27 жылдық тарихы бар мектеп

Мектеп – бар білімнің бастауы. Мектеп – үлкен өмірге деген алғашқы қадам. Көптің есіне ыстық сағыныш пен жылы естелік ұялататын да осы мекен. Кенттегі осындай ортаның бірі – С.Есқараев атындағы №27 орта мектебі. Педагогикалық ұжым 27 жылдан бері шәкірттерді біліммен сусындатып, өнегелі тәрбие беретін ізгіліктің ордасына айналып келеді.
Тарихы аса терең болмаса да, талай түлекті өмір жолына қанаттандырған қара шаңыраққа 1997 жылы жерлесіміз, республиканың тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайраткері Сүлеймен Есқараевтың есімі берілген. 1994 жылы «Жаңа типті мектеп жағдайында оқу мен тәрбие беру» бағытымен жұмыс бастаған мектепті «ҚР білім беру ісінің үздігі», математика пәнінің мұғалімі Дәмелі Жалғасбаева басқарып, оқу мен тәрбие ісін басты назарға алып, 2004 жылға дейін абыройлы қызмет етеді. Одан кейін бұл көшті 2004-2008 жылдары ұстаз, бүгінде әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжаухар Раева жалғастырып, білім саласына, мектептің дамуына айтарлықтай өз үлесін қосады. Ал 2008-2011 жылдары Забира Сүюбердиева басшылық етіп, бар қажыр-қайратын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнады. Бүгінде қара шаңыраққа білікті ұстаз Ақмарал Жарасова басшылық етуде.

– Мектепте 14 сынып комплектісімен 240 оқушы білім алуда. Барлық санитарлық талапқа бағынамыз. Себебі бала денсаулығы біздің ең үлкен байлығымыз. Мектеп өткен жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы уақытта заман талабына сай жабдықталған пән кабинеттерінің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Білім ордасының басты мақсаты – жан-жақты жетілген, білімді, саналы, еліне, жұртына адал қызмет ете алатын өрелі ұрпақ тәрбиелеу. Сондай-ақ, қашанда көк байрағымызды желбіретер, тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатып, мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиетін ұғынатын тұлға қалыптастыру, – дейді мектеп директоры Ақмарал Дәуренбекқызы.
Білім ордасында өрендердің сапалы білім алуына 38 мұғалім аянбай еңбек етуде. «Білікті ұстаз – білімді ұстаз» демекші, мұнда ұзақ жыл ұстаздық еткен тәжірибелі мамандар жетерлік. Олардың басым бөлігі білім саласындағы үздік жетістігімен танылғандар. Олар: Айткүл Ділдәбекова, Мархабат Өтепова, Бақтыгүл Тәженова, Роза Сейілова, Тоты Көшербаева, Ләйла Қожахметова, Дәмелі Жұмабекова. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша біліктілік курстарынан өткен 9 зерттеуші-педагог, 6 сарапшы-педагог, 10 педагог-модератор бар мектеп педагогтарының әрбірінің кәсіби өсу траекториясы жасалған.

Талай тағдырларды тоғыстырған білім ордасы біраз түлегін түлетіп, алтын ұядан жүздеген шәкірт өмір жолына жолдама алды. Осы уақыт аралығында мектеп түлектері биік белестерді бағындырған. Оған түрлі салада жетістікке жетіп, ел мақтанына айналып үлгергендерді қосыңыз. Олар – Жағыппар Тәжмаханов, Нұрлан Еламанов, Динара, Алтынай Жүсіповалар, Нұрбол Үсенов, Мақсат Исағабылов, Талғат Тоқсанбаев, Динара Абуева, Тұрарбек Көздібаев, Қуаныш Болатбеков, Меруерт Бекетаева, Жандос Самалбеков, Дәулет Мақсұтбеков. Мектеп ұжымы «біздің мақтан тұтар түлектеріміз» деп бұл жандардың есімін мақтанышпен атай жөнелді. «Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» деген осы болар бәлкім. Ұстазын ұлықтап, есімін ұмытпаған шәкірт секілді, ұстаздар да үлгілі шәкірттерін жүрек түбінде сақтайтынын аңғардық.
Иә, 27 жылдық тарихы бар №27 мектептің болашаққа деген бағыт-бағдары айқын, мақсаты берік. Сондықтан да мектеп ұстаздары Қазақстанның кемел келешегіне өзінің салмақты үлесін қосатын шәкірт тәрбиелеп, елімізді алға жетелейтін дарынды да талапты оқушыларға білім нәрін сусындатуды жалғастыра бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ