» » ҰБТ: Биыл не өзгерді?

ҰБТ: Биыл не өзгерді?



11 жылдық мектепті аяқтап, түрлі мамандықтың тізгінін ұстап, кәсіп иесі атануға асығатын жастың көбі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Үлкен өмірге жасалатын алғашқы қадам оқушы, ұстаз, ата-ана үшін де үлкен сын. Биылғы тестілеудің бұрынғыдан өзгешелігі мен артықшылығы, берер мүмкіндігіне тоқтала кетсек.
Биыл елімізде ҰБТ алғаш рет электронды форматта өтеді. Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін өтінішті https://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады. Тіркеу онлайн режимде жүргізілетіндіктен құжат пен фотосурет талап етілмейді. Үміткер сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунктін, тапсыру күні мен уақытын өзіне ыңғайлы етіп таңдай алады. Бұрын талапкерлерге ҰБТ кітапшасының қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілетін болса, енді үміткер тестті тек компьютер арқылы ғана тапсырады. Бұл формат ашықтықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ елдегі дәл қазіргі жағдайға тиімді болып отыр. Сонымен қатар ҰБТ қорытындысын шығарарда бұрын жауап парағы тиісті деңгейде боялмаса, ұпай санына әсер ететін. Электронды тестілеуде оқушы жауап парағын бояудың орнына кететін уақытты, тест тапсырмасын орындауға арнай алады. Бұл тестілеудің тағы бір артықшылығы – ҰБТ нәтижесін сарыла күтудің қажеті жоқ. Тест аяқталған сәтте жиналған ұпай саны экранға шығады. Сондай-ақ қатысушы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін де бірден көре алады. Нәтижемен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.
Осы жылдың тағы бір басты жаңалығы – ҰБТ-ны екі мәрте тапсыра алуында. Мұндай мүмкіндік бұрын болған емес. Мәселен, талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, бірнеше күннен кейін немесе мамыр, маусым айларында қайта тапсыру құқығына ие. Тек тестілеуге бір күнде екі рет қатысуға ғана тыйым салынған. Ал мемлекеттік білім беру грантының конкурсына қатысу үшін талапкер жоғары көрсеткішті сертификатты ұсына алады. Бұл үміткерлердің грант ұтып алу мүмкіндігін арттыра түспек.
ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан.
Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады. Қатысушылар тапсырмаларды кез келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тест аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады.
Сонымен бірге тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.
ҰБТ-ның электронды форматы «Бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидатымен ұйымдастырылады. Аудиториядағы көріністі бақылау үшін қойылған камерадан бөлек, әр үстелдің үстіне де бір камера қойылады. Бұл бөгде адамдарды болдырмау үшін ойластырылған дүние. Тестілеу барысында ереженің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды. Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және тағы да басқа тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылып, қатысушының нәтижесі жойылады.
Сынақ барысында барлық сани­тарлық-эпидемиологиялық талаптың сақталуы да басты назарда. Ол үшін барлық қатысушы талапқа сай дезинфекциялық кабинадан өтіп, қолдарын арнайы құралмен өңдейді. Аудиторияда отырғызу кезінде әлеу­меттік қашықтық сақталады. Бұрын баласы тест тапсырып жат­қанда ата-анасы мектеп ауласында сағаттап күтетін. Ал қазір санитарлық талаптарға сәйкес ұстаздар мен ата-аналарға ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады. Алайда олар тестілеудің қалай өтіп жатқанын аудиториядан бейнебайланыс арқылы еш қиындықсыз көре алады.
Ал өзгеріске толы электронды тестілеуге өңір түлектерінің дайындығы туралы білмекке аудандық білім бөлімінің мамандарына жүгіндік.
– Аудан бойынша 674 мектеп бітіруші бар. Олардың 85 проценті ҰБТ-ға қатысуға үміткер. Биыл тестілеуде оң өзгерістер мен өзгешеліктер көп. Осы жөнінде аудандық білім бөлімі тарапынан ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, психологиялық тренингтер, семинарлар ұйымдастырылды. Бітірушілердің тестілеуге дайындығы жоғары деңгейде, әрі үнемі бақылауда. Аудан орталығындағы Ustudy тестілеу орталығында бірнеше рет сынақ жұмыстары жүргізілді, – дейді ау­дандық білім бөлімінің бас маманы Нәзен Бахадүрова.
Сәтті нәтижеге үміт артып отырған әрбір түлектің жеңіс шыңынан көрінуі ұстаз, ата-ана, мектеп, тіпті аудан үшін үлкен мәртебе. Сыннан сүрінбей өтейік.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
13 сәуір 2021 ж. 425 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 444

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 518

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031