» » «Бейбітшілік қаласы» қалай бой көтерді: жаңа астананың тұсаукесері алдында

«Бейбітшілік қаласы» қалай бой көтерді: жаңа астананың тұсаукесері алдында



1998 жылы Қазақстанның жаңа Астанасы ұшы-қиыры жоқ бір үлкен құрылыс алаңындай боп көрінді. Шынында да, жұмыстың қарқынды жүргені соншалық, 10 маусымға дейін бірдеңенің жасалып болатынына ешкім де сенбеді. Мен қазір де артқа көз салсам, осының бәрі сондай аз уақыттың ішінде қалай жасалғанын түсінбеймін.
Президент елорданың салынып жатқан және қайта жаңғыртылып жатқан нысандарын үнемі аралай отырып, құрылысшыларды да, бізді де өзінің энергиясымен, белгіленген барлық нәрсенің орындалатынына деген сенімділігімен жігерлендірді.
Маусым айының басына дейін бізге қала орталығын қалпына келтіру тапсырылды. Барлық егжей-тегжейлерді талқылағаннан кейін біз тек орталықтың өзімен шектелмей, оған жақын орналасқан Кенесары, Абай, Омаров, Сейфуллин, Желтоқсан, Бейбітшілік, Бөкейхан даңғылдары мен көшелерін жаңартуды жөн көрдік.
«Жаңарту» – бұл қысқаша айтқанда, ал егер нақтырақ айтсақ, онда біз алдымызға ондаған үйлердің қасбеттерін ретке келтіру, жүздеген балкондар мен лоджияларды әйнектеу, 20 шақырымға жуық жолжиектерін, ондаған мың тонна асфальтбетон, 30 мың шаршы метрден астам төсем төсеуді және т.б. міндеттерді қойдық. Және мұның барлығы белгіленген нысандарға қосымша.
Қалада «біз қалған уақытта бәрін жасауға үлгермейміз» деген ашық әңгімелер жүріп, ал тұсаукесер кейінге қалдырылды деген қауесет тарай бас­тады. Оның үстіне маған жан-жақтан «Елбасыға датаны кейінге шегеру керек деп айт, өзің де түсін, егер үлгермесек – жұмыстан бірінші болып сен айырыласың» деп кеңес берушілер көп болды.
Бірде қаланы кезекті аралап жүргенде, кестеден қалып қоюшылық байқалған нысанда болдық. Жұмыс қарқыны туралы мердігермен болған әңгіме кезінде солардың бірі: «Асығып не керек, бәрібір тұсаукесер датасын шегеріп жатыр емес пе?» деді. «Кім айтты?» деген сұрағыма жауап ала алмадым. Ал келесі күні Нұрсұлтан Әбішұлының жанында «тұсаукесер» нысандары бойынша жұмыс барысы қарастырылуы керек жиналыс белгіленген еді. Мен бәрін өзім анықтап алуды жөн көрдім.
Кездесу әдеттегідей іскерлік сипатта, тез өтті. Дәлізге шықтық, мен өз сұрағыммен Елбасыға жақындамақ болған едім, ол өзі-ақ мені шақырып алды. «Менің ойымша», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы – тұсаукесерге қарай жаңа астанаға үлкен үлес қосқандарды марапаттау үшін «Астана» медалін ұйымдастырсақ жақсы болар еді. Мен жобамен ол осылай болуы керек деп ойлаймын» деді де, терезе алды тақтайына қағазын қойып медальдің нобайын сыза бастады. Айтпақшы, «Астана» медалі сол эскиз бойынша жасалды да.
Нұрсұлтан Әбішұлының көзінде суретшінің құмарлығы ойнап тұрды. Ол сурет салып тұрып «Қалай, жаман емес пе?» деп сұрап қояды. Ешқандай шегеру туралы әңгіме жоқ және болмайтынын да түсіндім. Және үлгеру үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек. Ал Елбасында жалғыз ғана сол нобайлар емес еді. Әртүрлі уақытта ол Қабылдау үйінің, Президенттің мәдениет орталығының, Орталық алаңдағы жаңа фонтандардың эскиздерін салды.
1998 жылдың жазы Астанада ыстық болды. Жауын-шашын аз болды. Жұрт ыстықтан жағажайлар мен саяжайларға барып жан сақтады. Алайда қала жансыз болып көрінбеді: тұсаукесерге дейін астана қабылдаған құрылыс ырғағы динамикалық болып қала берді.
Енді тозығы жеткен үйлер тек қаланың орталық бөлігінде ғана емес, басқа бөліктерінде де бұзылды: Слободка, Иманов, Кенесары көшелерінде, Солёная балкада.
Қадалар қағылды, Еуразиялық университеттің жаңа корпусының іргетасы бетондалды, әл-Фараби шағын ауданындағы орта мектептің құрылысында нөлдік цикл бойынша жұмыстар аяқталды, Ішкі істер министрлігінің үлкен спорт кешенінің, сондай-ақ көптеген тұрғын үйлердің қабырғалары көтеріле бастады. Қаланы абаттандыру және көгалдандыру қарқыны да бәсеңдеген жоқ. Астананың орталығы өзінің қазіргі кейпіне еніп үлгерді, ал алты айдан астам уақыт қалада болмағандар осында көп нәрсе өзгергендіктен оны танымай қалып жатты.
Шетелдік қонақтар да астананың сәулеттік келбеті мен мәдени өмірінде болып жатқан өзгерістерді байқады. Бізге ЮНЕСКО-дан ресми хат келді, онда Астана «Бейбітшілік қаласы» атағын алуға халықаралық байқауға қатысуға шақырылды. Біз сауалнамаларды толтырып, қажетті құжаттарды жинап, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне жібердік. Әрине, жеңіске аса сене қойған жоқпыз.
Алайда 1999 жылғы 6 мамырда ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майор Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ берілгенін мәлімдеген жеделхат келді. Марапатты тапсыру рәсімінде Федерико Майор «Астана жаңарған егемен Қазақстанның символына айналды» деп атап өтті. Осыдан артық айта алмассың да.
Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ,
мемлекет және саяси қайраткер
100angime.kz
06 шілде 2021 ж. 306 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031