Жаңа Экологиялық кодекс: «Ластаушы төлейді және түзетеді»
Жаңа Экологиялық кодекс нормаларын түсіндіруге байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен Ақтөбеде өткен жиында өңірдегі өзекті экологиялық мәселелер қозғалды.
Кодекс жаңа технология енгізуді міндеттейді
Қоғамдық ұйым өкілдері Шалқар көлін тазарту мен Көкжиде тұщы су қоры бассейнін сақтап қалуды, Ақтөбедегі атмосфералық ауа сапасын жақсартуды, ауа ластаушы кәсіпорындардың экономикалық қызметін шұғыл реттеуді күн тәртібіне қойды. Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, өңірдегі ірі кәсіпорындар басшылары, мәслихат депутаттары, тәуелсіз экологтер мен қоғам белсенділері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қаңтарда қол қойған жаңа Экологиялық кодексте шикізат өндірші компаниялар мен ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғаудағы міндеттері нақтыланған. «1950-1960 жылдары іске қосылған ірі кәсіпорындарға озық қолжетімді технологияны енгізу міндеттеліп, олардың қоршаған ортаға келтірген зиянды әрекет-
тері үшін жауапкершілікті қатаңдату қарастырылған.
Басқаша айтқанда, бұрынғы заң жобасы бойынша ластаушы кәсіпорындар табиғатқа келтірілген залалдарын айыппұл арқылы өтеп, одан кейін де бүлдіре беретін болса, жаңа Кодекс талаптары бойынша айыппұл төлемдері тым қымбатқа түсетіндіктен өндіріске жаңа технологияларды енгізуге мәжбүр болады», деді жаңа Кодекстің мақсаты мен міндеттері жөнінде ведомство басшысы М.Мырзағалиев.
Министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов осы құжаттың «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатына егжей-тегжейлі тоқталды.
Мұнда табиғатты бүлдіруші ірі кәсіпорындардың ең озық қолжетімді технологияларды енгізуі, табиғат қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты түрде жұмсау, үздік халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру, оның ішінде waste to Energy енгізу жолдары нақтыланған.
Аймақтағы күрделі мәселелер
Өңір басшысы О.Оразалин жаңа Экологиялық кодекс нормаларына сәйкес шешілуі тиіс күрделі мәселелер табиғат жанашырларымен бірлесе талдап-сараптау негізінде әзірленгенін хабарлады. Ақтөбеліктерді алаңдатқан негізгі мәселелер: «тарихи өндірістік қалдықтарды» жою, қала төңірегінде бей-берекетсіз жиналған қатты тұрмыстық қалдықтардан арылу, Елек өзенін тазарту, қала аумағындағы жасыл желек белдеуін қорғау және көбейту. Ең күрделі мәселе – Ақтөбе қаласының атмосфералық ауа сапасын жақсарту. Ауадағы күкірт диоксиді мен формальдегид мөлшерін тым өсіріп, облыс орталығын еліміздегі ең ауасы лас қалалардың «қара тізіміне» енгізген негізгі ластаушылар – «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» мен Хром қосындылары зауыты.
Қала әкімі Асхат Шахаровтың хабарлауынша, қала экологиясын жақсарту үшін кәріз тазарту қондырғыларын жаңартып, қоқыстан арылтып, жағымсыз иісті жойып, жасыл желектерді көбейту керек. Биыл қаладағы кәріз сулары жиналатын негізгі тазарту бекетіндегі зиянды шөгінділер микробиологиялық әдіспен тазартылады. Оған қалалық бюджеттен 225 млн теңге бөлінді. Жыл сайын аптап ыстықта ескі қоқыс полигоны мен спирт қалдықтары төгілетін аумақтан қалаға жағымсыз иіс таралады. Қаладағы арақ-шарап зауыттары спирт қалдықтарын қала шетіндегі 30 гектар аумаққа төгеді. Бидай қалдықтары араласып сасып жатқан «спирт көлін» тазартуға қалдық иелері де мүдделі емес. Енді қала басшысы осы зауыттардың «салық базасына қосатын үлесі қомақты болғандықтан» қалдық көлдің аумағын кеңейту үшін қосымша 5 га жер телімін беруге дайын.
Қалада қоқыс көп. Ақтөбеде 4 компания күніне 400-450 тоннадан шығарса да қоқыс азаяр емес. Өйткені арнаулы көлік жетіспейді. Оның үстіне, қала тұрғындарының 40%-ы осы қызмет үшін ақы төлеуге асығар емес. 3500 қоқыс контейнері жетіспегендіктен, қала бюджетінен қосымша 950 металл контейнер сатып алуға қаржы бөлінді. Былтыр 124 га аумақтан 419 бей-берекетсіз қоқыс алаңы тазартылды. Қаладағы барлық жасыл желектің ортақ мәлімет базасын жасау үшін сквер мен саябақтағы, қала шетіндегі жасыл желек қоры түгенделеді. Былтыр қалалық тұрғын үй шаруашылығы мекемесі ағаштар мен бұтаның 55 түрін тізімге енгізді. Көгалдандыру жұмыстары жер қарайған соң басталады. Биыл 250 мың гектарға көк шөп, ағаш пен бұта көшеттері, 45 мың гектарға гүлдер егіледі. Қаланы көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын мекемелермен 3 жылға келісімшарт жасасады. Жеке серіктестіктер жасыл желекті отырғызып қана қоймай, жаз бойы күтіп-баптауға міндетті. Қала бюджетінен қаржы үнемдеу үшін 25 мың гектарға көпжылдық гүлдер егіледі. Елек өзенін тазарту жұмыстарының техникалық негіздемесін «Қазсушар» РМК Ақтөбе облыстық филиалы дайындап бере алмай отыр. Өйткені Ақтөбеде тәжірибелі гидролог мамандар жоқ.
Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Евгений Лазарчук аса қауіпті қалдықтарды, соның ішінде медициналық қалдықтарды қаланың әр жеріне бей-берекетсіз тастағандарды анықтау мақсатында жүргізілген рейд қорытындысын баяндады. Өкінішке қарай, тұрғындардың арасында қорасынан шыққан қоқыстарын кез келген қалтарысқа төге салатын мәдениетсіздер өте көп. Табиғатты бүлдірушілерді тек үлкен көлемдегі айыппұлдармен ғана тоқтатуға болады. Ол үшін табиғат қорғаушы полицейлер штатын көбейтуді ұсынды депутат. Қазір Ақтөбе қаласында табиғат қорғаушы полицей штаты екі бірлік қана. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандары да техникалық лас сулар мен зиянды қалдықтарды ортаға кәріз желісіне ағызып бүлдіруден қалыспай отыр. Кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жарияланғандықтан, олардың санитарлық талаптарды орындап, техникалық судағы зиянды шығарындылар мөлшерін шектік деңгейден асырмауын бақылау мүмкін емес.
14 млн тонна хром қалдығы жатыр
Ақтөбе қаласының атмосфералық ауа сапасын негізгі ластаушылар – «Қазхром» АҚ-на қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе хром қосындылары зауыты. Енді жаңа Экологиялық кодекске сәйкес осы зауыттар озық қолжетімді технологияларды енгізу бағдарламасын қабылдап, зиянды шығарындылар көлемін азайтуы тиіс. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі былтыр Ақтөбеге келген сапарында кәсіпорын басшылығына осы талаптарды орындауды міндеттеген. «Қазхром» АҚ президенті Арман Есенжолов Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауыты зиянды шығарындыларын жылына
8 мың тоннаға, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты 3,8 мың тоннаға азайту мақсатындағы жұмыстарын баяндады. 2030 жылға дейін «Қазхром» компаниясына қарасты барлық кәсіпорын жаңа технологиямен қайта жарақтандырылып, нәтижесінде ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшерін 40%-ға азайтпақ. Министр М.Мырзағалиев 1943 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ашылған кезеңнен бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан №1, №2 балқыту цехтарының газ тазарту қондырғыларын қайта жарақтандыру жобасын сұрады. Компания президентінің хабарлауынша, №1 цехқа ауа-газ қоспасын реттейтін төменгі зонттағы пештер орнатылып, №2 цехтың газ тазарту қондырғылары электр тогына ауыстырылады. Цехтардың ескі пештері жаңартылғаннан кейін зауыт мұржаларынан ауаға таралатын зиянды заттар мөлшері 2023 жылдың басында 35%-ға азаяды деп сендірді А.Есенжолов.
Сонымен қатар осы компания меншігінде 1991 жылдан бері жиналған 14 млн тонна хром өндірісінің қалдығы бар. Оған Хромтау қаласының іргесінде 1973 жылдан бастап тау болып үйілген 4,5 млн тонна кен байыту өндірісінің қалдығы тағы қосылады. Өткен жылдан бастап хром компаниясы қалдықтарын қайта өңдеу арқылы алты валентті, үш валентті хром қалдықтарынан біртіндеп арылу жұмыстарын бастады. 2019 жылы 50 мың, 2020 жылы 100 мың тонна қалдық қайта өңдеуге шығарылды. 2021 жылы 150 тоннасы өңделеді.
«Былтыр компания басшылығымен кездескенде осы зауыттың №1 балқыту цехына газ тазарту қондырғысын салуды ұсыныс еткенбіз. Бұл жолғы сапарымызда кәсіпорын басшылығының табиғат қорғау шараларын жеделдетіп, зауытта ауаға таралатын зиянды заттарды жібермейтін сүзгіштер орнатуды бастағанын көрдік. Ақтөбеліктер қайта өңдеу мақсатында компаниядан қалдықтарды алып, бірақ міндеттерін орындамаған үш серіктестіктің қызметіне шағымданып отыр. Олар өз міндеттерін әлі күнге дейін орындамаса, «Қазхром» АҚ-ы қалдықтарын қайтып алсын», деген талап қойды министр. Оған «Екі серіктестіктің меншігіндегі қалдықтарды қайта тасып алдық. Үшіншісі кері алып кетуімізге қарсы, «өңдейміз» деп отыр. Қайта өңдей алса, онда мәселе жоқ. Ал кідіртетін болса, кері алып кетеміз», деп жауап берді А.Есенжолов.
Шалқар көлін қалпына келтіру мен Көкжидеден айырылу
Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысы Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов министрліктің Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстарын қолдағанына ризашылығын білдірді. Ендігі мәселе Мұғалжар ауданындағы мұнай кен орны аумағында қалған Көкжиде тұщы су қорының сақталуы. Қазір 84 мың гектар аумақтағы сапалы тұщы су қорының 45 мың гектары ғана қалды, жартысын мұнай компаниялары ластап тастады. Бұл жерден «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС-і мұнай өндіреді. «Көкжиде – құм, табиғи сүзгіш. Мұнда қыста түскен қардың 90 пайызы бірден еріп, топырақққа тез сіңеді. Сол сияқты жазғы, күзгі, көктемгі жауынның 97 пайызы да тез сіңетін қасиеті бар. Мұнай компанияларының жыртқыштық әрекетінен еліміздің батыс облыстарын тұщы сумен қамтамасыз етуге қуаты молынан жететін Көкжиде су бассейнінің 45 мың гектары ғана қалды. Көкжидеден айрылсақ, техногендік апатқа тап боламыз», деді І.Көбенов.
«Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақылжан Телеуов еліміздің қауіпсіз технологияны қолдану мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға көше бастауы алға басу деп бағалады. Өңірлерде барлық экологиялық мәліметтер топтастырылған ақпараттық платформа керек. Осы картаға жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қатысты барлық дерек жинақталса, өңірдің экологиялық ахуалына қатысты ғылыми база қалыптасады деген пікір айтты. Қоршаған ортаға әсері бар кәсіпорындар мәліметі жинақталған ортақ ақпараттық ресурс автоматтандырылған мониторинг жүргізу жолымен экологиялық нормаларды бұзғандарды бақылауға мүмкіндік береді деген пікірде.
400 млн жыл бұрынғы ежелгі жанартау орны
А.Телеуов инженер-геолог Владимир Юриштың Мұғалжар тауында ерекше қорғалатын аумақ жасау туралы өтінішін жеткізді. Ұзақ жылдар бойы осы өңірде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген Қазақстанның құрметті геологі, РФ Урал минералды ғылымдар академиясының академигі, 90 жастағы ресейлік ғалымның аманаты мынау: «Мұғалжар ежелгі шөккен тау ғана емес, 400 млн жыл бұрынғы ашық вулкан орнын сақтап қалған киелі жер». Академик ежелгі вулкан орны – Боқтыбай шоқыларының қиыршық тас өндіретін аумаққа айналып кеткеніне ерекше алаңдайды. Ведомство басшысы М.Мырзағалиев: «Рас, өңірде шешімін таппаған мәселелер көп. Шалқар көлін қалпына келтіру жөніндегі облыс әкімі Оңдасын Орзалиннің бастамасын біз қолдадық. Өйткені бұл тек Ақтөбе облысы тұрғындары үшін емес, бүкіл елге керек жоба. Шалқар – ерекше көл. Көкжидені дұрыс көтердіңіз. Ол да өз шешімін тауып жатыр. 2019 жылдан бері Көкжиде су кен орнының балансын зерттеуге кірістік. Қазіргі уақытта мұнай ұңғылары тексеріліп жатыр. Осы жылдың соңында зерттеу жұмыстарын аяқтаймыз. Алдағы уақытта Көкжиде су қоры аумағын кен орнының балансынан алу керек», деп қорытындылады.
Министр қоршаған ортаны қорғаудағы белсенділіктері үшін өңір тұрғындарына алғысын білдіріп, жиынды қорытындылады.