» » Дін – татулық пен тұрақтылықтың тірегі

Дін – татулық пен тұрақтылықтың тірегі


Жер бетінде Ислам әлемі мойындаған жүйелі төрт мәзхаб бар. Соның ішінде ата-бабамыз сан ғасырлар бойы ұстанып келген имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабы бізге ерекше таныс. Себебі, бұл біздің өмір салтымызбен, бойымыздағы қанымызбен біте қайнасып, ұлттық мәдениетімізбен тұтасып кеткен бағыт. Дегенмен ғасырлар бойы ата-бабамыз қалыптастырып берік ұстанған діннен теріс айналып жаңылғандар мен адасқандар қатары көбейді. Сирияда жүрген жиһадшылар соның бір дәлелі. Жалпы жат ағымдар қалай пайда болды? Ислам діні қазақ жеріне қалай келді? Осыны саралап көрелік.

ЕЛІМІЗДЕ ДІН ҚАЛАЙ ТАРАДЫ?
Ислам жыл санауы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көшуімен байланысты. Яғни 623 жылдан бастап ислам жыл санауы басталды. Бертін келе VII ғасырдың соңында ислам дінін таратушы Қожалар келеді. Оған тарихи орындар куә. Еліміздің оңтүстігіне қоныстанған Үкаша ата сахабамыз осы ең алғаш ислам дінін уағыздаушы. Ал исламның түбегейлі орнығуына VIII ғасырдың ортасында Тараз қаласының түбіндегі араб әскері мен қытай басқыншылары арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Қытай әскері жеңіліп, Жетісу мен Шығыс Түркістан азат етілді. Жалпы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырға созылған. Х ғасырдың аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың бас­ты дініне айналды. Мешіттер, медреселер, қалалар бой көтерді. Қарахан мемлекеті ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдаған алғашқы мемлекет болып саналды. Осылайша тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз, ізгілік пен мейірімділік негізінде бейбіт жолмен таралды. Жалпы ислам діні жер бетіне қылышпен тарамаған. Тарихтың өзінде ислам жорығы деген жоқ.

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ
ҚҰРЫЛУЫНДАҒЫ ИСЛАМНЫҢ РӨЛІ
Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары өздерінің шариғатқа жүгінетіндерін айтып кеткен. Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды. Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген. Бұл заңдар мемлекеттің ислам дінін қолдауын мо­йындайды. Мысалға «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалау қажет» деген секілді қатаң заңдары болды. Ислам діні дала әдет-ғұрпының басым бөлігін қабылдауына байланысты, әдет-ғұрып пен шариғаттың ара-жігін айыру қиын екені белгілі, мұндай байланысты «Жеті Жарғыдан» байқауға болады.

КЕҢЕС КЕЗІНДЕГІ ЖАҒДАЙ
ҚАЛАЙ ЕДІ?
Қазақ жері патшалық Ресейдің боданына айналған тұста патша үкіметі ислам дінінің толыққанды дамуына барынша кедергілер жасады. Жергілікті халықты шоқындыру мақсатын көздеген олар, қазақ-орыс мектептерін ашты. Яғни мектептерде жат діни сабақтар өткізілді. Патша үкіметі ислам дінінің дамуына мүдделік танытпай, керісінше барынша шектеуге тырысты. Халықты шоқындыру бағытында ашық іс-әрекеттер жасады. Алайда ата-баба дінін берік ұстанған қазақ халқы дінін жоғалтпай, ұрпаққа жеткізе білді. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Түркістан қаласында 20-ға жуық мешіт, 2 медресе болған. Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе аймағында 200-дей, Жетісу өлкесінде 269, Бөкей хандығында 78 мешіт жұмысын тоқтатпаған. Кейін ХХ ғасырдың бас кезінде болған төңкерістер патшалық Ресейдің қол астындағы халықтардың діни сенім бостандықтарына жеңілдік жасауына жол ашты. 1906 жылы Алматы қаласында Жетісу мұсылмандарының құрылтайы өтті. Кеңес өкіметі орнаған соң діни басқарма 1918 жылы таратылды. ХХ ғасырдың басында ашылған Жетісудағы Мамания, Қызылордадағы Қалжан, Тараздағы Әбдіқадір медреселері бұл қазақ топырағындағы ислам ілімі мен мәдениетінің ошағы болды. 1943 жылы Ташкент қаласында өткізілген Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының құрылтайында Діни басқарма құрылды. Осылайша Қазақстанда Діни басқарманың аймақтағы өкілі қызметін қази атқаратын болды. Әрине Кеңестік, атейстік жүйеде оның бергі жағында күнің өзгеге қараған тұста діннің дамуы өте бәсең болды.

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫНДАҒЫ
ДІННІҢ ЖАҢҒЫРУЫ
1990 жылы 12 қаңтарда Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандарының І құ­рылтайында Қазақстан мұсыл­ман­дарының Діни басқармасы Орта Азиядағы Діни басқармасынан бөлініп шығып, өз алдына дербес муфтият болып құрылды. Бұл тұрғыда мешіт имамдары елдің саяси тәуелсіздігі діни тәуелсіздіктен бастау алғанын айтады.
– Сол уақытта Қазақстан жетпіс жылдан астам уақыт Кеңестік жүйеде өмір сүргендіктен дінмен зайырлық ұстанымы ұмыт болып, сол уақыттағы халық қалаулыларының дінге қатысты заң қабылдау тәжірибесі мүлдем болмаған. Кеңес үкіметінің тұсындағы заңды қазақшалап сәл өзгерткендей болып, қайтадан дәл сол күйінде қалдырады. Соның нәтижесінде кейіннен 1992 жылы «Діни сенім. Дін бостандығы және діни бірлестік» туралы заң қабылданады. Қабылданған заңның қатты бір талап ететін, бір орталыққа бағындыратын немесе нақты бір жалған діни ағымдарға тосқауыл қоятындай құзіреті болмады. Осыдан кейін жаңбырдан соң саңырауқұлақша қаптаған өзге дәстүрлі дінге бұрмалайтын секталар құрылды, – дейді аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы.
Жат ағымдар ислам дінін де айналып өтпеді. Солардың бірі – Хизбут Тахрир ұйымы, кейіннен заңмен тыйым салған Таблих жамағат тобы, уахабилер, сәләфи ағымдар елде еркін жұмыс жасады. Оның бергі жағында халықта діни иммунитет пайда болмаған соң діннен ажырап қалғандар біреу дін туралы айтып жатса, «осы дұрыс жол екен» деп адасып кеткендер көптеп кездесті. Шынтуайтына келгенде жат ағымдар ислам дінінің негізгі дұшпанына айналды. Кеңес өкіметінің уақытында жат ағымдар болмаған. Өйткені дінге деген дұшпандықты Кеңес өкіметінің өзі жасап жатты дейді ғалымдар. Бұл ағымдар дін дами бастағанда яғни мешіттер көбейгенде діннің дамуына тосқауыл қою мақсатында пайда болған. Уахабилік ағым осылайша үдей түскен тұста 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданып, жат ағымдардың еркін жұмыс істеуіне шектеу қойды. Сарапшылар жат ағымдардың бой алып, халыққа тарауының себебі – діни тәрбиенің жалғастығы болмауынан деп топшылайды. Яғни медреселер аз болғандықтан осындай келеңсіздікке жол берілгенін айтады.

СИРИЯДАҒЫ СЕРГЕЛДЕҢ
Жат ниетті ағым, қарапайым халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан діннен үркітіп-шошыту арқылы қаншама айла-шараларын жасап әлек. Исламның атын жамылған ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта үгіт жасау­да. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Әбу Ханифа мәзхабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндердің әрекеті байқалады. Ал сондай жатпиғылды ағымдардың шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал болып жүр.
Қазіргі таңда радикалды яғни теріс пиғылды ағымдардың шоғырланған жері Таяу Шығыс. Мұны Сирия қақтығысынан бәрі біледі. Сириядағы өздерін Ислам мемлекеті деп жариялап отырған ИШИМ-нің әрекетімен әрбір жасөспірім таныс деуге болады. Өкінішке қарай, бұлай деп айтуымызға да себеп көп. Қазір ХХІ ғасыр техника мен интернеттің дамыған заманы. Осы ретте әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан қаншама видео-мәліметтерді бүгінгі өскелең ұрпақ естіп, көріп жатыр. Дәл осы идеяның басы-қасында тұрған адамдар қаншалықты бұл мәселеге діни көзқараспен қарайды? Олар діни радикализмді шынымен-ақ діннің тазасы осы деп сеніп жүргендер. Ең қорқыныштысы сол дұрыс ақпаратқа қол жеткізе алмай, адасқан осы топ ішінде жүр. Бұл топта жүргендер сенгіш әрі алданғыш. Олардың басым көпшілігі жастардан құралған. Олар тура бағытта келеміз, дұрысы осы деп санасына сіңдіріп алғандар. Тіпті жихад ұғымына кіріп, қан төгіп, өз бауырын өлтірсе де бұл дұрыс деп ойлайды. Ал, шын мәнінде адасушылық екенін сезбей қалып жатады.
Өткен жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ұйым­дас­­­тырылған «Жусан» опера­циясының ар­қасында бірқатар қандас­тарымыз Си­рия елінен аман-есен қайтарылды. Қазақ азаматтары мұндай ойсыз қа­дамға террористердің теріс, жалған үгіт-насихатының ықпалымен бар­ғанын айтса, әйелдер жағы еліміздегі бей­біт­шіліктің, мамыражай тіршіліктің қадірін уақытында түсінбегендігін жет­кізіп, жат ағымның жетегіне ермеуді насихаттады.

Түйін
Сараптамадан ислам дінінің қазақ жеріне келуі мен кең етек қанат жаюы бір қиын кезеңдерден өткенін байқаған боларсыз. Әлі де жат ағымдардың жағадан жармасқан тұстары бүгінде басылмай келеді. Азаматтардың діни сауатын ашу арқылы, оларды түрлі ағымның ықпалынан қорғау – бүгінгі күннің басты талабы.
Ерсін ӘЛІБАЙ
10 сәуір 2021 ж. 496 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 442

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 516

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031