» » Бақытқа жол ашқан Нұр-Сұлтан

Бақытқа жол ашқан Нұр-Сұлтан


2011 жыл. 31 шілде. Республика даңғылындағы «Есіл» дүкені. Астананы жетік білмесе де, жақындарының нұсқауымен діттеген жеріне келген бойжеткен дүкен ішіне енді. Жаңа телефон алып, есіктен шыға бергенінде:
– Қарындас, сізден бірнәрсе сұрауға бола ма? – деді бейтаныс жігіт.  Мекен-жай немесе бағыт-бағдар сұрайды деген оймен:
– Иә, әрине. Сұрай беріңіз, – деп жа­уап қайтарды жас бойжеткен.
– Сізде кино көріп, кофе ішіп, балмұздақ, тәттілер жеп, гүлдерді сыйға алғыңыз келетін сәттер бола ма? – деп сауал тастайды.
Жүзіне еріксіз күлкі ұялатқан бұл сұрақпен таныстық басталып, бүгінгі берекелі шаңырақтың іргесі қаланды. Алғашқы сөздерімен-ақ қыз жүрегіне жол тауып, сенімділік ұялата білген ол өзінің тапқырлығымен баурап алады. Бұл қармақшылық Ержан мен зайсандық Алтынайдың елорда төрінде алғаш кездесуі. Осы сәт олардың өмірін өзгертіп, өзге арнаға бұрады.
– Ол кезде мен журналистика факультетінде оқып, Қазақстан-Өскемен арнасының дикторы қызметіндемін. Сондықтан адамның сөзіне ерекше мән беретінмен. Алғашқы таныстығымызға сеп болған ұялы телефон мен оның аксессуарларын сататын әлгі дүкен әлі де жұмыс істеуде. Жолымыз түскенде ара-тұра кіріп тұрамыз. Бір қызығы, жаңа телефон, жаңа нөмірмен қатар өмірдің жаңа парағы ашылғандай. Сол уақыттарда жаңа нөмірдің пин коды болатын. Сол нөмір 8791 деген сандарды көрсеткен. Кейіннен қарап отырсақ, бұл біздің өмірге келген жылдарымызбен тұспа-тұс келеді екен. Тағдырдың бізге берген белгісі болар, бәлкім, – дейді Алтынай.
Астанаға бір айға қыдырып барған Алтынай өміріне серік болар жарын кезіктіретінін тіпті ойына да алған жоқ еді. Ержан Алтынайға Астананы жақыннан таныстырып, Есілдің жағалауында серуендеуді әдетке айналдырады. Таныстықтан кейін екі апта ғана өтсе де, Ержан тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Бірден өзінің табандылығын, айтқан бетінен қайтпайтын жігіт екенін сол кезде-ақ дәлелдесе керек. Алтынай Өскеменге, ал Ержан кезекті демалысқа шығып Алматыға жол тартады. Арада бірнеше шақырымдар болғанымен байланыс­ты үзбеген олар, телефон арқылы болашақтарының жарқын екенін әңгімелейтін. Өзінің нақты ойы барын жеткізбекке ғашық жігіт Өскеменге арнайы барып, сүйгенінің анасымен танысады. Кейіннен Алтынай оқуын елордаға ауыстырып, 2012 жылдың 23 маусымында отау құрады. Махаббат дастаны жазылып, берекелі шаңырақта бірге жүргендеріне 9 жыл болған жұбайлар қазір Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Ержан  Жұмабекұлы – Нұр-Сұлтан қаласында Сарыарқа ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары болса, Алтынай­ Зарлыққызы Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметінің басшысы болып табысты еңбек етуде.
– Біз үшін Астана ешнәрсемен, ешқандай қаламен айырбастауға келмейтін өте ыстық қала. Біздің кездесуімізге, арақашықтығы 3-4 мың шақырым болатын Қармақшы мен Зай­сан елімен құдандалы болуына себеп болған қала. Нұр-Сұлтан қаласы дами берсін. Елордамыздың көркеюі жолында тамшыдай болса да еңбек етіп жатырмыз. Бұл жастардың, әрі мүмкіндіктердің қаласы. Біз үшін естен кетпес жағымды естеліктерге толы қымбат қала, – дейді Ержан Бектібаев.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 шілде 2021 ж. 568 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031