Дұрыс бағдар – нақты нәтиже
Ауданға тағайындалған жаңа әкім Қайрат Ырзақұлұлы тың жігермен жұмысқа жылдам кірісіп кетті. Әуелі танысып, жүздесіп, дидарласуды жоспарлаған басшы жосалы кентіндегі әлеуметтік нысандарды аралауда.
Жұмыс барысында №4 насос стансасы, «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалының өндірістік бөлімшесі, оқшау сумен жабдықтау өндірістік бөлімшесінің жұмыстарын көріп шықты.
Мекеме басшыларымен кездесуде шаруашылықтарды сумен қамту, аудан көлеміне су жіберетін каналдар жүйесінің жоспарымен танысты. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамту мақсатында жаңа жобаларды тиісті сала басшыларымен бірлесіп жүзеге асыру пысықталды.
Аудандық емхана мен мұражайдың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аудандық бөлімінің жұмысыменде танысты. Жалпы Қайрат Ырзақұлұлы атқарар, атқарған жұмыстарының барлығын Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бөлісіп отыруды жөн санайды.
«Емхананы аралап аймақтық дәрігерлермен кездесіп сұқбаттастым. Қазіргі эпидемиологиялық ахуал, дәрілердің жеткілікті деңгейде болуы, тағы басқа мәселелер туралы аудандық бас дәрігермен пікірлестім. Бүгінгі таңдағы жайлаған індет баршамыз үшін оңайға соқпай тұр. «Жау жоқ деме жар астында» дегендей барлығымыз ауырмаудың жолын іздеп, вакцина қабылдап, ауырған жағдайда дәрігерге көрінуіміз қажет» деген аудан басшысы өз жазбасында.
Кездесуде аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жауапты сала мамандарына мәселелерді бірлесіп шешуді тапсырды. Тағы бір жазбасында «Бүгін Жосалы кентінің орталық көшелерін аралау барысында ерекше жағдайға жолықтым. Абай атамыздың есімімен аталатын көшенің қиылысында орналасқан ғимаратта ерекше балаларға қамқорлық көрсететін «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдық бірлестігінде болдым. Балалардың бос уақытын пайдалануға, қоғаммен араласуға арналған орталықта балалардың мүмкіндігі шектеусіз, қажыр қайраттары мықты, өмірге құштарлығы зор екенін байқадым. Олардың қолдарынан шыққан бұйымдары көздің жауын алады. Сонымен бірге түрлі байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленгені де көрініп тұр. Қоғамдық бірлестіктің жетекшісімен кездескенімде аудан басшылығы тарапынан қолдау күтетіндерін жеткізді. Жұмыс барысында айтылған ұсыныс-пікірлері әрқашан назарымда болады» деген аудан әкімі.
Сонымен қатар ол Жосалы кентінде құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап шықты. Маңызды нысандардың бірі – жаз-қыс мезгілдерінде балалар демалатын лагерь құрылысында болды. Құрылыс нысандарын жоспарға сәйкес жылдың аяғына дейін аяқтау керек деп, жаңа жұмыс орындарын ашуда кәсіпкерлік саласы экономиканың негізгі драйвері екенін ескертті.
Арнайы белгіленген индустриалды аймақта да болып, «Мир-2001» кәсіпкерлік нысанының жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда кәсіпкерлік нысаны құрылысқа қажетті брусчатка, бордюр, тағы басқа қажетті құрылыс материалдарын өндіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халық пен биліктің арасында ашық байланыс орнату мақсатында осы жылдың шілде айынан бастап аудан әкімдігі жанынан «WhatsApp» мессенджерінде Open Qarmaqshy жобасы іске қосылды.
Бұл да халық пен билік арасын жақындастыратын, түйткілді мәселелердің тез шешілуі үшін жасалып жатқан жұмыстың бірегейі.
Г.ӘМІРҚЫЗЫ