Пернеш әжейдің дүкені
Ауданда халықтың алғысын арқалаған мейірім орталығы бар. Көбісі оны «Пернеш әжейдің дүкені» дейді. Ашылғанына 5 жыл толған әлеуметтік дүкеннің негізгі мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіру, көмек қолын созу.
Қазіргі кезде жұмысын бір жүйеге келтіріп алған дүкенді аудан тұрғындары жақсы біледі. Қайырымдылық жасауға ниеттенген тұрғындар да осы дүкенге қайырылып, хал-қадірінше көмек қолын созуда.
– «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» дейді дана қазақ. «Мейірім» орталығын ашқалы халықтың алғысына бөленіп келемін. Бүгінгі күні әлеуметтік дүкеннің қызметі аудан жұртшылығына бес саусақтай аян. Бастапқы жылдары мешітке әкелінген киімдерді алып, мұқтаж жандарға таратушы едім. Қазір арнайы отыратын, заттарды қоятын орным бар. Іздеп келгендер керек киімін алып рақметін айтып жатады. Мұнда көбіне көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасылар және оқушылар келеді. Келетін киімдер таза, бір-екі рет киілген немесе су жаңалары да кездеседі, – дейді Пернегүл апа.
Былтыр елде Төтенше жағдай жариялағалы әлеуметтік дүкеннің қызметі біршама тоқтап қалыпты. Алайда қоңырау шалып киім-кешек сұраушылардың қатары көбейіп, дүкеннің қайта жұмыс істеуін қалағандар болыпты. Мұндай да Пернегүл апамыз киімдерді сұраушыларға өзі апарып берген.
– Маған киімдерді әкеліп беруші де көп, сұраушы да көп. Ондай кезде отыра алмаймын. Балаларының дене өлшемдерін сұрап аламын да жеткізіп беремін. Көлік жағынан еш қысылмаймын. Маған мекемелерден көлік жіберіп, жәрдемдесіп тұрады. Қазір отырған орным да өзгерді. «Жер бөлімі» мекемесінің ішіндемін. Іздеп таппай жүргендер болса бұрынғы балалар интернаты болған ғимарат. Осындай жылы, жайлы орын берген Айдын балама және маған қолдау көрсетіп жәрдем берген барша жанға аналық алғысым шексіз, – дейді П.Өтепова.
Кең пейіл жан жасаған еңбегіне ақы алмайды. «Тек балалардың қуаныштан жадыраған жүздерін көріп мен де бір жасарып қаламын» дейді ол сөзін түйіндей.
Ерсін СӘДУҰЛЫ