» » РЭПтің репеті

РЭПтің репеті


Қазіргі таңда жастар арасында ерекше ырғағымен танылып, кеңінен таралған «рэп» деп аталатын музыкалық жанрдың бар екені белгілі. Рэп-әндер бүгінде қарапайым тілмен, қазақша айтылып, орындалып жүр. Бірі қолдаса, енді бірінің пікірі қайшы. Десе де, қазақ тіліндегі рэп жанры ізденіс үстінде келе жатқанын, жастар арасында сұранысқа ие екенін жоққа шығаруға болмайды.

«RAP» ағылшын тілінен аударғанда – «дүрсіл, соққы, дыбыс» деген мағынаны білдіреді. Сонау 1970 жылдардан бастау алған бұл жанр алғашында ауызбен-ауыз айтылған. Қарапайым шумақтардан құралатын рэп өнерін ең бірінші Бронкстегі ямайкалық диджейлер орындайды. Қара нәсілді радио тыңдармандары осы шумақтарды ести сала іліп әкетеді де, өз аудиторияларына аздаған өзгерістермен таратады. Стилі мен шумағын өзгертіп рэпті одан әрі жандандыра түседі. Кейін 1980 жылдары музыка жанрына сипаттама жасау үшін «хип хоп» термині енгізіле бастады. Сол арқылы рэп жанрының өз мәдениеті мен тарихы да қалыптаса бастады. Ал 1990 жылдар бұл өнердің жұлдызды шақтары болып есте қалмақ. Себебі, осы уақытта әлемге танылып, музыка саласында өзіндік статусқа ие болды. Осылайша афроамерикалықтардан бастау алған рэп өнері біздің елге де келіп жетті. 2000 жылдардан бастап жастардың жүрегіне жол тауып, қазіргі күнге дейін құлақтарының құрышын қандыруда. Осы тақырыпта ой қозғаудағы біздің мақсат – қазақ тіліндегі рэп өлеңдерінің пайдасы мен зиянды тұстарын анықтау.
Рэп өнері бізге келген уақытта шетелдік әуенге тербелген жастар қазақ тіліне ден қоя бастады. Қарапайым сөзбен орындалған әуен, есте сақталып, тез жатталғандықтан қазақ тілді тыңдармандардың аудиториясы кеңейді. Егер де, қазақша рэп болмаса жастардың басым бөлігі батыстық әуенге әуестеніп кетер ме еді, бәлкім?! Бірақ, заманның талабы өзгерген сайын, мәдениетіміз де өзгеруде. Бойын «еліктеушілік» билеп, шетелдік өнерден қалыс қалмайды, кейбір жастар.  «Ещкере» деп жырлап, ескексіз қайық сияқты «хайпты» өзіне брэнд қылып жүргендері  қаншама. Рэп өнері арқылы өзіне PR жасайтындары да жоқ емес. Сапа жоқ, мақсат жоқ, ал сөздің мәні жоғалуда.
Ең алғаш қазақ рэпі қанатын жая бастағанда Жақау, Диди секілді азаматтар қазақ халқының тарихын жырға қосқан болатын. Сол кездегі батырлардың ерлігі мен қазақ қызының биязылығын насихаттап, көпшілікке танылған «Хиджаптағы қыз» өлеңімен жастарға имандылыққа жол көрсетті. Сонымен қатар, танымал әнші Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Мен – қазақпын!» рэп-әні кеңінен таралып, рух беріп, ұлтымызға деген мақтаныш сезімімізді оятқан еді. Сол жылдары Шымкеттік Баллер де танымалдық шыңына бағыт алды Уақыт өте қазақ мәдениетінде әлі дамымаған рэп өнерін үлкен сахнаға алып шықты десек те қате болмас. «Қазақ аруы – 2018» байқауында өз өнерін қалың таңдарманға паш етіп, биік белестерден көрініп жүр. Сонымен қатар БҰҰ-ға да аты танымал болып жүрген рэп орындаушылары  бар. Демек, рэп музыкалық жанры біздің елімізде де қанатын жаюда.
Біздің мақсат – рэп өнеріне тосқауыл қою емес, керісінше ертеректегі рухани мазмұны бай өлең-термелерді жаңаша бағытта, жаңа стильге сай орындап шықса деген ой тастау. Ұлттық нақыштағы, халықтық стильдегі әндер көп болса екен дейсің. Музыка – идеологиялық құралдың бір түрі. Сондықтан жастарды есті әнмен сусындатса, ұйқасы мен мағынасы келіскен дәстүрлі, эстрадалық әндердей өз тыңдарманына рухани күш берсе, рэп өнері де болашақта өнердің замандық үлгісіне айналары анық.

Тақырыпқа тұздық:
Жандияр Қызылбаев (Diyar MC), Қызылордалық танымал рэп орындаушысы:
– Біздің елде қазақша рэп өнері пайда бола бастаған уақытта, мен де қызықтым. Бойымдағы өнерімді неге айтып жеткізбеске деген ой келді. Осыдан 10 жыл бұрын алғашқы әнімді жазып, тараттым. Аудан бойынша атым танылып, түрлі концерттерді жүргізе бастадық. Уақыт өте басқа қаланың адамдарымен жақын араласып, бірігіп әуендер жаздық. Және соны ғаламтор арқылы  тараттық. Осылайша есімім кең көлемде танылып, тыңдармандарым көбейе бастады. Бірақ, рэп өнері арқылы қалың ақшаға көміліп, пайда табасың деген күлкілі жағдай. Себебі, елімізде бұл музыкалық жанр дұрыс дамымаған. Тек өзіңнің хоббиің үшін ғана орындап, ішкі жан дүниеңмен бөлісе аласың.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
04 сәуір 2018 ж. 2 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031