» » Шерлі жылдардың шежіре-баяны

Шерлі жылдардың шежіре-баяны

Өзінің сонау ашаршылық зұлматты уақыттарда өткен балалық шағын, қуғын-сүргін, соғыс кезінде өткен жастық кезеңін, елдің ауыр тұрмыстан енді арылып, еңсе көтере бастаған кезіндегі ел жүгін арқалаған азаматтық дәуірін өмірбаяндық деректер, естелік кітап етіп оқырманға ұсынған әбдіжәли құрманбаев ағамыздың кештеу де болса жарыққа шыққан кітабы – «Жалт етіп өткен жалған-ай...» деп аталыпты.
Басқаны қайдам, Әбекеңді танымайтын, Әбекеңнің атын айтқанда әйтеуір бір әңгімесі еске түсіп, езу қимылдатпайтын қазақты бұл Қармақшыдан табу қиын.
Өзінің отыз жылдан астам өмірін арнаған Қармақшыдағы қызметтік кезеңінде Әбекең араламаған, Әбекең бармаған егіс бригадасы, шалғай мал фермасы жоқ шығар.
Соның бәрінде «ат аунаған жерінде түк қалады» дегендей, «Пәлен деген жерге барғанда Әбекең «сөй» депті, түген жерге барғанда «бүй» депті» деген қызғылықты әңгімелердің ұзын санын бұл ауданда әлі есептеп шығарған да ешкім жоқ.
«Әңгіме деген не, тәйірі, жел сөз ғой – ол» дейтіндер де бар шығар, кейде тім жақсы әңгіменің арқау тінін дұрыс тарқата алмай, қолдан жел сөзге айналдырып жіберетіндер де аз емес шығар, бірақ «Әбекең айтыпты» делінетін әңгімелер бұл айтылғандардың сойынан емес.
Әзілге тіреп айтылды демесең, күнделікті тіршіліктегі келеңсіз көріністер, өзара қарым-қатынастағы аңсыздық пен қамсыздық Әбекеңнің тапқырлықпен, ұтымды айтылған жәй әзілінің өзінен найзаға түйрелгендей тұралап қалып жатады. Кейде сол тұралағаннан тұра алмай да қалатын кездері болады.
«Мақұл сөзге мал маңырағанындай», көпшілік басы қосылған жерде біреу Әбекеңнің әңгімесінен сөз қозғаса, қалған жұрт тек тыңдаушы болып қана қалмай, өзі білетін келесі бір әңгімені бастағысы келіп, сөз кезегін асыға күтіп отыратыны да бар. Тіпті кейбіреуі өзінің топ алдындағы бедел-берекетін пайдаланып, екі-үш әңгімесін қатар түйдектете айтып, былайғыға әңгіме тізгінін ұстатпай кететін жағдайлары да аз кедеспейді.
Сондықтан да болар, өзінің бақилық болғанына біршама уақыт болса да Әбекең бүгінгі күнге дейін қызметтес аға-інілерінің арасында әлі жүргендей, бір жарасымды әзілін ортаға салып жұртты күлкіге қарық қып алып, іле бір мазмұнды әңгімесімен ой тастап, ортамыздан осы қазір ғана шығып кеткендей болып көрінуші еді.
Ал, мына қолымызға түскен өмірбаяндық деректерден, әулет шежіресі мен естеліктерден тұратын қызғылықты кітап өзінің әр тарауында оқырмандарын бал-шырынды балауса шағында аштық пен жоқшылықтың азабын тартқан бала Әбекеңмен, еңбекпен есеюге бет алған шағында «фзочник» атанып, Қарағанды шахтасындағы ауыр тұрмыстан мүгедек болған жасөспірім Әбекеңмен, тауқыметті тағдырдың талайына қабырға қайыстырмай, қиындықты артта қалдырып, ат жалын тартып мінген кезеңінде атқарушы биліктің бір тұтқасын ұстап «ел ағасы» атанған Әбекеңмен ашық әңгімеге шақырып, бетпе-бет жүздестіреді.
Сөйтіп, белгілі Әбекеңнің белгісіз қырларын ашады, жұртқа таныс кескін-келбетін одан әрі сомдап, тұлғаландыра түседі. Пайым-парасатының тереңіне жетелеп, жан дүниесінің жарық шуағына бөлейді.
Өндіріс пен шаруашылықтың шебер ұйымдастырушысы, аудандағы әртүрлі қоғамдық шаралардың өрге сүйреушісі, сөзімен де, ісімен де елге танымал болған Әбекеңнің талантының тағы бір қырын ашуға, оның ұрпақтары үшін жазып жүрген естелік жазбаларының үлкен қызы Тамара мен қара сөзден қаймақ айырған талантты жазушы, тарихшы-этнограф ретінде кеңінен танымал тілектес інісі Әбсаттар Оспановтың қолына сеніп тапсырылуы себеп болған сияқты.
Әдеби тілмен әрлеп, жауапты шыға­рушылығы мен редакторлығын мойнына алған Әбсаттардың көркемдеуімен жарық көрген бұл туындының алғашқы беттеріне көз жүгірткеннен-ақ сонау Арал теңізінің айбынды шақтарында тулаған толқындарымен алыса жүріп, айдынды жағалауындағы балықшылар мекені болған «Ұялыда», тағы бірде «Биіктау» мен «Қосшоқыда» жүргендей боласыз. Талайлардың өзегін талдырып, талмаусыратқан заманның бір иірімінде көкше теңізден несібе айырған жамау­лы киім, ашқұрсақ балықшылармен «тұз-дәмдес» боп, ескек есіп, жылым тартасыз. Кейде ата тегіңізден балықшы болмасаңыз да теңіз түбінің үйірлі «жануарларын» қойша қайырып, өзіңізге беймәлім кәсіптің белді маманына айналғандай, кітап авторымен, оның кейіпкерлерімен тағдырлас болғандай күй кешесіз.
Кітапты «ә» деп қолға алғанда мұқабаның алғашқы ішкі бетіндегі Әбекеңнің кітаптың құрылымы туралы жазушы інісі Әбсаттарға жазған хаты тасқа басқандай анық түскен өзіндік «почеркісімен» көзге ұрып, осыдан отыз жыл бұрын жазылған хат-құжат ретінде оқырманына біраз жайды аңғартады.
Ал соңғы беттегі мұқабаның ішіне сонау ғасырлар түкпірінде өзінің өр мінезімен Қырғыз Алатауына сыймай Сырдың төменгі ағысындағы Әлім ағайындардың ортасына келіп тұрақтап, өздерін шын атымен атамай - Көпекі, Шыртай деп атап кеткен ағайынды екі қырғыз жігітінің Көпекісінен тарайтын әулеттегі Есен тармағының бүгінгі балаларына дейінгі ата-тек шежіресі берілген.
Ден қойып қарасаңыз, мұқабаның осы беті оқырманға кітапта кездесетін кейіпкерлердің кім екендігін, қайсысы қай жерден туысатынын меңзеп, селбесіп көрген тіршілікте бір-бірін демеп, бірін-бірі ашаршылық пен зұлмат заманның қара түнегінен, соғыс кезінің қайғы-қасіреттерінен аман алып шыққан ағайын ауызбірлігінің киесі мен кепиетін паш етіп тұрғандай болады.
Әрі қарай оқи түскен сайын оқиға желісі бірде бар-бірде жоқ, бірде аш – бірде тоқ қалыпта қоңырқай тірлік кешкен ағайынның бауырмалдығын, туыс-жұрағаттың топтасып күн кешудегі ынтымағын, үлкенін пір тұтқан қазақы мінез-құлықпен, жетімін жылатпай, жесірін жатқа жібермей, ата дәстүрінен айнымаған мәрт қылықпен астастырып, тірмізік тіршіліктің зілмауыр азапты күндерін артқа қалдырып отырады.
Ауылдағы бас көтерер азаматтардың барлығы майданға кетіп, шал-шауқан мен қыз-келіншектердің арасында «Сексеуілді» деген аралшықта балық аулап жатқан он сегізге келіп қалған жастарға әскерге шақыру қағазын әкелген сол кездегі ауылдық кеңес төрағасы мен әскерге шақырылушылар арасындағы мына бір көрініс оқушысын толғандырмай қалмайды.
Төраға катерден түсісімен шақыру қағаздарын оқи бастайды:
– Мұратбаев Иният бар ма?
– Бар.
– Мә, ал.
– Нұрғабылов Мәси бар ма?
– Бар.
– Мә...
– Құрманбаев Әбдіжәли бар ма?
– Бар.
– Мә, ал.
Дәл осы кезде жұрт күтпеген оқиға болады. Әбекеңнің ағасы, Құрманбайдың үлкен әйелінен туған Жұмағазы төрағаның қолынан әскери комиссариаттың шақыру қағазын жұлып алып;
– Қандай ауыл советсің? Ағасы тұрғанда әскерге інісі бұрын бара ма екен? Кезек менікі емес пе дегенде аң-таң болған төраға бір ауыз сөзге келместен «Әбдіжәли» деген жазуды белінен бір сызып, үстіне «Жұмағазы» деп жазады да береді.
Таза қазақы мінездің иісі мүңкіп тұрған осы оқиғадан кейін майданға аттанған қайран ағасы Жұмағазы сол кеткеннен мол кетеді. Соғыстан оралмайды. Ал сол Жұмағазының үн-түнсіз тұра беруіне де болатын еді. Бұл шақыру қағаздың қайда апаратынын ол білмей қалған жоқ. Жасы он сегізге толар-толмас шамадағы інісін атының өзінен ызғар есетін соғыс сұрапылына қимай, белді бекем буып өзі аттануға шұғыл шешім қабылдады. Төраға да мәрт жігіт екен, «өзі сұранды ғой» деп екеуін бірдей майданға аттандырып жібермей, бұны алып қалды.
«Қазақы мінез» дейтініміз, тап осындай, немесе осыған ұқсас жағдайлар сол бір тұста қазақтың әр ауылында болды. Бауырының орнына майданға барып, жарақаттанып келсе де, еш жерге мүгедектігі туралы шағымданбай, балаларына да тіс жарып ештеңе айтпай дүниеден өткен майдангерлер жөнінде әке-шешеміз айтып отыратын.
«Тегін білу – тарихты білу» деп аталатын өзінің ата тегі туралы бөлімде:
"Анадан екеу, әкеден екеу –
Бәрін қосқанда үшеу бар...
Атаусыз кеткен үшеу бар
Мұны ойлайтын кімдер бар?!
Бұл жұмбақты шешетін
Бізде әлі де «үндер» бар,
Кездесер талай күндер бар!" – деп, әкесі Құрманбай мен Қанша, Зылиха атты шешелерінен тараған бауырлары туралы естелік әңгімесін жұмбақтап бастайды да, әрқайсысының талайлы тағдырлары туралы терең толғаныспен сыр шертеді.
Сондай-ақ естелікті оқып отырып Әбекеңнің асқан домбырашы, өзі тартқан күйлерін қызғылықты етіп, тарихымен айтуға машықтанған әңгімеші, көзімен көріп, көңілге түйгендерін жыр, толғау түрінде қағазға да түсіріп, жатқа да айта білетін ақын екендігін аңғарамыз.
Сөздің түйіні – өзінің мағыналы ғұмырын Қармақшы топырағында өткізген Әбекеңнің айдынды Арал теңізінің жағасындағы «Ұялы» ауылында «шыр» етіп дүниеге келіп жатқан сәтінде жазмыш топырағы Бодан төбесінің беткейінен бұрқ ете қалғанын еш пенде аңғармапты. Өмірінің соңғы шағында ағайындарының қолқалауымен Манкентке көшіп кеткен Әбекең онда бір-ақ күн түнеп, қоныс аударғанынан жұрт құлақтанамын дегенше қайтып келіп, әлі сатылғандығы жөнінде құжатталмаған үйін қайтып алып, тұра беріпті. Келген күні кешкісін өз үйінің асханасы мен залының ортасында. «Мен қалай жаңылыстым. Құдай мені бір қателік жасаудан сақтады» деп күбірлеп, теңселіп жүріпті дегенді де жұрт айтатын со кезде.
Ұзақ жылдар қызмет істеген жері, өзінің жарасымды әзілдерінің тақырыбы болған басынан кешкен оқиғалары, қалжың әңгімелерінің кейіпкері болған таныс-білістері, ұл-қыздарын өсіріп, ұрпақ жайған ортасы туған жерінен кем болмағаны ғой. Туған жер, өскен ортаның кепиетін сезінгендіктің үлгісі осындай-ақ болар.
Әбекеңді соңғы сапарға шығару кезіндегі қаралы митингіде сөз алған ағасы Әбдіқалидың:
– Құрметті халайық! Менің кешеден бері ерекше байқағаным, інім Әбдіжәли еліне сыйлы, халқына қадірлі болған екен. Ініме жасалып жатқан халықтың құрметіне, қызметіне өте риза болып тұрмын. Сіздерге үлкен алғысымды айтамын. Көп рақмет. Еңбектеріңіз Алладан қайтсын! – деп, қармақшылықтарға ризашылығын үлкен тебіреніспен білдіргеніне де азаға жиналған көпшілік куә.
Құрметті Тамара ханым! Осы кітапты оқып отырып байқағаным, екеуміз құрдас екенбіз. Папаңның естелік әңгімелері мен әулет шежіресін кештеу де болса өңдетіп, ол туралы замандастарының пікірлерін жар құлағың жастыққа тимей жүріп құрастырып, кітап етіп, халқына ұсынуың ата-ана алдындағы перзенттік борышыңның өтеуіндей көрінді маған. Әрине, «аз да болса» дегенді қоса кеткен жөн шығар. Кітаптағы оқиғалар мен кейіпкерлер, уақыт іздері мен мінез қақтығыстары әке-шешеміздің құлағымызға сіңіріп тастаған әңгімелерімен үндес, мазмұндас болғандығынан ба, өте нанымды, өмір шындығымен астарлас жатқан дүние деп бағаладым бұл кітапты. Үлкен рақмет!

Шегебай ҚҰНДАҚБАВ
29 мамыр 2021 ж. 555 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031