни күллі мұсылманды бірдей етіп жер қойнына тапсыру тәртібі секілді зиратты да тым әсірелемей қарапайым етіп салу теңдігін ұстануды талап етеді.
Қазір Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы осындай орынсыз артық шығынның кең етек алуына орай өз пәтуасын шығарды. Қабір көтеруге кететін шығынды тірілерге жұмсау – әлдеқайда сауапты іс екенін айтып, өлілер үшін пайда келтірмейтін істі «тірілер көрсін немесе естісін» деген ниетпен жасау Алланың разылығынан алыстататынын айтады. Себебі шариғатта таза ниетпен жасалған ықыласты істер ғана сауапқа кенелтеді. Зиратқа құлпытас қою кезінде адамдар арасындағы теңдік ұстанымы қатаң сақталуы тиіс. Бір марқұмның қабір басына мәрмәр тастан, зәулім сарай тұрғызу, екінші қабір басына биік ескерткіш немесе кеуде-мүсін соғу, ал үшіншісіне қарапайым құлпытас қою – шариғаттың теңдік қағидаттарына мүлдем қайшы. Сондықтан зираттың жалпы көрінісі ешбір артық құрылыссыз, барынша қарапайым болғаны әлдеқайда абзалырақ.
Құран хадистерде өлген адамның ұрпағы құран жаттап, бес уақыт намазын оқыса оның сауабы өлген адамға тиетіндігін айтқан. Бұл артыңа тәрбиелі, иманды ұрпақ қалдыруды өсиет етеді. Зәулім зират салу мұсылмандықтың жарқын көрінісі емес. Бейіттер бейіт күйінде қалып, қала кейпіне енбесін ағайын!
Ерсін СӘДУҰЛЫ