» » Мейірімдінің мерейі үстем

Мейірімдінің мерейі үстем

Иә, бүгінгі кейіпкеріміздің айтса айтқандай табиғаты бөлек, талғамы ерек. Ұзақ жылдарғы бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер. Бізге қариялардың бәрі қымбат. Өйткені әрқайсысының айтатын өз тілегі бар. Дегенмен талайға ілтипатын, маңайға жылуын шашып жүретін осы бір жан туралы қалам тербеу көптен ойда жүрген еді.
Қарттар күні қарсаңында бірқатар ардагермен тұлғамен сұқбаттасқан болатынбыз. Соның бірі, салық саласының майталманы – Бейбіткүл Масаева. Біз оның еткен еңбегінен гөрі адамдық қалпы, ерекше болмысын сөз етпекпіз. Үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сыпайы сөйлейтін, кісі көңіліне жел боп тимейтін жағымды мінезі, жаңа көшке ілесе алатын заманауилығы, қашанда позитивті көңіл күйде жүріп, жақсы өмір сүруге, шынайы күлуге дағдыланған қалпы үлгі тұтуға тұрарлық. Ол білікті, тәжірибелі маман болғанымен қатар жақсы жар, асыл ана, аяулы әже. Яғни, отбасының ұйытқысы.
Бейбіткүл Тұрманқызы 1959 жылы Ақжар ауы­лында өнегелі отбасында дүниеге келген. Әкесі Тұрман ауылда бас есепшілік қызмет атқарған. Анасы Балайым №28 мектепте мұғалім болған. Бір үйде өскен 5 ағайынды ұл-қыздың бәрі де жоғары білім алады. Апасы Бақытжан мен Бейбіткүл әкесіне тартып есеп-қисап саласына жақын болса, сіңлісі Бибігүл "Раяна" балабақшасының меңгерушісі.
Оның зейнетке шыққанға дейінгі еңбек жолы қаржы, салық саласымен тығыз байланысты. 30 жылға таяу мемлекеттік қызмет атқарып, мол тәжірибе жинаған маман аудандық кірістер басқармасына сыйлы адам. Жыл сайын салық саласы қызметкерлерінің күнімен қатар 8 наурызда, ардагерлер күнінде қонақ ретінде шақырып, құрметке бөлейді.
– 1975 жылдан бастап жұмыс істедім. 1994 жылы аудандық салық басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөліміне маман ретінде қабылдандым. Кейін зейнетке шыққан 2017 жылға дейін ұйымдастыру, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметінде болдым. Әр саланың өз жүгі, қиындығы, қызығы бар. Таңдаған мамандығыңды, жұмысыңды құлшыныспен, сүйіп атқарғанда ғана нәтиже болады ғой. Уақытпен санаспай, жұмысқа адалдық танытқандардың қатарынан санаймын өзімді. Білікті басшы Қалдыбек Сүлейменовтен үйренгеніміз көп. Жұмыс жайында сөз қозғағанда әріптестерім Айтбай Бұғыбаев, Тұрсынбек Ысқақов, Назипа Кетебаева, Алматбек Қой­шыбаев, Мұрат Танабаев, марқұм Кеулімжай Жылқыбаев, Оразбек Құлқатов, Зере Метерова, Шың­ғыс Сыдықов, Гүлзана Қожамұратовалардың есім­дерін айтпай кеткенім жөн болмас. Осы кісілермен қоян-қолтық араласып, ауызбірлікпен еңбек еттік. Басты жұмысымыз салық төлеушілердің уақытында салық төлеуін қамтамасыз етіп, берешектерін өндіруге атсалыстық. Ұйымдастыру бөлімінің басшысы болған соң мекеменің ішкі-сыртқы тазалығын, жұмысшылардың тәртібін қадағалайтынбыз, – дейді сала ардагері.
Б.Тұрманқызының жұбайы Мұрат Қыпшақбаев та жоғары білімді маман. Екеуі өсірген ұл мен қыз өмірден өз орындарын тапқан деуге болады. Тұңғыштары Руслан «Халық банкінде» тәжірибелі маман болса, келіні Майра «Айым-ерке» балабақшасының меңгерушісі. Рүстемі жеке кәсіппен айналысады. Жары Әмида №250 мектеп-лицейде ағылшын пәнінен сабақ береді. Қызы Ақерке Жалағаш ауданындағы ветеринарлық зертханада аға дәрігер, күйеубаласы Алмат өрт сөндіруші-құтқарушы. Бейбіткүл апай 9 немеренің әжесі. Келіндерінің сырлас құрбысындай. Ағайын-туыс, бауырлары, дос-жаран, құрбы-құрдастары арасында айрықша орны бар. Зейнет демалысына жету де – үлкен бақыт қой. Кезінде күн-түн демей егемендігіміздің жолында елге қызмет етсе, қазір соның жемісін татып отырған жайы бар.
– Әне-міне дегенше Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Жас мамандарға қиындыққа қарамай, еңбек ете біліңдер дегім келеді. Әріптестеріме әділеттік жағынан жастарға үлгі болуын, мемлекеттік қызметкердің әдептілігін сақтауын, жемісті еңбек, отбасында тыныштық пен береке болуын тілеймін, – дейді ол ағынан жарылып.
Апаймен тілдескен аз ғана уақыт бізге ерекше сәт, жақсы энергия сыйлап, жүзімізге күлкі үйіріп жіберді. Өзінің баласындай болатын тілшілерден «Немере бағып отыр едім, мүмкін болса жүрейін» деп рұқсат сұрауы – мейірімді жанның мерейін тіпті үстем еткендей.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Айнұр ӘЛИ (сурет)
09 қазан 2021 ж. 566 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 304

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 401

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930