"Елге қызмет ету – парызым"
Қазақ даласына қара қылды қақ жарған әділдігімен, қиын жерде қисынын келтірер тапқырлығымен, қала берді ділмәр шешендігімен танымал болған Қазыбек би бабамыз "Алтын ұяң – Отан қымбат, туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат" дегенді бекерге айтқан жоқ. Сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, Қорқыт, Марал, Ер Сейітпенбет бабалардың мәңгілік мекеніне айналған құт қонған Қармақшының қасиетті атқа телінуі де тегіннен-тегін болмаса керек. Осындай терең шежіресімен, қатпарлы тарихымен дүниенің төрт бұрышына танылған киелі қоныстың өркендеп дамуында аға буын өкілдерінің қосқан үлесі аз емес. Туған жердің гүлденіп, заман ағымына сай сән түзеуінде атпал азаматтардың орны ерекше аталады. Отанды сүю, оған адал қызмет ету, жас ұрпаққа ұлағатты жол көрсетуде Ағаларымыздың еңбегі ерен. Сондай жанның бірі – ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарып, бүгінде уақыт ағымына сай кәсіпкерліктің тізгінін ұстаған "Құрмет" орденінің иегері, Қармақшы ауданы және Қызылорда қаласының құрметті азаматы Ырзақұл Нұртаев.
Ол 1960 жылы ауданға қарасты Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Жосалы кентіндегі №183 орта мектепті "Алтын медальға" бітірген соң Қазақ политехникалық институтынан "Тау-кен инженері" және Мәскеу экономика және статистика институтынан "Заңгер" мамандығы бойынша жоғары білім алады. Оның алғашқы еңбек жолы "Қазахвзрывпром" тресінің Алматы құрылыс басқармасында жерасты жұмыстарында ұңғушы болудан басталып, кейіннен Байқоңыр қаласындағы әскери бөлімінде, Мәскеу қаласының "Спецмашмонтаж" мекемесінде инженер, "Казтеплоизоляция" Ленинск тресінің шаруашылық есептеу учаскесінің бастығы қызметімен жалғасады. Мұнан соң біліктілігімен басшылықтың назарына іліккен Ы.Сәденұлы Төретам қыстақ әкімшілігінің басшысы, әкімі «Инфракос» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры лауазымына тағайындалады. Халықпен етене жұмыс істеуде мол тәжірибе жинақтаған іскер азамат облыстық мәслихаттың депутаты болыпта сайланады. Оның қызметтік жолы әрі қарай өсіп, Қармақшы ауданының әкімі, облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының бастығы, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, сондай-ақ облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарады.
Ырзақұл Сәденұлы 2017 жылдан бастап бүгінге дейін мақсары майын шығаратын "АВ Инвест Групп" ЖШС өндірісінің жетекшісі ретінде елге қызмет көрсетуде.
Бала күнінен білім мен ізденіске құмарлық қасиеті оған ата-анасы мен ұстаздарының тәлімінен дарығандай. Ырзақұл ағамыз жайында сөз қозғалғанда оның ата-анасы жайында айтпай кету мүмкін емес.
Әкесі – КСРО "Білім беру ісінің үздігі", "Ислам және Марал баба", "Дін кереметі" кітаптарының авторы Сәден Нұртайұлы болса, анасы Ақбалыш Жалғасова да сан шәкірттің жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз, тыл ардагері.
С.Нұртайұлы 1970 жылдары кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне арналған бағдарламаны алғашқылардың бірі болып меңгеріп, оны іске асырып, өзінің тәжірибесін баршаға таратқан ұстаз. Бұл еңбегі үшін кабинеттік оқу жүйесі жөніндегі іс-тәжірибесін көрсетуде алдымен ауданнан, сосын облыстан, одан кейін республика көлемінде І орын иеленіп, келер жылы I Жалпыодақтық «Үздік оқу әдістемесі және оқу құралы» сайысында жеңімпаз атанады. Талмай зерттеудің нәтижесінде КСРО Білім ағарту министрлігі жанындағы қазылар алқасының шешімімен министрдің орынбасары К.Ножко қол қойған Құрмет грамотасына лайық деп танылады. Ұстаздың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне арналған мақаласы Мәскеуде шығарылып, 3 миллион таралыммен одақтық «Наука и жизнь» журналында жарияланады. Бұл шын мәніндегі айтарлықтай жетістік болатын. Міне, осындай саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған әкесі Сәден Нұртайұлының есімі мен еңбектерін кейінгі жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте КСРО «Білім беру ісінің үздігі», білім саласының ардагері Сәден Нұртаев атындағы Сыр өңіріндегі цифрлық форматтағы алғашқы 2018 жылы облыстық, 2019 жылы республикалық деңгейде оқушылардың олимпиадасы өткізілді. Биыл да төртінші рет 19 мамырда ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ондағы алға қойған мақсат оқушылардың "Қазақстан тарихы" пәніне деген интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін айқындау, дарынды оқушыларды барынша қолдау мен жасөспірімдердің ғылымға қызығушылығын арттыру болып табылады.
Айта кетерлігі, Ы.Нұртаев 2018 жылы Ақжардағы №28 орта мектепте "Сәден Нұртайұлы атындағы тарих кабинетін" жасақтап, оны соңғы үлгідегі оқу құралдарымен, интерактивті тақтамен жабдықтап, балалардың заманауи үлгіде білім алуына септігін тигізуде.
Жастарымызды шыңдап шығуда қандай да болмасын білім, өнер, спорт бәсекесінің орны айрықша. Соның бір дәлелі – жуырда ғана аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйытқы болуымен өткен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және "Аналарды ардақтайық" жобасы аясында ұлағатты ұстаз, тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған облыстық онлайн жазба ақындар мүшәйрасы болатын. Талапкерлердің қанатын қатайтып, рухани тыныстауына мүмкіндік жасаған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері, меценат Ырзақұл Сәденұлы демеушілік жасаған еді. Бұдан бөлек Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында атпал азаматтың бастамасымен былтырдан бері қолға алынған "Аналарды ардақтайық" жобасымен "Анаға сәлем" атты аналар жайындағы бейнероликтердің аудандық онлайн байқауы өткізілді.
Ырзақұл Нұртаевты елден екшеп тұратын қыры – ұйымдастырушылық қабілетімен қоса жомарттығы. Оның елге, туған жерге деген ықыласы бүгін басталған дүние емес. Одақ ыдырап, халық басқаша өмір ағымына түскен тоқыраулы кезеңде туып өскен елінің жанашыры бола біліп, көптеген игілікті іс атқарды.
Соның бірқатарына тоқталып өтетін болсақ, ел ағасы бастаған қармақшылық азаматтар Германияның тәуелсіз кәсіподағынан аудан ауруханасына 39 тонна гуманитарлық көмек ретінде медицина жабдығын, құрал-сайманы мен дәрі-дәрмегін алып келді. 2006 жылы аудан әкімі болып тұрған кезінде өзінің тікелей қатысуымен ел тарихында тұңғыш мәрте мемлекетіміздің "Мәдени мұра" және "Өнер жылы" аясында Жыраулар үйінің тұсауы кесіліп, оған күміс көмей жырау К.Рүстембековтің есімі берілді. Оған қоса барлық ауылда жыраулар үйінің филиалын аштырып, жауһар өнердің дамуына зор үлесін қосты. Содан беріде өткен уақыт ішінде жыраулар үйіндегі қабырғалы істердің ұйытқысы әрі бастамашысы болып келеді.
Меценат республикалық "Қазақстан барысы" жобасының жүзеге асырушысы және қазіргі таңда облыстағы Қазақ күресі Федерациясының төрағасы. Спорт саласының оның ішінде қазақтың дәстүрлі спорт түрінен тұрақты демеушісі.
2004-2005 жылдары Алматы және қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында "Сыр сүлейлерінің ізімен" атты Сыр сүлейлерінің концертін ұйымдастырып, кең көлемде жыраулық өнердің насихатталуына атсалысты.
Жосалы кентіндегі мейірімділіктің символы болған "Ана мен бала" ескерткіші ағамыздың аудан әкімі болып қызмет атқарған уатында салынды. Аталған ескерткішке 2019 жылы күрделі жөндеу жүргізіп берді.
Айта кеткен жөн, Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған облыстық «Әз Тәукенің бас сарбазы – Текей батыр» атты іс-шара жоспарының шеңберінде ескерткіш орнату, мүшәйра, ғылыми-танымдық конференция, кітап, фильм шығаруға, дәстүрлі түрде өтетін Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы халықаралық самбо күресіне және Болатбек Сүлейменов атындағы дзюдодан республикалық ашық турнир сынды рухани, спорттық іс-шараларына демеушілік жасап, көмек көрсетеді.
2002-2003 жылдары Қуаңдария ауылдық округінен зәулім мектеп пен көрші Жалағаш ауданынан спорт сарайының бой көтеруіне үлесін қосты. Байқоңырда ұлттық айтыс өнерін өркендету бағытында да аянып қалып жатқан жоқ.
Құрметті азаматтың ұзақ жылғы еңбегі елеусіз емес. Атап айтқанда, "Құрмет" ордені мен «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалін кеудесіне тағынса, 2010 жылы Қармақшы ауданының, өткен жылы Қызылорда қаласының құрметті азаматы атағы берілген.
Ырзақұл Сәденұлы бұл күнде жары Аманкүл апаймен 2 ұл, 1 қыз өсіріп, немерелерін тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Балалары елге, қоғамға адал қызмет істеуде. Бірі – мемлекеттік қызметкер, бірі – дәрігер, енді бірі – бизнес саласында. Немерелері озат оқушылар, ән, сурет, би өнері бойынша халықаралық байқаулардың жеңімпазы.
Ырзақұл Сәденұлының ұстанымы – елге адал қызмет ету.
"Жастар басшылық қызметте мемлекеттік саясат пен жекеменшік саясатты шатастырып алмауы керек, менің қарапайым да көпшіл болып қалыптасуымда ата-анам мен ұстаздарымның еңбегі жатыр. Бұл жөнінен оларға риясыз алғысымды білдіремін. Ал кәсіпке келсем, басты мақсатым – Сыр елінің өнімдерін терең өңдеу арқылы жаңа экологиялық таза өнімдер шығарудың тың жолын іздестіру" дейді ол.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА